Абай облысы Ақсуат ауылында 300 орындық жаңа мектеп бой көтереді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Аймақ басшысы Берік Уәли Ақсуат ауданына жұмыс сапары барысында елдімекеннің ақсақалдарымен бірге жаңа мектептің құрылыс алаңын көрді. Жаңа білім ордасы былтыр басталып, тоқтап қалған мектептің құрылысының орнына салынады. Мектеп толық іске қосылғанда ауданның білім саласының инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарады. Қазір Ақсуат ауданында 3956 оқушы білім алатын 19 мектеп жұмыс істейді.
Әкімдік ақпаратынша, аудан орталығында екі мектеп бар. Екі білім ордасының оқушылары екі ауысыммен білім алуда. Ауыл ақсақалдары аудан орталығында үшінші мектептің салынатынына ризашылықтарын жеткізді.
Барша ауыл халқының атынан сізге алғыс айтамыз. Бұл мектептің салынуын көптен бері күтіп жүр едік. Ауылға үшінші мектеп бұрыннан керек еді. Оқушылардың қиналып жүргені рас. Өте жақсы болды, — деді Ақсуат ауылының тұрғыны Болат Оразғалиев.
Ақсуат ауылдық қоғамдастығының төрағасы Сәбит Жәлелбеков аудан орталығын дамыту бағытындағы жұмыстарды ерекше атап өтті.
Ақсуатымыз күннен күнге көркейіп келеді. Көшелеріміз кеңейіп, төрт жолақты болып жатыр. Қаладан еш кем емес. Ауылымызға Мемлекеттік Туымыздың тұғыры орнатылды. Жергілікті инвесторлар есебінен ауданда бұрын-соңды болмаған жанар жағармай құю бекеті салынып жатыр. Ризамыз. Туған жеріміз гүлдене берсін, — деді ол.
Мұнан соң облыс әкімі Екпін ауылындағы қабылдау үйінің ашылу салтанатына қатысты. Елді мекен тұрғындарымен кездесіп, ауылдағы апатты жағдайдағы мектептің орнына жаңа мектеп салынатынын, сондай-ақ дене-шынықтыру сауықтыру кешені бой көтеретінін айтты.