Павлодар облысы Баянауыл ауданының орталығында 24 пәтерлі үй бос қалды, деп хабарлайды 24KZ. Электр қуатымен жылытылатын баспананың жылу жүйесі солтүстік өңірге төтеп бере алмаған. Суықтан қорғану үшін қосымша электр пештерін пайдаланған тұрғындардың қыстағы коммуналдық төлемі 100 мың теңгеден асып кетті. Осындай шығынды көтере алмағандардың дені көшіп кеткен. Қазір мұнда небәрі алты отбасы тұрып жатыр.
Бұл үйдің іргетасы осыдан алты жыл бұрын қаланды. Жаңа үйге көпбалалы отбасылар, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар мен бюджеттік сала қызметкерлері қоныстанды. Үш баланың әкесі Виктор Лупанчук мүгедектігі бар анасымен бірге тұрады. «Үйдің сырты әдемі болғанымен, іші жайсыз», – дейді ол.
Виктор Лупанчук, Баянауыл тұрғыны:
- Мында су жоқ, жарық жоқ. Суық мына үйде, аяғым тоңып жатыр ғой. Электр батареяларды қосты, қымбат шығып тұр. Бәрі кетіп қалды. Ешкім тұрмай жатыр. Қазір мында алты отбасы тұрып жатыр.
Тұрғындардың айтуынша, үйдің қабырғалары да жұқа. Қыста қырау басып, көгеріп кетеді. Соның кесірінен тұсқағаз түсіп, жыл сайын жөндеу жүргізуге тура келеді. Бұл артық шығын. Бір бөлмеде тұратын Ғанибет Мәди жолдасының табысы коммуналдық төлемнен артылмайтынын айтады.
Ғанибет Мәди, Баянауыл тұрғыны:
- Біз кей кезде ауылдан болсын, қай жақта жер үй бар, бос үй бар, соған барып, ай сайын төлеп, өзіміз тұрамыз. Жолдасым өзі жұмыс істеп жатқан жерінен алған үй. Қыста деген 107 мың, 108 мың, 80 мың келеді, енді тұрып жатқаннан кейін басқа амал жоқ. Төлейміз.
Тұрғындар бұл мәселені бірнеше рет көтергенімен, нақты шешім әлі қабылданбаған. Аудан әкімдігі үйдің техникалық жағдайына сараптама жасап, жылу жүйесін жаңарту жұмыстарын қолға алғанын айтады.
Ардақ Кісентаев, Баянауыл ауданының әкімі:
- Айналысып жатқаныма екі жыл болды. Былтыр біз анау кірпіштің ішінен арнайы пенамен жылу бердік. Бірақ жаңағы жылу жүйесі электр жүйесімен болған соң оның халыққа қатты көмегі тиеді деп айтуға болмайды. Бірақ биылғы жылы соның жылу жүйесін мынау қазандықпен жұмыс істейтіндей, қатты отынмен жұмыс істейтіндей етіп көшіру бойынша жұмыс жасап жатырмыз.
Аталған мәселені шешу үшін жергілікті бюджеттен 10 миллионнан астам теңге бөлінбек. «Жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң бос тұрған пәтерлерге тұрғындар қайта оралады», – дейді аудан әкімі.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков