4 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль – мектеп оқушылары арасындағы 2025 жылғы әлем чемпионатында Қазақстанның жас шахматшылары осындай жүлдеге қол жеткізді. Абдул-Мәлік Қайрат, Алиша Бисалиева, Әлімжан Жауынбай және Артём Богданов Сербияда өткен жарыста чемпион атанды.
20-28 наурызда Врнячка-Баня қаласында (Сербия) шахматтан мектеп оқушылары арасындағы 2025 жылғы Әлем чемпионаты (FIDE World School Chess Championships 2025) өтті.
Zepter Hotel Vrnjacka Banja қонақ үйінің конференц-залында 44 елден келген 470 қатысушы, соның ішінде балалар-жасөспірімдер құрамасының бас жаттықтырушысы, гроссмейстер Евгений Владимировтың «қарауымен» Қазақстанның 40 жас шахматшысы 9 күн бойы бақ сынасты. Осы орайда швейцариялық жүйе бойынша 90+30 классикалық уақыт бақылауы жасалатын (бір партияға 90 минут беріліп, әр жасалған жүріс үшін біріншіден бастап 30 секунд қосылады), 9 турдан тұратын аса қиын жолды еш мүдірмей еңсеру бәрінің қолынан келе бермейтіні анық.
Қазақстан шахматшыларының арасында бірінші болып астаналық 7 жасар Абдул-Мәлік Қайрат 2025 жылғы әлем чемпионы атанды – оның чемпион болатыны мерзімінен бұрын, мәреге бір тур қалғанда анық еді. Соған қарамастан, ол соңғы турда да жеңіске жетуді мақсат қойып, ақырында 9 партияның бәрінде де жеңімпаз атанды!
Ал оның жерлесі Алиша Бисалиеваның (9 жасқа дейінгілер санаты) соңғы турда міндетті түрде жеңіске жетуі керек еді: осы жағдайда ғана оның моңғол ойыншысы Шагдарсурен Уранзаяның қандай нәтижеге жететініне еш алаңдамауына болатын, өйткені олардың жеке кездесуінде Алиша басым түскен. Сонымен, біздің шахматшы қызымыз жеңіске жетті!
Соңғы турға дейін жеке-дара көш бастаған астаналық Әлімжан Жауынбай (11 жасқа дейінгілер) мен алматылық Артём Богдановтың (17 жасқа дейінгілер) қосымша көрсеткіш – жеке кездесу нәтижелері мен қысқартылған Бухгольц коэффициентінің өздерін өкшелеп келе жатқан қарсыластарына қарағанда жақсырақ болуының арқасында партияны тең ойынмен аяқтауына да болатын. Ендеше екеуі де дегеніне жетті. Әлімжан қарсыласына күш позициясы тұрғысынан партияны тең ойынмен аяқтауды ұсынды. Ал 14 жасар Артём өзінен жасы әлдеқайда үлкен қарсыластарын басып озды!
Қызу тартыста тамаша ойын көрсеткен Түркістан облысының шахматшысы Нұрислам Сұлтанхан (9 жасқа дейінгілер), Ақтөбе облысынан келген Ханзада Аманжол (13 жасқа дейінгілер) және Астанаға өкілдік еткен Мәлика Жаппарбекова (15 жасқа дейінгілер) күміс жүлдегер атанса, алматылық Нұрмұхаммед Қабиназар (15 жасқа дейінгілер) қола жүлдені жеңіп алды.
4 алтын медаль алған Қазақстанның командалық есепте де көш бастағаны қисынды. Өзбекстандық көршілеріміздің еншісінде 3 алтын медаль болса, 2 алтын, 1 күміс медаль алған Моңғолия 3-ші орынға жайғасты.
U7: 1. Абдул-Мәлік Қайрат (1601) – 9 ұпай; 2. Ом Еш Готтумукала (Үндістан, 1413) – 7½; 3. Оскар Фатхлисламов (FID, 1426) – 6½.
G7: 1. Прагника Вака Лакшми (Үндістан, 1437) – 9 ұпай; 2. Мохинур Азамхуджаева (Өзбекстан, 0) – 7; 3. Вера Цзиньтянь Ксю (Жаңа Зеландия, 0) – 7.
U9: 1. Нурмухаммад Нематиллахонов (Өзбекстан, 1767) – 7½ ұпай; 2. Нұрислам Сұлтанхан (1649) – 7; 3. Фёдор Бондарев (FID, 1598) – 7.
G9: 1. Алиша Бисалиева (1599) – 8 ұпай; 2. Шагдарсурен Уранзая (Моңғолия, 1530) – 8; 3. Мадинабону Азатова (Өзбекстан, 1525) – 7½.
U11: 1. Әлімжан Жауынбай (1927) – 7 ұпай; 2. Леонид Иванович (Сербия, 2015) – 7; 3. CM Али Пойраз Уздемир (Түркия, 2184) – 6½.
G11: 1. WCM Чинзориг Нандинжигуур (Моңғолия, 1770) – 8 ұпай; 2. WCM Диви Биджеш (Үндістан, 1827) – 8; 3. Дорждерем Мунх-Аялгуу (Моңғолия, 1689) – 6½.
U13: 1. FM Матфей Юрасов (FID, 2271) – 7½ ұпай; 2. Билолиддин Обидов (Өзбекстан, 2020) – 7; 3. Мирослав Батурин-Виноградов (FID, 1912) – 7.
G13: 1. Сарвиноз Бегмуратова (Өзбекстан, 1808) – 7½ ұпай; 2. WFM Ханзада Аманжол (1908) – 6½; 3. София Гаер (FID, 1733) – 6½.
U15: 1. FM Глеб Щеглов (FID, 2306) – 8 ұпай; 2. Эрекле Табатадзе (Грузия, 2180) – 7; 3. Нұрмұхаммед Қабиназар (2057) – 7.
G15: 1. WFM Нилуфархон Имомкузиева (Өзбекстан, 1983) – 7 ұпай; 2. Мәлика Жаппарбекова (1878) – 6½; 3. WFM Льеннис Феррер Наранхо (Куба, 1950) – 6.
O17: 1. FM Артём Богданов (2373) – 7 ұпай; 2. Андрей Лепич (Сербия, 2337) – 7; 3. Хондамир Эльмирзаев (Өзбекстан, 2036) – 6½.
G17: 1. WCM Батпелден Буянхишиг (Моңғолия, 1907) – 7½ ұпай; 2. WFM Анастасия Киртадзе (Грузия, 2180) – 7; 3. Эсанди М Ньюанса (Шри-Ланка, 1801) – 6.
2024 жылы мектеп оқушылары арасындағы әлем чемпионаты Перу астанасы Лимада өтті. Сол жолы қашықта жатқан Оңтүстік Америка елінен Қазақстанның төрт шахматшысының екеуі жүлдемен оралды: астаналық Айару Алтынбек 13 жасқа дейінгілер санатында алтын медаль алса, Қостанай ойыншысы Иман Нәбиев (О9) қола жүлдеге ие болды.