Елімізге инвестиция тарта алмай, дерлік құр қарап отырған сала белгілі болды

Жаңалықтар

Кез келген мемлекет үшін инвестицияның экономикадағы орны елеулі.

Кейінгі жылдары Қазақстандағы инвестициялық белсенділік қарқын алып келеді. Былтырдың өзінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 19,4 трлн теңгеге жетті. Ал 2023 жылы 17,6 трлн теңге болған еді. Демек, өсім барын ешкім жоққа шығармайды. Дегенмен проблемалар жоқ емес, осыны ескеріп, инвестицияның бюджетке, халыққа қалай әсер етіп жатқанын саралап көрдік.

Әр азаматқа – 961 мың теңге

Алдымен 2024 жылы тартылған инвестициялардың негізгі көзі жеке секторда болғанын айтайық. Жоғарыда аталған 19,4 трлн теңгенің 64,4%-ы, яғни, 12,5 трлн теңгесі кәсіпорындар мен жеке компаниялардың өз қаржысынан құралған. Бұл бизнес ортадағы сенімнің жоғары екенін және кәсіпкерлердің болашаққа деген үмітінің артқанын көрсетеді.

Ал мемлекеттік қолдаудың үлесінде 4,1 трлн теңге ғана. Жалпы инвестицияның бар болғаны 21,1 пайызын құрап отыр. Банктер арқылы тартылған несие көлемі тіпті төмен – 0,7 трлн теңге. Бұған қарап, елдегі банктер инвестициялық процестерге мүлде белсенді араласпай отырғанын байқаймыз. Саладағы әлеует солардың әсерінен тежеліп отыр.

Жалпы ішкі өнім секілді, елге тартылған инвестицияны да жан басына шағу арқылы бағамдау әдісі бар. Жыл сайын артып-ақ жатыр, дегенмен қарқыны баяу. 2019 жылы бұл көрсеткіш 686 мың теңге болса, 2020 жылы күрт төмендеп, 654 мың теңге болған. 2021 жылы қайта өсіп, 697 мың теңгеге жетті, 2022 жылы – 777 мың теңге, 2023 жылы – 887 мың теңге, ал былтыр 961 мың теңгені құрады. Бірақ өңірлер арасындағы айырмашылық көп. Кей облыстар басқа өңірлерге қарағанда 7 есе қалыс қалған. Атырауда жан басына шаққанда инвестиция 3 млн теңгеден асса, Жамбылда 400 мың ғана.

Бұл көрсеткішті көршілерімізбен салыстырып көрейік. Қазақстандағы жан басына шаққандағы инвестиция көрсеткіші доллармен есептегенде 2064 болып тұр. Санкция шырмауында жүрген Ресейдің өзінде бұл көрсеткіш 2940 доллар. Өзбекстанда 1089 доллар ғана.

Қаржы тапшылығы инфрақұрылымды тоздыруда

Кейінгі жылдары Қазақстан билігі бюджет тапшылығымен бас қатырып жатқаны жасырын емес. Соның әсерінен салаларға, әсіресе, инфрақұрылымға бөлінетін ақша азаюда. Мұндайда инвестиция тартудың маңызы зор. Әйтпесе инфрақұрылымдық желілердің біразы тозғанын ешкім жоққа шығармайды.

Ұзақ уақыт бойы инфрақұрылымға жеткілікті қаражат бөлінбесе, көлік, энергетика, цифрлық және коммуналдық жүйелер дамудан қалыс қалады. Дүниежүзілік банк мамандары егер мемлекет инфрақұрылымдық жобаларға көбірек инвестиция салса, бұл өндірістік шығындарды азайтып, өнімділікті арттырып, жалпы экономикалық өсімге серпін беретінін айтқан.

Қазір Қазақстанның мемлекеттік инвестиция деңгейі ЖІӨ-нің 3%-ын ғана құрап отыр, бұл елдің инфрақұрылымдық қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге жетпейді. Қажетті көлемде қаржы бөлінбегендіктен, көлік желілері тозып, энергетикалық инфрақұрылым әлсіреп, цифрлық сектордың дамуы баяулап жатыр.

Сонымен қатар, климаттық өзгерістер мен табиғи апаттардың жиілеп кетуі инфрақұрылымға қосымша жүк. Су тасқындары елде климаттық қауіптерге бейімделу шараларына жеткілікті инвестиция салу қажеттігін көрсетіп тұр. Міне, Дүниежүзілік банктің ұсыныс – осы.

Үкімет бұл жағдайды өзгерту үшін мемлекеттік инвестицияларды екі есеге арттырып, ең алдымен көлік, энергетика, цифрлық және коммуналдық инфрақұрылымдарға басымдық беруі керек. Жақында өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдардың инвестициялық жобаларды баяу қарастырып жатқанын сынаған.

Оның айтуынша, экономиканың қарқынды дамуы өндіріс, инфрақұрылым, агроөнеркәсіп, транспорт және энергетика салаларына инвестиция құюмен тығыз байланысты. Алайда бұл процестер бюрократиялық кедергілер мен ведомствоаралық үйлесімсіздікке байланысты тежеліп отыр. Сондай-ақ, бизнес үшін ұзақмерзімді несиелердің тапшылығы да үлкен кедергі болуда.

Қазақстан экономикасының өсу не тежелуі инвестицияға байланысты. Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының болжамдарына сенсек, 2025 жылдан кейін экономикалық өсім баяулайды. Оның басты себептерінің бірі – инвестиция көлемінің қысқаруы. Бұл елдің ұзақмерзімді экономикалық тұрақтылығына қауіп төндіретін фактор. Ақырында Қазақстан экономикасының шикізаттық бағытқа тәуелділігі күшейеді. Елдің экономикалық өсімі көбіне мұнай өндіруге байланысты. Бірақ дамуға келгенде бір қара алтын жетпейді. Мамандар экономиканы әртараптандырып, жаңа салаларды дамыту қажетін көптен бері айтып келеді.

Halyk Finance талдау орталығының сарапшысы Салтанат Игенбекова осыған дейін "Қазақстанда мемлекеттік шығыстардың ұлғаюы экономикалық өсімге негіз болғанымен, бұл қаржыландырудың тұрақты көзі бола алмайды", деп пікір айтқан. Өйткені бюджет тапшылығы мен қарыз көлемінің артуы болашақта мемлекеттің инвестициялық мүмкіндіктерін шектейді.

– Қазір экономикалық өсімді қамтамасыз етудің негізгі жолы – инвестицияларды ұлғайту және капитал ағынын әртараптандыру. Шетелдік инвестицияларды тарту, инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру және жеке сектордың белсенділігін арттыру арқылы экономикалық өсімге тұрақты негіз қалыптастыруға болады. Қазақстан экономикасының көлемі шағын екенін ескерсек, ХВҚ-ның протекционизмнен бас тарту және әлеуметтік осал топтарға арнайы көмек көрсету қажеттігі туралы тезисін қолдаймыз. Әсіресе, мемлекеттік бюджет тапшылығы, салық түсімдерінің азаюы және Ұлттық қордан алынатын қаражат көлемінің өсуі жағдайында әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамыту ерекше өзекті болмақ, – дейді сарапшы.

Сонымен, инвестиця көлемі өсіп жатқанын желеу етіп, қуануға болмайтынын аңғарып отырмыз. Үкімет қарызды өтеу үшін қайта қарыз алса, бұл пайыздық мөлшерлемелердің өсуіне одан әрі себеп болады, ал жоғары мөлшерлемелер бизнеске несие алу құнын қымбаттатып, экономикалық белсенділікті баяулатпақ. Бюджет тапшылығы көбіне салықтық жүктеменің артуына немесе мемлекеттік шығындардың қысқаруына әкелуі мүмкін. Инвесторлар үшін бұл қолайсыз.