Қазақстан әйелдерінің ел экономикасындағы рөлі қандай ?
Гендерлік теңсіздік әлі де экономикалық өсімге кедергі келтіретін негізгі мәселелердің бірі болып қала береді. Алайда әйелдерге бағытталған бағдарламалар өз тиімділігін көрсете білді. Caravan.kz тілшісі әлемдік тәжірибе дәлелдеген бастамалар мен отандық сарапшылардың пікіріне сүйеніп зерттеу ұсынады.
Әйелдер – әлем халқының тең жартысын құрағанымен, олардың экономикаға араласуы шектеулі болып отыр. Зерттеулерге сүйенсек, кедейліктен зардап шегетіндердің басым бөлігі әйелдер қауымы. Себебі олар көбінесе білім алуда, еңбек етуде, сондай-ақ қаржылық қиындықтармен бетпе-бет келеді. Бұл тек әлеуметтік мәселе ғана емес, сонымен қатар тұтас өңірлердің экономикалық әлеуетін төмендететін фактор.
Тәуелсіз қаржы сарапшысы Айдар Кәкімжановтың айтуынша, кедей әйелдердің 70%-дан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Сәйкесінше аталмыш өңірлерде инфрақұрылым дамымаған, ал мүмкіндіктер шектеулі. Сол себептен әйелдер негізінен ресми жұмыстан қағылып, барға қанағат етуге үйреніп қалған. Ал мұндай жұмыста табыс тұрақсыз, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы қарастырылмаған. Сарапшының сөзінше, әйелдердің экономикалық инклюзиясына бағытталған бағдарламалар кедейліктен шығу үшін қажетті құралдарды ұсыну арқылы бұл жағдайды өзгерте алады.
Әйелдерді қолдауға арналған экономикалық инклюзия бағдарламалары келесі негізгі бағыттарды қамтиды:
Біріншісі, қаржылық тәуелсіздік. Микрокредиттер мен гранттар беру әйелдерге өз ісін бастауға мүмкіндік береді. Бұл жаңа жұмыс орындарын құрып, олардың экономикалық жағдайын жақсартады.
Екіншісі, білім беру және тәлімгерлік. Әйелдер бизнес жүргізу, қаржылық сауаттылық және маркетинг дағдыларын дамытуға бағытталған оқыту бағдарламаларына қол жеткізеді.
Үшіншісі, қауымдастық арқылы қолдау. Өзін-өзі қолдау топтарын құру әйелдерге тәжірибе алмасуға, ұжымдық шешімдер табуға және психологиялық қолдау алуға мүмкіндік береді.
Төртіншісі, нарыққа шығу. Кооперативтер құру немесе халықаралық нарықтарға шығуға көмектесу жаңа экономикалық перспективалар ашады.
Ресми деректерге сүйенсек, әлемдегі экономикалық инклюзия бағдарламаларының 33%-ы әйелдерге бағытталған. Олар кедейлікпен күресте маңызды рөл атқарады. Мысалы, Оңтүстік Азия елдеріндегі әйелдерге арналған бағдарламаларға қатысқан отбасылардың табысы алғашқы екі жыл ішінде 25%-ға артқан.
Әлемнің әртүрлі аймақтарында әйелдерге арналған бағдарламалар жоғары нәтиже көрсетуде. Оған бірнеше мысал келтіруге болады:
• Үндістан. Self-Employed Women’s Association (SEWA) бағдарламасы 1,5 миллионнан астам әйелді біріктіреді. Қатысушылар микрокредиттер, білім беру және заң көмегіне қол жеткізеді.
• Руанда. Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қатысқан әйелдер отбасыларының табысын 40%-ға арттырды. Бұл тұрақты ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламаларының нәтижесінде мүмкін болды.
• Оңтүстік Америка. Әйел кәсіпкерлерге арналған бастамалар шағын бизнесте мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға көмектесті.
Бұл мысалдар әйелдерге инвестиция салудың экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан тиімді екенін көрсетеді.
«Әйелдердің экономикалық инклюзиясы жалпы ел экономикасына үлкен әсер етеді. Сарапшылардың бағалауы бойынша, әйелдердің экономикаға қатысуын арттыру 2025 жылға қарай әлемдік ЖІӨ-ні 28 триллион долларға ұлғайта алады. Бұл жұмыспен қамту деңгейінің артуымен, отбасылардың табысының өсуімен және шағын бизнестің дамуы арқылы жүзеге асады», — дейді сарапшы.
Сонымен қатар, зерттеулер көрсеткендей, әйелдер өз табысын отбасына салады. Мысалы балаларының біліміне, денсаулығына және тамағына жұмсайды. Бұл қоғам үшін мультипликативті әсер беріп, келесі ұрпақтың өмір сүру сапасын жақсартады.
Жоғарыда аталып өткен жетістіктерге қарамастан, бүгінгі қоғамның әйелдері әлі күнге дейін көптеген кедергілерге тап болуда. Сарапшы олардың бірқатарын атап өтті.
Дәстүрлі наным-сенімдер әйелдердің экономикаға араласуын шектейді. Бағдарламалар жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, қоғамның көзқарасын өзгерту бағытында жұмыс істеуі қажет.
Екінші кедергі, ол қаржыландыру мәселесі. Әйелдер көбінесе кепілзаттың немесе ресми меншік құқығының болмауына байланысты несие алуда қиындықтарға тап болады.
Инфрақұрылымның жеткіліксіздігі де кедергілердің бірі. Ауылдық өңірлерде жол, электр энергиясы және интернеттің болмауы бағдарламалардың тиімділігін төмендетіп отыр.
«Бұл кедергілерді жою үшін кешенді шаралар қажет. Оған білім беру бастамаларын енгізу, ресурстарға қолжетімділікті арттыру және үкіметтің қолдауын күшейту керек», — дейді сарапшы.
Қазақстанда әйелдердің экономикалық инклюзиясын дамытуға ерекше мүмкіндік бар. Ауылдық өңірлерде әйелдердің саны басым, сондықтан оларды қолдау маңызды.
«Әйелдерге инвестиция салу – экономикалық өсім мен халықтың әл-ауқатын арттырудың қуатты құралы», — деп атап өтті Айдар Кәкімжанов.
Қазақстан әйелдерінің ел экономикасындағы рөлі қандай?
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2024 жылдың басында Қазақстандағы әйелдердің саны 10,25 миллион адамға жетті, бұл ел халқының 51,1%-ын құрайды.
2021 жылы 15 жастан асқан еңбекке қабілетті азаматтар саны 9,3 миллион адамды құрады, олардың 4,2 миллионы (48,3%) – әйелдер.
Әйелдер елдегі барлық жұмыспен қамтылған азаматтардың 48,1%-ын және жалдамалы жұмысшылардың 48,9%-ын құрайды.
Әйелдер басқаратын жеке кәсіпкерлер саны 2021 жылдың соңына қарай 625,1 мыңға жетіп, жыл ішінде 9,1%-ға өскен. Мұндай кәсіпорындардың жалпы кәсіпкерлік субъектілеріндегі үлесі 47,4%-дан 49%-ға дейін артты.
Әйелдер экономикаға белсенді араласқанына қарамастан, басшылық лауазымдарға келгенде гендерлік теңсіздікке тап болады. 2024 жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның Гендерлік теңсіздік индексінде Қазақстан 146 елдің ішінде 76-орынға ие болып, 2023 жылмен салыстырғанда 14 сатыға төмендеген. Дегенмен, қазақстандық компаниялардың директорлар кеңесінде әйелдердің үлесі 2020 жылғы 10%-дан 2025 жылы 14%-ға дейін өсті.
«Әйелдердің экономикалық инклюзиясы тек кедейлікті азайту құралы ғана емес, сонымен қатар тұрақты экономиканы қалыптастыру мүмкіндігі. Әйелдерге бағытталған бағдарламалар жоғары тиімділік пен экономикалық қайтарым көрсетеді. Қазақстан үшін халықаралық тәжірибені ескере отырып, оны өз ерекшеліктеріне бейімдеу өте маңызды. Гендерлік инклюзия көптеген әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешудің кілті бола алады», — деп түйіндеді сарапшы.