Жамбыл облысында жолаушылар пойызы апатқа ұшырай жаздады: машинист соқтығысудың алдын алды

Жаршы

Кеше, 7 маусымда машинист жолаушылар пойызын апаттан аман алып қалды. Ол шұғыл тежеуді дер кезінде қолданып, қайғылы жайттың алдын алды, деп хабарлайды "ҚТЖ" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

"2025 жылғы 7 маусымда Тараз-Шу учаскесінің күзетілмеген өткелінде (Жамбыл бөлімшесі) жолаушылар пойызының локомотив бригадасы трактордан ағытылған және жолда қалған тиелген тіркемелермен соқтығысудың алдын алды. Машинист шұғыл тежеуді дер кезінде қолданды. Пойыз тіркемелерден екі метр қашықтықта тоқтады", — делінген хабарламада.

Осылайша локомотив бригадасының кәсібилігі мен үйлесімді әрекеттерінің арқасында жолаушылар пойызы апаттан аман қалған.

"Тіркемелер темір жолдан тез алынып тасталды, содан кейін пойыз жүрісін жалғастырды. Ақпарат құқық қорғау органдарына берілді. ҚТЖ темір жол өткелдерін кесіп өту кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін еске салады. Теміржол — қауіпті аймақ, сондықтан талаптарды орындамау ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін", — деп ескертті ҚТЖ баспасөз қызметі.