Елімізде жыл сайын 4,5 миллион тонна қоқыс жиналады. Ал оны қоршаған ортаға мейлінше зияны тимейтіндей етіп сұрыптау үшін «Таза Қазақстан» акциясы аясында бір қатар жұмыс атқарылып жатыр. Жақында елордадағы Білім инновация лицейінде Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп оқушыларының экологияны жақсартуға арналған ғылыми жобаларымен танысты.
Дарынды оқушылар экожобалар көрмесінде өздерінің ғылыми жұмыстары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Мәселен, Әлімхан Ермеков атындағы №98 мектеп лицейінің 10-сынып оқушысы Әмина Ғұмырбек орман өртінің алдын алуға көмектесетін дрондарды таныстырды.
«Жобамның атауы – «FeuSol». Бұл дрондық жүйе орман өртіне мониторинг жүргізіп, өрттің алдын алуға және оны өшіруге бағытталған. Сонымен қатар бұл дрон орманда жоғалған адамдарды тауып, заң бұзушыларды анықтауға көмектеседі. Одан бөлек, шағын аумақтарға, саябақтарға интернет таратып, «Қызыл кітапқа» енген жануарлардың қозғалысын бақылайды. Мен осы жобамды Вьетнамда өткен халықаралық байқауда таныстырып, жүлделі екінші орын алдым», деді Әмина Ғұмырбек.
Ал Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінің 5-сынып оқушылары Нұрбақыт Ермекұлы мен Айзат Шаяхмет Есіл өзенінің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларын көпшілік назарына ұсынды. Қазіргі таңда өзен жылына бір рет қана тазаланатындықтан, оқушылар оны жылына 5-6 рет тазарту қажет екенін алға тартты. Сонымен қатар қорғаныш темір торлар орнату арқылы қоқысты азайтуға болатынын дәлелдеді.
Жиын барысында мектепке пластик бөтелкелерді қабылдайтын фондамат пен қоқыс сұрыптауға арналған экобокстар қойылды. «EcoQolday» жүйесінің көмегімен оқушылар қалдықтарды дұрыс кәдеге жаратып қана қоймай, экологиялық конкурсқа қатыса алады. Жезқазған мектептерінде қағаз, шыны және пластик жинауға арналған экобокстар орнатылып қойған және бұл тәжірибе жақын арада Астананың барлық мектебіне таратылмақ. «EcoQolday» жүйесі аясында ең көп қайта өңделетін материал тапсырған мектептер арнайы жүлделермен марапатталады.
– «Таза Қазақстан» акциясының мәні мен маңызы өте зор. Оның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Біз жыл сайын елімізде 4,5 миллион тонна қоқыс жиналатынын ескерсек, бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін түсінеміз. Күнделікті өмірде қолданатын заттардың қалдықтары, пластиктер, қағаздар, түрлі қаптамалар дұрыс сұрыпталмаған жағдайда қоршаған ортаға орасан зиян тигізеді. Бүгінгі кездесуде оқушылар экология саласындағы инновациялық жобаларын таныстырып, өз ойларын ортаға салып жатыр. Бұл – өте құптарлық жағдай. Бірақ жас өнертапқыштар мен оқушылардың ғылыми-зерттеу еңбектері тек мектеп деңгейінде қалып қоймай, өндіріске енгізілуі тиіс. Биылғы көктемде министрлік мектептерге көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге арнайы көшеттер бөлген еді. Алдағы уақытта бұл бастама жалғасын тауып, еліміздің түкпір-түкпірінде экологиялық жобалар жүзеге асырылмақ, – деді Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.