Астанадағы саябақта жаз бойы жаттығулар жалғасады

Жаңалықтар

Елорданың «Көктал» саябағында ашық спорттық-сауықтыру жаттығулары енді жаз бойы әр демалыс күні өтеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Іс-шаралар «Астана – есірткісіз қала» акциясы және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылмақ. Жаз бойы «Көктал» саябағында демалыс күндері ашық аспан астында жаттығулар өткізіледі. Жобаны Сарыарқа ауданының әкімдігі мен Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы FitArenaWinox фитнес клубының қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Астана қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Дамир Байбазаров бұл іс-шара халықаралық нашақорлықпен күрес күніне орай қолға алынатынын мәлімдеді.

Мақсатымыз – халықты, әсіресе жастарды спортқа, салауатты өмір салтына баулу. Жастар – біздің болашағымыз, сондықтан оларды барлық есірткі түрінен қорғау – біздің міндетіміз, — деді ол.

Жаттығуларды әр сенбі және жексенбі күндері өткізу жоспарланған. Бұл халықты спортпен шұғылдануға және салауатты өмір салтына тартуға бағытталған.

Мұнда ашық аспан астында жаттығулар өтеді, олар адамдар үшін мүлдем тегін. Біз оларды салауатты өмір салтына тартамыз, әртүрлі жаттығулар өткіземіз, ұзақтығы – 1 сағаттан 1,5 сағатқа дейін. Арнайы дайындықтың қажеті жоқ, жаттығулар жеңіл болады, еш қиындық туғызбайды. Біздің жаттықтырушылар білікті, олар не істеу керек екенін көрсетіп, түсіндіріп береді. Арнайы құрал-жабдықтар да қажет емес, тек таңертең оянып, осында келу керек. Қатысушылар санына шектеу жоқ, — деді FitArenaWinox фитнес клубының директоры Богдан Филихин.