Қазақстанда алаяқтық пен заңсыз транзакциялардың алдын алу мақсатында банк картасын шығармас бұрын жеке тұлғаларды тексеру жоспарланып отыр, деп хабарлайды KAZNUR.KZ.
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне банк қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" бұйрық жобасы жарияланды.
Банктер енді болашақ карта иелерін тәуекелдерге тексеруі керек. Төмендегі санаттағы тұлғалар күдік тудыруы мүмкін:
- бір банк шығарған бес және одан көп төлем картасын ұстайтындар;
- бірнеше банк шығарған бес және одан көп төлем картасының иелері;
- есірткіні заңсыз өндіру, тасымалдау факторы негізінде ақшаны жылыстату қаупі жоғары елдердің резиденттері;
- шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты не тұрақты тұруға рұқсаты жоқ (Қазақстан Республикасының аумағында тұрмайтын) Қазақстан Республикасының бейрезиденттері
- 14 — 25 жас аралығындағы тұлғалар.
Бұл санаттағы тұлғалар ресми табыс көзі болмаса немесе олардың тыныс-тіршілігін растайтын операциялары болмаса (мысалы, коммуналдық төлемдер) тексеріледі. Одан бөлек, "Астана" халықаралық қаржы орталығының қатысушылары болып табылмайтын, тізбесін уәкілетті орган қалыптастыратын цифрлық активтер биржаларының пайдасына төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асырумен айналысатындар күдікке ілінуі мүмкін.
Сондай-ақ жобада арнайы бағдарламаларды пайдалана отырып, клиенттердің күдік тудыратын транзакциясын белгілер тізбесі бойынша тексеру нақты қалай жүзеге асырылатыны көрсетілген.
"Банк автоматтандырылған ақпараттық жүйені пайдалану арқылы клиенттің тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге байланысты төлемдер, коммуналдық төлемдер, салықтар және бюджетке төленетін басқа да төлемдер болмаған кезде банктік шоттары бойынша шығыс операциялары жүзеге асырылатын клиенттерді анықтайды және оларға банк белгілеген мерзімде, сондай-ақ клиентпен есепшот жағдайы туралы сұрау салады, сонымен қатар клиентті міндетті биометриялық сәйкестендіруден өткізу арқылы екіфакторлы аутентификация жасайды", — делінген жобада.
Сонымен қатар жобада алаяқтық белгілері бар күдік тудыратын транзакциялар немесе басқа да заңсыз оқиғалар туралы мәліметтерді Ұлттық банктің антифрод-орталығына беру қарастырылған. Мұндай операциялар тәулік бойы жүргізіледі.