Ақмола облысы Бурабай ауданында тұрғын үй қорын жаңғырту мен қалалық инфрақұрылымды модернизациялау жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өңір басшысы Марат Ахметжанов жұмыс сапарымен Щучинск қаласына барып, жаңа тұрғын үй құрылысының басталуымен, теміржол вокзалының қайта жаңғыртылуымен және бірқатар инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуымен танысты.
Әкімдік баспасөз қызметінің мәіметінше, Щучинск – облыс бойынша апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді реновациялау бағдарламасы алғаш басталған қала. Бұл бастама ауданның әлеуметтік және туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, Циолковский көшесінде 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұл нысан бұрын апатты деп танылған үйдің орнына салынып жатыр. Құрылысты 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, Коммунистическая көшесінде бұрынғы аудандық ішкі істер бөлімінің ғимараты орнына төрт кіреберісті, 96 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы көзделген.
Облыс әкімі мұндай жобалар тек тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартып қана қоймай, қалалық ортаның жаңғыруына да серпін беретінін атап өтті.
Щучинск теміржол вокзалы – бұл курорттық аймақтың қақпасы іспетті. Сондықтан оның қазіргі заман талаптарына сай болуы маңызды. Біз жаңарған вокзал барлық азаматтар үшін ыңғайлы әрі қолжетімді болады деп сенеміз, – деді Марат Ахметжанов.
1 маусымнан бастап теміржол вокзалының күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жоба инженерлік желілерді толық жаңартуды, ғимараттың қасбеті мен ішкі әрлеуін жаңғыртуды, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы орта қалыптастыруды қамтиды.
Сапар аясында аймақ басшысына жекеменшік инвестициялық жоба да таныстырылды. Қалада жаңа сауда орталығының құрылысы жоспарланып отыр. Жергілікті биліктің пікірінше, бұл нысан қалалық инфрақұрылымды дамытуға қосымша үлес қосады.