"Таңдаудың "Росатомға" түсуі": Қазақстандық электр энергетикалық қауымдастығының басшысы пікір білдірді

Жаңалықтар

Қазақстандық электр энергетикалық қауымдастығының басшысы Талғат Темірханов еліміздегі алғашқы АЭС-ты салатын халықаралық консорциум көшбасшысының анықталуына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бүгін, 2025 жылдың 14 маусымында консорциумға ресейлік "Росатом" компаниясы басшылық ететіні белгілі болды.

Бұған қатысты Facebook-тегі парақшасында пікір білдіре отырып, Талғат Темірханов таңдау "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС-ның фрнцуздың Assystem инжинирингтік компаниясының қатысуымен бірлесе әзірленген әдістемесі негізінде жасалғанын атап өтті.

"Қазақстандық электр энергетикасы қауымдастығы мұны уақтылы және стратегиялық негізге сүйене отырып жасалған шешім ретінде қолдайды. Қуаты 2400 МВт-тық АЭС жыл сайын шамамен 19 млрд кВт сағаттың таза және тұрақты электр энергиясын өндіретін болады, бұл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін едәуір нығайтуға, электр энергиясы импортына тәуелділікті төмендетуге және ең жоғары жүктемелерді тұрақты түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деп атап өтті сарапшы.

Темірханов бұл экологиялық тұрғыдан да, тұрақты энергетикаға көшу тұрғысынан да маңызды қадам екенін баса атап өтті.

"Серіктес ретінде таңдалған "Росатомның" тарихи және технологиялық тәжірибесі бар екенін атай кеткен жөн. Мемлекеттік корпорацияның бәсекеге қабілетті халықаралық нарықта сұранысқа ие нақты тәжірибесі мен сенімді технологиялары бар", – дейді ол.

Сарапшы бүгінгі таңда "Росатом" Қытайда, Түркияда, Бангладеште, Беларусьта, Үндістанда, Иран мен Мысырдағы жобаларды ұлттық стандарттарға бейімдей отырып, жергілікті өнеркәсіпті белсенді түрде тартуда 20-дан астам энергия блоктарын салып жатқанын атап өтті.

"Қауымдастық мұндай серіктеспен ынтымақтастық Қазақстанда атом энергетикасын сенімді, қауіпсіз және ұзақ мерзімді дамыту үшін берік іргетас қалай алады деп есептейді", – деп сөзін түйіндейді Темірханов.

Бұған дейін Атом энергиясы агенттігі Қазақстан мен "Росатом" Ресей тарапынан экспорттық қаржыландыруды тарту мүмкіндігін талқылап жатқанын хабарлаған.