Өзбек әдебиетінің 50-ден астам қаламгерінің шығармалары қазақ тіліне аударылып, мемлекеттік тапсырыспен кітап болып басылады.
Бұл туралы Алматыда өткен «Түбі бір түркі әдебиеті» атты жиында мәлім болды. Басқосуға қазақ және өзбек қаламгерлері қатысып, тарих, мәдениет пен руханият төңірегінде ой-пікір алмасты. Бауырлас елдер арасындағы әдеби байланыс қарқынды дамып келеді. Мәселен, былтыр «Таңшолпан» әдеби-көркем журналында өзбек қаламгерлерінің шығармалары қазақ тіліне тәржімаланып, жарияланды. Нәтижесінде оқырмандар өзбек әдебиетінің классиктері Нәсір Фазылов, Ғафұр Ғұлам, Саид Ахмат секілді танымал жазушыларымен қатар, бүгінгі өзбек әдебиеті өкілдерінің шығармаларымен де танысты.
Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:
-Осы бағдарлама аясында түріктің де, әзірбайжанның, татар, башқұрттың жазушыларын бәрін бері қарай әкеліп шығарғымыз келіп отыр. Өйткені оның ар жағында шынында да түбі бір түрік әдебиеті болғаннан кейін оның ар жағында біздің тарихымыз, мұңымыз да, елімізге деген махаббатымыз да жатуы мүмкін. Өйткені кеше ғана бәріміз бір халық болдық қой.
Фарида Афруз, Өзбекстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары:
- Біздің тамырымыз бір. Дініміз бен руханиятымыз бір. Демек, әдебиетіміз де ортақ. Біз қазір түркі әдебиетінің 100 томдығын дайындап жатырмыз. Соның он томын қазақ әдебиетіне арнадық.