Биыл елімізде 9 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Олардың ішінде Ақтөбе облысында жүнді терең өңдеу жобасы, Түркістан өңірінде тоқыма бұйымдарын өндіретін мақта кешені және Шымкент қаласында тоқылған шұлық өндіру жобасы бар. Осылайша жоғарыда аталған кәсіпорындар арқылы 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы елімізде биылғы санақ бойынша мың жарымға жуық кәсіпорын жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істейді. Оның ішінде 800-ден астам тігін фабрикалары мен шеберханалары, 481 тоқыма бұйымдарын және 122 былғары өнімдерін өндіретін кәсіпорындар бар. Алайда былтыр елде жеңіл өнеркәсіп нарығындағы отандық өндірушілердің үлесі небары 6 пайызды құраған. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті ұлғайту көзделіп отыр, дейді Өнеркәсіп комитетінің өкілдері.
Мұхамед Андаков, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары:
- Саланы дамыту үшін 2022-2025 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту және мақта-тоқыма кластерін құру бойынша жол картасы іске асырылып жатыр. Саланы қолдау мақсатында жеңіл өнеркәсіп жобаларын «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы соңғы қарыз алушылар үшін жылдық жеңілдетілген 3%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен қаржыландыру көзделген.
Аяқ киім таңбалау салығынан түсетін жылдық кіріс көлемі ₸25 млрд дейін артты
Сондай-ақ жеңіл өнеркәсіпте аяқ киімнен басқа да тауар түрлерін таңбалау мүмкіндігі айтылды. Өйткені 2020-2021 жылдары аралығында тоқыма өнеркәсібі өнімдерін таңбалау бойынша елде пилоттық жоба жүргізілген болатын. Бұл бастама нәтижелі болғандықтан ережені енгізу туралы тиісті құжат құзырлы органдарға тапсырылды. Қазір олардың қарауында жатыр. Ал 2021 жылдан бастап аяқ киімді таңбалау талабы енгізілгелі бері ел қазынасына түскен жылдық салық көлемі 8 млрд-тан 25 млрд теңгеге дейін артқан. Бүгінде елде 130 млн жұп аяқ киім таңбаланды.