Астанадағы Орталық саябақ 15 маусым күні сағат 23:00-ден бастап 18 маусым күні сағат 10:00-ге дейін жоспарлы жөндеу және техникалық тексеру жұмыстарына байланысты уақытша жабылады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Астана әкімдігінің мәліметінше, бұл шектеу саябақ аумағындағы барлық нысанға, оның ішінде қоғамдық тамақтану орындары мен аттракциондарға да қатысты болады.
Сондай-ақ жөндеу жұмыстары кезінде Beeline Arena Ұлттық теннис орталығына кіру тек Тұран даңғылы жағынан жүзеге асырылады.
"Саябақ 18 маусым күні сағат 10:00-де қайта ашылады. Жөндеу жұмыстары саябаққа келушілердің қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыру мақсатында жүргізіліп жатыр", — деп мәлімдеді әкімдік.
Сонымен қатар, әкімдік өкілдері "Керуен" сауда орталығы маңындағы скверді абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын екенін хабарлады.
"Бұл жоба қаланың ортасында орналасқан тығыз ағаш отырғызылған, табиғи материалдар қолданылған, оқшау әрі тыныш атмосферадағы қалалық орман элементі ретінде ойластырылған", — делінген мәлімдемеде.
Бұдан бөлек, Астанада Ықылас Дүкенұлы көшесі мен Республика даңғылының қиылысында жаңа балалар алаңы мен скейт-парк ашылғаны белгілі болды.