Еліміздегі көктемгі су тасқыны: Қазіргі жағдай қандай?

Жаңалықтар

Қазақстанда 2025 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық мемлекеттік деңгейде қарқынды жүргізілуде. Үкіметтің мәліметінше , елімізде 1 223 елді мекен су басу қаупі бар аймақтарда орналасқан, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Су басу қаупі жоғары өңірлер:

  • Шығыс Қазақстан,
  • Абай,
  • Қарағанды,
  • Ұлытау,
  • Ақмола,
  • Солтүстік Қазақстан,
  • Қостанай,
  • Ақтөбе облыстары.

Орташа қауіп бар өңірлер:

  • Алматы,
  • Жетісу,
  • Жамбыл,
  • Батыс Қазақстан,
  • Атырау облыстары.

Қауіп төмен өңірлер:

  • Павлодар,
  • Түркістан,
  • Маңғыстау,
  • Қызылорда облыстары.

Биыл Қазақстанда былтырғыдай алапат су тасқыны болмайды

Бұл туралы бүгін Мәжіліс кулуарында су ресурстары және ирригаци вице-министрі Болат Бекнияз мәлім етті.

Оның айтуынша, Батыс Қазақстан мен Қостанай облыстарында су тасқынының ең қауіпті кезеңі тоқтаған. Қазір Солтүстік Қазақстан облысы мен Шығыс Қазақстан облысы бақылауда тұр.

«БҚО мен Қостанай облыстарында су тасқынының шарықтау шегі өтті. Қазір біз Солтүтік Қазақстан облысы мен Шығыс Қазақстан облыстарын бақылап, су қоймаларын суға толтырып жатырмыз. Биыл су аз болды. Былтырғы жағдай қайталанбайды», — деп мәлім етті ол.

Ол былтыр көп жердерде мұз қатып, еріген қар суы жерге сіңе алмай қалған болуы мүмкін деп болжаған. Яғни, вице-министр айтқандай, былтыр топырақ дайындалмағандықтан, сулар жер астына кетпеген.

Десе де... Павлодар облысында Шолақсор ауылын су басуы мүмкін

Облыс басшысы Асайын Байханов өңірлік ТЖ департаментінің басшысы Рүстамбек Амринмен бірге Ақмола облысының Сілеті су қоймасы мен Ақтоғай ауданының аумағын әуеден тексерді.

Басылымның хабарлауынша, әуеден бақылау арқылы Сілеті су қоймасына құйылатын және ағып шығатын сулардың ағыны ескеріле отырып, жиналған судың көлеміне талдау жасалған. Бүгінгі таңда су қоймасында жиналған судың көлемі 201 млн текше метрді немесе 87% құрайды.

«Ақмола облысындағы Сілеті су қоймасынан жіберілетін судың ұлғаю қаупіне байланысты биылғы су тасқыны маусымында Шолақсор ауылын су басу мүмкін деген қауіп бар. Барлық су басу қаупі бар учаске тексеріліп, Сілеті өзенінде санитарлық су жіберу дайындығы, сондай-ақ. барлық су тасқынына қарсы іс-шараны өткізу үшін келген күштер мен азаматтық қорғау қызметі топтарының дайындығы зерделенді», — деп жазады басылым.

Былтыр батқан Батыстың биылғы ахуалы қандай?

Вице-премьер жұмыс сапары барысында Жылыой ауданы мен Құлсары қаласының су тасқынына дайындығын тексерді. Жылыой ауданы қауіпті аймақта орналасқан және жыл сайын көктемде су тасқынына ұшырайды. Су тасқыны қаупінің негізгі себебі – ұзындығы 212 шақырымға созылған Жем өзені. Өзен жағалауы мен Құлсары қаласы арасында жалпы ұзындығы 65 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарына 136 арнайы техника жұмылдырылған. Қазіргі таңда су негізінен тереңдетілген Жем өзені арқылы өтуде. Құлсары қаласында күнделікті бақылау жүргізілуде.

Құлсарыдан бөлек, су басу қаупі бар аймаққа екі ауылдық округ: Жем және Қараарна кіреді. Қанат Бозымбаев Тұрғызба және Шоқпартоғай ауылдарындағы жағалауды бекіту жұмыстарымен танысып, Жем өзенінің жағалауы мен Құрсай каналын нығайту жұмыстары жүріп жатқан аумақты аралады. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 95 шақырымды (Жем – 48,9 км, Күрсай – 46,1 км) қамтитын түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта Жем өзенінің түбін тереңдету толық аяқталды.

Жылыой ауданында барлығы 255 арнайы техника жұмылдырылған. Бөгеттерде жағдайды тәулік бойы бақылау үшін кезекшілік бекеттері ұйымдастырылды. Сонымен қатар ауданға Маңғыстау облыстық ТЖД-дан, Қорғаныс министрлігінің Атырау және Ақтөбе облыстарындағы әскери бөлімдері және Атырау облыстық полиция департаментінен қосымша күштер мен техника жіберілді.

Қанат Бозымбаев Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Миялы ауылы мен Ойыл ауданындағы жағдаймен де танысты. Мұнда ерекше бақылауда тұрған Ойыл өзенінде тазалау және тереңдету жұмыстары жалғасуда.

Вице-премьер Атырау облысы, Қызылқоға ауданының Миялы ауылына барып, Сағыз ауылындағы жағалауды бекіту жұмыстарын бақылады. Қызылқоға ауданы арқылы Ноғайты, Ойыл және Сағыз өзендері өтеді, олар көктемгі су тасқыны кезінде үлкен қауіп төндіреді. Қорғаныс шаралары аясында 54 шақырым бөгет нығайтылып, 8 шақырым өзен арналары тазартылып, тереңдетілді.

Облыс әкімдігіне аймақтағы төтенше жағдайдың алдын алу және жою бойынша барлық жоспарланған шараны аяқтау, су тасқыны қаупі толық жойылғанша, тәулік бойы жұмыс істеуді жалғастыру және тұрғындарды күн сайын ағымдағы жағдайдан хабардар етіп отыру тапсырылды.

Су тасқыны қаупін азайту мақсатында бірқатар шара қолға алынған

Инфрақұрылымды нығайту: 576 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, күшейтілді; 164 шақырым арық жүйелері жөнделіп, жаңадан салынды; автомобиль және темір жолдардың астына 960 су өткізу құрылғылары орнатылды.

Өзен арналарын тазарту: 74 өзеннің қауіпті учаскелерінде 300 шақырымнан астам тереңдету және жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді.

Гидрологиялық мониторинг: “Қазгидромет” РМК су басу қаупі жоғары өзен учаскелерінде 31 жаңа гидрологиялық бекет ашып, жалпы саны 377 бекетке жеткізді.

Төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою мақсатында республикалық штаб құрылып, оның құрамына тиісті министрліктер мен ведомстволардың басшылары енгізілді.

Сонымен қатар, “Tasqyn” атты жаңа жүйе іске қосылып, су тасқыны қаупін 7 күн бұрын болжауға мүмкіндік береді.

Жалпы, Қазақстан Үкіметі 2025 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңіне жан-жақты дайындық жұмыстарын жүргізіп, халық пен инфрақұрылымды қорғау үшін қажетті шараларды қабылдауда.