Ұлытау облысында жасыл энергетика жобалары жүзеге асып жатыр

Қосшы

Ұлытау облысында жасыл энергетиканы дамытуға арналған бірнеше жоба жүзеге асып жатыр.

Биыл жел электр станциясының құрылысы аяқталуға тиіс.

Осындай энергетикалық нысанды Жаңаарқа ауданында да салу жоспарда бар. Сондай-ақ Жезқазғанның индустриялық аймағында жел электр станциясының мұнараларын жасайтын зауыт ашу көзделіп отыр.

Қуаты 100 мегаватт болатын жел электр станциясының құрылысы былтыр басталды. Энергетикалық нысанда өндірілген электр энергиясы Сәтпаев қаласында орналасқан қосалқы станция арқылы бірыңғай энергетикалық жүйеге жіберіледі. Сәтпаев қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Омаровтың айтуынша, жоба жуырда іске қосылады.

Ерлан Омаров, Сәтпаев қаласы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда 7 жел діңгегі орнатылып болды. Сегізіншісін орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда біз қазір подстанцияда тұрмыз Сәтпаев территориясында орналасқан. Подстанция бүгінгі күнде КЕГОК-қа қосылды. Холостой күйінде жұмыс істеп тұр. Техникалық жағынан оң бағасын беріп тұр. Жұмысқа дайын деп айтуға болады.

Құны 24,5 млрд теңге болатын инвестициялық жобаны Қазақстан мен Қытай компаниялары жүзеге асырып жатыр. Өндірісті қыркүйек айында іске қосу жоспарланған. Бұған қоса өңірде қуаты 1000 мегаватт болатын тағы бір жел электр станциясын салу көзделіп отыр. Ол үшін Жаңаарқа ауданынан 20 гектар жер учаскесі де белгіленді,- дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Арынғазин.

Данияр Арынғазин, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:

- Оның инвестициялық құны 14 млрд-тан асады. Қазіргі таңда тиісті метеомачта қондырғысы орнатылды. Бұл дегеніміз қазіргі таңда қазақстандық компания желдің бағытын, қуаттылығын, мөлшерін өлшеуде. Жалпы бұл қондырғы желдің оң нәтижесін көрсетуде.

Жезқазған индустриалды аймағында жел электр станциясына қажетті мұнаралар шығаратын зауыт бой көтермек. Жалпы 2023 жылы болашақ кәсіпорынның капсуласы салынған. Енді Жаңаарқадағы электр станциясының жобалау-іздестіру жұмыстары аяқталғаннан кейін құрылыс басталады, дейді мамандар. Кәсіпорынның жобалық қуаты – жылына 100 мұнара. Зауыт елдің сұранысын қамтып қана қоймай, өнімін экспортқа да шығара алады.

Асланбек Шығыр, Елизавета Шалина, Нұрбол Үздікбаев