Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық драма театрында жаңа қойылымның тұсауы кесілді, деп хабарлайды 24KZ. Бұл жол әртістер Қазақстанның Еңбек Ері, заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Күй» повесін театр тілінде сөйлетті. Шығарманы сахнаға лайықтаған белгілі режиссёр Нұрлан Жұманиязов.
Терең философиялық мазмұнға толы туынды өнердің құдыретін дәріптей отырып, зұлымдыққа қарсы күресуге үндейді. Азаттық пен еркіндік, махаббат пен трагедия, тарих пен тағдыр астасқан қойылым көрермен көңілінен шықты. «Халқымыздың рухани болмысын дөп басатын бірегей спектакль», – дейді жиналған қауым.
Нұрлан Жұманиязов, қойылым режиссёрі:
- 60 жыл бұрын жазылған дүние өзекті болып, бүкіл елді толғап отыр. Міне, 60-тан асып, 70-ке келгенде «сол Әбіш ағамның дүниесіне бара аламын-ау», – деп шешім қабылдап, барып жатырмын. Тек астарлап емес, бетке «былш» етіп жазған қойылымын театр әртістерімен бірге бүгін паш етіп отырмыз.