Таяу Шығыстағы қақтығыс: Дубайдан қазақстандық туристер мінген ұшақтар Алматыға қонды

Жаңалықтар

2025 жылғы 15 маусымға қараған түні FlyDubai әуе компаниясының қазақстандық туристер отырған рейстері Алматыға қонды, деп хабарлайды Zakon.kz.

2025 жылғы 13 маусымда Таяу Шығыста жағдайдың ушығуына байланысты бірнеше әуе компаниясы Дубай мен Абу-Дабиден, соның ішінде Қазақстанға да рейстерді уақытша тоқтатты.

Бұған дейін ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливанның әуе кеңістігі үстімен, сол аумақта және маңайында ұшуға толық тыйым салған болатын. Бұл шектеу арнайы бұйрық шыққанға дейін күшінде қалады.

ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше:

"Бүгін сағат 2:45 және 6:19-да қонған FlyDubai рейстері жоғарыда аталған елдердің әуе кеңістігін айналып өтіп, 13 маусымда ұша алмаған 332 туристі және жоспарлы жолаушыларды елге жеткізді".

13 маусымда Дубайдан ұша алмаған басқа туристер "Туристік Қамқор" қорына мүше туроператорлар арқылы қонақ үйлерге орналастырылған. Бұл үдеріс ҚР Туризм және спорт министрлігі, Сыртқы істер министрлігі және Қазақстанның елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылды. Олардың да елге қайтуы жоспарланып отыр.

Айта кетейік, 2025 жылғы 13 маусым күні таңертең Израиль "Арыстандар ұлты" операциясы аясында Иранның ядролық және әскери инфрақұрылымына соққы берді. Атыс салдарынан Иран революция сақшылары корпусы Бас штабының бастығы Хоссейн Салами мен Исламдық Азад университетінің президенті Мохаммад Техранчи қаза тапты.

Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қазақстан Республикасының Израильдегі елшілігі сол елдегі қазақстандықтарға шұғыл хабарлама жариялады.