Жалған коуч жарға жығады

Жаңа күн

Адамды азғырып, тура жолдан тайдыратын коучтарға да тыйым салатын уақыт жеткендей.

Былтыр елдегі Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті 800-ден астам арыз шағымды қараған. Олардың дені — сапасыз курстар мен біліксіз коучтарға қатысты. Иә, бүгінде ақыл сату пайда көзіне айналды. Желіде отырып, жұртты желпіндіретін де, ағын суды кері ағызбаса да, әп-сәтте өміріңді бал қыламын дейтіндер көбейіп барады. Өкініштісі сол: оларға халық иланады. Осы себепті де Президент Ұлттық құрылтайда елді адастырып жүрген коучтар мен психологтарға күресті күшейтуді тапсырды.

Назерке Тоқжан, тілші:

- Төбеңнен қап-қап ақша жаудырамын, санаулы күнде үлде мен бүлдеге оранып, балқып-шалқып өмір сүресің. Қазір әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, осы сарындағы жарнамадан көз тұнады. Ақиқаты қайсы, ажырату өте қиын. Құрғақ уәдеге қарын тойғызып, кейін сан соқтырып кететіндер өкінішке қарай, көбеймесе азаймай тұр.

- Сенбеу мүмкін болған жоқ, ол кісі іші-бауырыма кіріп кетіп прямо. 2-3 күн өзі келді. ИП аштық менің атыма, госпорталға тіркелдік. Сонымен болды.

Талдықорғандық Жұлдыз Идрисова тендер арқылы күректеп пайда табасың деп курс сатқан коучқа аңдамай алданып қалғанын айтады. Құны 500 мың тұратын оқыту курсына қатысу үшін келіншек банктен несие алған. Алайда қуанышы ұзаққа бармады. Бақсам, бақа екен демекші, жарнамасы жер жарған курстың атына заты сай болмай шықты. Танымал тренерге имандай сеніп, кейін жер сипап қалған Жұлдыз ғана емес. Тіпті бұл жағдай елде резонанс тудырып, кәсіпкердің ісі сотқа жолданды.

Ғазиз Аманжолұлы, Сауда және тұтынушылар құқығын қорау департаментінің бас маманы:

- 10 шақты тұтынушы бізге арыз берген болатын. Тұтынушылардың айтуы бойынша, тендерге қатысып, млн теңге табыңыз деген сапасыз курс оқытқан коуч тренерге қатысты арыз шағымдарын білдірді. Департамент тарапынан сотқа дейінгі наразылық хатын жазуға көмек көрсетіліп, кәсіпкерге жолданған болатын.

Былтыр елдегі Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті дәл осындай 800-ден астам шағымды қараған. Әсіресе сапасыз курстар мен біліксіз коучтарға қатысты арыз тыйылар емес. Қоғамда белең алған жалған қызмет ұсынушылардың әрекеті депутаттарды да алаңдатып қойды. Енді олар қалта қамын күйіттегендерің мәселесін дүрбімен қарамақ. Тіпті Тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңға өзгеріс енгізуге түрткі болды.

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Барлық әлеуметтік желіде, сайтта, әртүрлі платформаларда мен жазған жарнама, ұсынысым барлығы жарнама оферта болып саналады. Оферта деген ашық келісім-шарт. Егер де мен соны тыңдап, курсын сатып алатын болсам, біріншіден орындалмаса, мен сотқа беріп, арыз жазып, қайтаруға мүмкіншілік аламын.

Яғни әлеуметтік желідегі уәде заңды құжатқа теңеседі. Демек, бұрынғыдай тұтынушы мен қызмет көрсетушінің арасында қат-қабат қағаз келісімшарт алмасудың қажеті жоқ.

Назерке Тоқжан, тілші:

- Жалпы көз көріп, құлақ естіп жүр. Жалған коучтардың кесірінен қарыз қамытып киіп, қолындағы барынан әп-сәтте айырылған азаматтар арамызда аз емес. Көбі шымылдықтың арғы жағында қалғанды жөн көреді. Бас пайдасы үшін елді алдап арбауға көшкендерге көпшіліктің тіпті еті үйреніп кеткен. Сорақысы сол: бұған қалыпты жағдай деп қарап, дәл солай жеңіл ақша табуға құлшынатындар жетеді.

Жарқынбек Амантайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Тіпті бір қызық жағдайға тап болдым. Коуч болуға үйрететін коуч деген бар екен. Сонда кімдер бұған кіріп жатқандар? Түсінікті ғой. Жеңіл жолмен телефонға қарап отырып қана қаржы тапқысы келетіндер осындай коучтардан үйреніп, өздері де елді алдауға кіріседі.

Алма Мүсәпірова, кәсіби психолог:

- Коучтар жалпы адамның тек қана эмоциясына жұмыс жасайды. 19-31 Менде ондай курстардан өттім, қарасаңыздар командалық жұмыс жүреді. Пиар менеджерлер бар, ой сен кереметсің. Мен! деп айт, өзіңді таныт! деген сияқты. Әйтеуір енді тілдік қабілеті керемет болса, қай жерде де дегеніне жетеді.

Иә, ақ-қарасын ажыратпаған соң мұның сыртында кәсіби мамандарға кесірі тиюі — заңды. Психология бүгінде кім көрінгеннің қолжаулығына айналған. Әлемде бұл ілімнің 800-ден астам тармағы бары айтылады. Тек соның жартысына жуығы ғана ресми тіркелген. Қалғаны псевдо бағыт ретінде халық алдында жүр. Сайда саны, құмда ізі жоқ белгісіз ағымдардың елдің санасына қалай әсер етіп жатқаны, айтпаса да түсінікті.

Назерке Тоқжан, тілші:

- Дәурені жүріп, дәулеті асып-тасып өмір сүру әркімнің-ақ таңдауы. Ал алдау арқылы келген арам ақшаның алысқа апармайтынын аңдап жатқан ешкім жоқ. Мамандар бұған көзқарастар мен құндылықтар алмасып жатқан дәуірдің көрінісі деп қарайды. Бүгінде дамушы мемлекет тұрмақ, дамыған елдерде материалдық байлық алға шыққан. Соның жолында ұлттық құндылықтар құрбан болып, отбасы институты әлсіреген жайы бар.

Алма Мүсәпірова кәсіби психолог:

- Коучтың алдына баратындар: орта жастағы адамдар. 25-26 ж асып, 40-45 ж дейін өзін таппай қалған адамдар. Өзіне сенімсіз адамдар. Өз бойындағы табиғи қабілеттерін айқындай алмаған. өзімнің алдыма келіп отырған адамдар тура сол. Отбасындағы қарым-қатынастағы қарама-қайшылықтар ап-айқын шыға келеді. Қарым-қатынасқа зәру болған адамдар, Дефицит общения дейді ғой.

Амангелді Мейрамбекұлы, кәсіби психолог:

- Қандай да бір салалардың негізгі жұмыс принципі — ол гуманизим, адамгершілік. Гуманизм тұрған кезде адамдарды пайдалану деген болмайды. Гуманизм жоқ па ол жерде манипуляция болады. Адамды пайдалану өзінің мақсатына, бұл жерде адамның тағдырын жақсартайын, өмірін жақсартайын деген идея тұрған жоқ. Бұл жерде өзінің бір мақсатына жету.

Мөңке би: дүниедегі ең оңай нәрсе – біреуге ақыл айту деген екен. Тек соның салдарын ұғына алсақ игі: Себебі орынсыз ақылдан қаншама шаңырақ ортасына түсіп, қаншама жанның тағдыры тәлкекке айналды. Түптеп келгенде бұл - тұтас ұлтты құрдымға кетіретін әлеуметтік мәселе.

Назерке Тоқжан, Берік Шарав