Қазақтың халық эпосы «Нарқыз» Уэльс ханзадасының ризашылығына ие болды

Жаңалықтар

XX ғасырдың басында көрнекті ақын Нұрпейіс Байғанин жырлаған және 2024 жылы ағылшын тіліне аударылып жарық көрген ұлттық қазақ эпосы «Narqyz» («Нарқыз») Англия тақ мұрагері, Уэльс ханзадасы Уильямның жеке алғысын алды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл — қазақтың ауыз әдебиетінің ағылшын тіліне аударылған шығармасы алғаш рет Британ тағына ресми түрде танылған тарихи оқиға.

Уэльс ханзадасының атынан алғыс хаты Hertfordshire Press баспасына жолданды. Бұл баспа «Narqyz» кітабын ағылшынша шығарған болатын. Жоба Қазақтың халық ақыны Нұрпейіс Байғанин атындағы Мәдени Қордың (Алматы) бастамасымен жүзеге асты. Хатта Уэльс ханзадасы қазақ мәдени мұрасын сақтау жолындағы еңбекті жоғары бағалап, бұл шығарманың ұлттық әдебиет пен дәстүрді насихаттайтыны үшін алғыс білдірген.

Кенсингтон сарайының гербімен ресми хатта:

"Narqyz" эпосының ағылшын тілінде жарық көргенін есту – жігер береді. Бұл шығарма қазақтың ұлттық мәдениеті мен әдебиетін әлемге танытады», – деп жазылған Уэльс ханзадасы мен ханшайымы атынан.

«Нарқыз» поэмасы — батыр әрі ақын қыздың тағдырын суреттейтін шығарма. Ол әйел көшбасшылығы мен ұлттық рухтың символына айналған. Эпос дәстүрлі қазақ ауыз әдебиетінің үлгісінде — домбырамен сүйемелденіп, бейнелі тілде жырланған.

Кітаптың ағылшын тіліне аударылуына автордың немересі Ерболат Байғаниннің қолдауы себеп болды.

Баспаның өкілдерінің айтуынша, «Narqyz» — жай ғана эпос емес, бұл – мәдени дипломатияның көрінісі. Бұл кітап арқылы британ және қазақстандық оқырмандар әйелдің ерік-жігері, поэтикалық дәстүр мен тұрақты мәдени код арқылы тарихқа жаңаша қарауға мүмкіндік алады. Шығарма 2024 жылы Hertfordshire Press Award жүлдесінде «Жылдың үздік эпосы» деп танылды.

Кітапты discovery-bookshop.com ресми онлайн-дүкенінен сатып алуға болады.

Hertfordshire Press — бүкіл әлемдегі ағылшын тілді (және тек ағылшын емес) оқырмандарды Еуразиямен таныстыратын ерекше баспа. Ол 2002 жылдан бері аймақ жазушыларының көркем және ғылыми-көпшілік әдебиеттерін аударып, ескі, бірақ құндылығын жоғалтпаған еңбектерді ағылшын тілінде қайта басып шығарады. Сонымен қатар, әдеби фестивальдер мен форумдар ұйымдастырады.

Баспаның каталогында 15 елдің 250-ден астам авторының туындылары бар. Жалпы таралым 1 миллионнан асқан. Hertfordshire Press саяси, діни немесе өзге де қозғалыстардан тыс қалып, тек мәдениет пен өнерді қолдауға бағытталған.