Ақтөбенің қақ орталығындағы көп пәтерлі үйдің төбесі үгітіліп жатыр. Тұрғындар үңірейген жабындыға қарап, үйінді астында қаламыз ба деп қорқып отыр. Себебі бірер ай бұрын подъездің төбесі опырылып түскен, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қорқыныш бар. Мен көпбалалы анамын. Ең кішкентайым сегіз жаста. Кіріп-шыққан сайын уайымдаймыз. Жағдайын көріп тұрсыз. Амалсыздан тұрып жатырмыз. Басқа қайда барамыз?" — дейді тұрғын Айнұр Жапақова.
Қаланың орталығындағы қос қабатты үйдің опырылған төбесінен күн көрінеді. Күн сайын ол тесік үлкейіп, бетон жақтауларына дейін үгітіліп жатыр. Подъезге кіріп-шыққан сайын тұрғандар иманын үйіріп жүреді. Бұл үй 1970 жылдары салынған. Сегіз пәтердің алтауында адамдар тұрып жатыр. Төменгі қабатындағы қос пәтер бизнес нысанына айналған. Опырылған тесіктен енді жаңбыр мен қар ағып, іші суға толатын болды деп алаңдайды тұрғындар. Шенеуніктер тозығы жеткен бұл үйдің жайынан хабардармыз деп отыр. Жөндеу жүргізу үшін, ең алдымен, техникалық тексеруден өткізу керек екенін айтады.
"Техникалық тексеруден өткізіп береміз. Лицензиясы бар мекемеге барып, сарапшылар барып қарайды, орынға шығып. Сосын қорытындысын шығарады. Үй жарамды ма, жарамсыз ба, апатты ма, әлде ол үйге күрделі жөндеу жүргізу керек пе? Сол үшін қазір жұмыс істейміз", — деді Ақтөбе тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ақнұр Қазыбаева.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз