Қазақстан қымбатшылық жағынан Армения мен Қырғызстаннан асып түсті

Жаңалықтар

Кейінгі екі айда Қазақстанда инфляция қарқын алды.

Қазақстан қымбатшылық жағынан Армения мен Қырғызстаннан, тіпті Беларусьтен де асып түсті, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Елдегі жылдық инфляция 9,4 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш Ресейден ғана төмен. Ал қалған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден қымбатшылық жағынан озып тұрмыз.

Кейінгі екі айда Қазақстанда инфляция қарқын алды. Желтоқсанда ғана 8,6 пайыз болған жылдық көрсеткіші ақпанда 9,4 пайызға өсті. Алыс-жақын Еуразиялық экономикалық одақтас елдермен салыстырсақ біздегі қымбатшылық тым жоғары.

Мысалы, Армениядағы жылдық инфляция 2 жарым, беларустарда 5,6, Қырғызстанда 7 пайызды құрайды. Одақ комиссиясының дерегіне сүйенсек, дәл қазір инфляциясы 10 проценттен асқан Ресей ғана Қазақстаннан озып тұр. Экономистердің пікірінше, импорт тәуелдіктен арылмасақ жуырда бұл көшті біз бастаймыз.

"Қазір басымдыққа ие Қытай мен Ресей сияқты 2 серіктесіміз бар. Екеуімен де тауар айналымы ауқымды. Дәл қазір Ресейдің импортына тәуелдігіміз артты. Соның салдарынан сондағы экономикалық тұрақсыздық пен қымбатшылықтың бір ұшы бізге тиіп жатыр. Негізі Қазақстанда өнім жетерлік. Сыртқы саудада басқа бағыттарды да қарастыру керек", – деді экономист Марат Қайырленов.

Сарапшылар пікірінше, отандық экономика үшін ең оңтайлы инфляция межесі 2 жарым мен 4 пайыз аралығында болу керек.

Бірақ үкімет пен ұлттық банк биыл оны 5 пен 7 пайыз аралығында сақтауды көздейді. Қазіргі жағдайда оның өзі қиын болып тұр. Есте болса, ұлттық банк инфляцияға қарсы күрес мақсатында базалық ставканы 16 жарым пайызға көтерген еді.

"Базалық ставканы көтеру, екіншіден отандық тауар өндірушілердің санын арттыру, яғни, импортқа бәсеке болатындай өнделген өнім өндіріп жатқан кәсіпорындарды көбейту арқылы біз инфляцияның алдын аламыз. Біз кем дегенде ішкі сұраныстың 50 пайызын өзіміздің қазақстандық тауарлармен қамтамасыз етуіміз керек", – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.

Инфляцияны тұтынушылық бағалар индексі деп те атайды. Кейде бұл индекспен маусымға қарай құны ауысқан тауарларды алып тастап, қымбатшылықтың нақты межесін анықтайды. Бірақ экономистердің айтуынша, бұл индексті санағанда халық табысының 50 пайызы азық-түлікке жұмсалып кететіні ескерілмейді. Жылдық инфляцияға да ақылы қызметтердің қымбаттауын ғана себеп қылады дейді.