Астана қаласындағы Ы.Дүкенұлы көшесі мен Республика даңғылының қиылысында орналасқан жаңа балалар ойын алаңы мен скейт-саябақ қала тұрғындарының үлкен қуанышына айналды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Алаңда скейт-саябақ пен түрлі ойын кешендерімен қатар, балалар мен ересектердің дене шынықтыруын дамытатын спорттық құрылғылар да орнатылған. Бұл – салауатты өмір салтын бала жастан қалыптастыру мен қала тұрғындары арасында кеңінен насихаттауға бағытталған нақты қадам.
Балаларға арналған жаңа ойын алаңы – көздің жауын алатын көркем туындыға айналыпты. Бұған дейін де бұл жерде ойын алаңы болған десек те, дәл осындай тартымды, заманауи кейіпке енбеген еді. Қала және аудан әкімдіктеріне зор алғысымызды білдіреміз. Жөндеу жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырып, балаларға қуаныш сыйлағандарыңыз – шынайы жанашырлықтың көрінісі. Мұндай игі іс – өскелең ұрпаққа деген қамқорлықтың нақты белгісі деп білеміз. Барша жауапты мекемелерге мың алғыс, — деді аудан тұрғыны Сәрсенбай Әбіл.
Мұнда балаларды жарақаттан қорғайтын қауіпсіз жұмсақ төсеніш төселіп, кең заманауи скейт алаңы орнатылды. Жүгіретін арнайы жол жасалып, спорттық тренажерлар қойылған. Сырғанақтар кешені де қарастырылып, көлеңке түсіріп тұрған ағаштар отырғызылды. Тынығып демалу үшін көше орындықтары да барынша қолайлы етіп жасалған.
Жалпы, биыл қала бойынша 180-нен астам аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланып отыр.