Бүгін – Күлкі күні. Қазақта қайны мен жеңге, құрдас-достардың арасында қалжың, әжуа кең таралған. «Сөз тапқанға қолқа жоқ», - дейді ел.
Адамды шалқасынан түсірер қағытпа қалжың мен әзіл-сықақтың түбі әріде жатыр. Әлемнің көп елі мұны өнер деп біледі. Сол себепті бұл күнді ерекше атап өтеді. Тіпті кей жерде күлкі күні бір емес, екі күн тойланады.
Мысалға, гректер Күлкі күні біреуді алдай алса, жыл бойы сәттілік серік болады деп сенеді.
Күлкі күні Франциядан бастау алады. Еуропаның кей елдері бұрын жаңа жылды 25 наурыздан 1 сәуірге дейін тойлап келді. Алайда 1582 жылы Франция Королі Карл ІХ жаңа күнтізбе енгізіп, жаңа жылды 1 қаңтарға ауыстырды. Бірақ кей адамдар өзгерісті қабылдамай, мерекені 1 сәуірде тойлауын жалғастырды. Бірбеткей адамдарды қоғам «сәуір ақымақтары» деп атап кеткен. Содан осы күні әзіл-қалжың айту қалыпты дәстүрге айналды. Уақыт өте келе сол үрдіс басқа елдерге кең таралды. Франция демекші, француздар қазір бұл күнді «сәуір балығы» деп атайды. Ерекшелігі сол, жұрт қағаздан балықтың суретін қиып алып, байқатпай біреудің арқасына жапсырып қояды. Егер оны әлгі адам байқамаса, келеке болып жүреді.
Кей елдер Күлкі күнін бірнеше күн тойлайды
Ұлыбританияда әзіл аралас әңгімені тек түске дейін айтуға рұқсат. Егер түстен кейін біреу қалжыңдаcса, оның өзі күлкіге қалады. Шотландиялықтар мерекені екі күн тойлайды. Бүгін жұрт бір-бірімен өтірік аралас хат жазысып, алдап соғады. Ал ертесіне қалжың жалғасын тауып, адамның арқасына «мені теп!» деген қағазды жапсырып қояды. Бұл күннің өзі де солай аталады. Сөйтіп, жұрт жапатармағай әзілдесіп, күлісіп, күнін көңілді өткізеді.
Немістер Күлкі күні туған бала бақытсыз болады деп сенеді
Ал немістер үшін бұл күн сәтсіздікке толы. Өйткені жұрт осы күні туғандарды бақытсыз немесе алаңғасар болады деп ырымдайды. Орта ғасырларда бұл халық 1 сәуірде басталған іс сәтсіз болады деп сенген. Әлі күнге халықтың бұл көзқарасқа сенімі сейілмеген. Сол себепті баласын осы күні дүниеге алып келген ата-аналар сәбидің туу туралы құжатын 1-2 күн кейін немесе алдын ала рәсімдеуге тырысады.
BBC: Тал басында спагетти өсірді
АҚШ пен Канадада тұрғындар бұл күнді жалған ақпарат таратып, қызықты өткізеді. Жұрттан бұрын жергілікті БАҚ бұл күнге ерекше басымдық береді. Бірінші болып бұл бастаманы әйгілі BBC телеарнасы жүзеге асырған екен. Британдық арна 1957 жылы көрерменге Швейцариядағы шаруалардың спагетти өсіріп жатқаны туралы жаңалық көрсетті. Ағашта өсіп тұрған өнімді жинап жатқан адамдардың көрінісін телеарнадан тамашалаған жұрт ақпаратқа сеніп қалған. Сөйтіп, BBC-ге хабарласып, өз бақшаларында спагетти өсірудің тәсілін сұрапты.
Fake: Google-ден иіскеу арқылы ақпарат іздеуге болады
Тағы бір алып компания Google осыдан 12 жыл бұрын 1 сәуірде жұртты ерекше жаңалығымен елең еткізді. Олар іздеу жүйесіне Google Nose, яғни Google мұрын деп аталатын жаңа нұсқасын іске қостық деп хабарлаған. Тиімділігі сол, пайдаланушы сайттан іздеген затын иіскеу арқылы таба алатыны туралы айтылған. Бірақ артынша мұның күлкі күніне арналған жалған ақпарат екенін хабарлады.
Fake: Айдың түсі жасылға боялады
NASA-ның атын жамылған фейк басылым 2016 жылдың дәл осы күні Ай жасыл түске боялады деп көпті таңғалдырған еді. Сондай-ақ олар бұл оқиғаның 420 жылда бір рет болатын құбылыс екенін ашық жазған. Әлеуметтік желіде тез таралған жаңалыққа жер шары халқы сеніп қалған.