Әлемде 13 млн адам жасанды ұрықтандыру арқылы дүниеге келген

Жобалар

Әлемде 13 млн жасанды сәби бар екен. Олар қолдан ұрықтандыру арқылы дүниеге келген, деп хабарлайды 24kz.

Қазір бұлардың алды 47 жаста.

Осыған қарағанда, бедеуліктің бұрыннан бар екенін білеміз. Мұндай технологияны алдымен Ұлыбритания, сосын АҚШ енгізген. Қазір бұл әдісті Израиль барынша жүзеге асырып келеді. Одан кейін Жапония мен Дания тұр.

Экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы күйеуі жоқ әйелдер де бала сүю бақытына ие.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Жалғызбасты әйелдерге жасанды ұрықтандыру қызметін ұсыну, әсіресе, Еуропада дамыған. Португалия мен Испания, Грекияда бұл тәжірибеге жүгінетіндер көп.

Ұлыбританияда жасанды ұрықтандыру әдісіне жалғызбасты қыз-келіншектер жүгінеді

Ұлыбританияда жасанды ұрықтандыруға бала сүйе алмай жүрген бедеу отбасы ғана емес, соқабасты қыздар мен бір жыныстылар да жүгіне бастады. Өйткені олар жалғыздықтан құтылудың амалы жасанды жолмен бала сүю деп біледі. BBC агенттігі келтірген дерекке сүйенсек, 2012 жылы 1400 күйеусіз қыз-келіншек осы технология арқылы балалы болса, он жылдан кейін олардың қатары 4800-ге өскен. Тіпті бір жынысты 47 мың жұп 2022 жылы экстракорпоральды ұрықтандыру қызметіне жүгінген. Осыған қарағанда, Корольдіктегі әр төртінші ЭКҰ процедурасы бала сүюмен аяқталады.

Сами Альмусава, Plan Your Baby клиникасының медициналық директоры:

- Кейінгі үш жылда экстракорпоральды ұрықтандыру әдісіне жүгінетін жалғызбасты әйелдердің қатары 2 есе өсті. Меніңше, бұл қоғамда осыған қатысты пікірдің өзгеруіне байланысты. Жалғызбасты ата-ана мен дәстүрлі емес жұптарды қабылдау қалыпты болып барады.

Грекияда әйелдер 54 жасқа дейін ЭКҰ әдісіне жүгіне алады

Грекияда да тұрмыс құрмаған бойдақ қыздарға жасанды ұрықтандыру әдісіне жүгіну қалыпты саналады. Жергілікті заң 54 жасқа дейінгі жалғызбасты қыздарға осы қызметті алуға рұқсат етеді. Еуропалық адам репродукциясы және эмбриология қоғамының мәліметіне сәйкес, Еуропадағы ЭКҰ қызметінің орташа құны шамамен 4 мың мен 5 мың еуро аралығында. Бұл біздіңше, 2 млн 200 бен 2 млн 700 мың теңге. Бірақ аймақтағы нәтиже жаман емес. Әр қызмет алушыға көрсетілген процедураның 55%-і оң нәтижеге ие. Осы себепті Грекияға өзге өңірлерден бір жынысты жұптар мен жалғызбасты қыздар ағылып келеді екен.

Бірақ Еуропаның кей елдері бұл әдісті пайдалануға бойдақ қыздарға шектеу қойған. Австрия, Чехия, Италия, Литва, Польша, Словакия, Словения сияқты 15 елде мұндай топтағы әйелдерге ЭКҰ технологиясына жүгінуге тыйым бар. Ал Германия мен Люксембургта әйелдер жұбы жасанды ұрықтандыру қызметін ала алмайды.

Жалғызбасты әйелдерге ЭКҰ-ға тыйым салған елдер:

Австрия

Чехия

Италия

Литва

Польша

Словакия

Словения

Чанан Рассел, философия ғылымдарының докторы:

- Бір жынысты әйелдер жұбына аймақта жұмысқа орналасу, үйден шығу, некеге тұру немесе жынысын заңды түрде рәсімдеу өте қиын. Тіпті олардың жасанды жолмен бала сүюіне де заңмен шектеу бар.

Корей қыздары бала тууға асықпайды

Оңтүстік Кореяда ЭКҰ әдісіне тек тұрмыстағы келіншектер ғана жүгіне алады. Оның өзінде қызметті алу үшін жұбайының рұқсаты керек. Сол себепті қыздар күйеуге тимей тұрып жұмыртқа жасушасын алдын ала мұздатып қояды. Өйткені мұнда қыз-келіншектер тұрмыс құруға асықпайды. Корей қыздары алдымен мансап, сонан соң бала деген ұстанымға ие. 30-дан асып, 40-қа бір-ақ жеткеннен кейін барып жұмысты емес, тұрмысты ойлай бастайды. Кейінгі статистикаға сүйенсек, ЭКҰ тәсіліне жүгінетін 40 жастан асқан ерлі-зайыптылардың саны 10 жылда екі есе өскен. Бірақ елде туу көрсеткіші аз.

Кан Бо-Ён, Сеул қаласының тұрғыны:

- Меніңше, қыз-келіншектер үшін жақсы компанияда жұмыс істеу, қызметке орналасу қиын. Өйткені жұмыс берушілер әйелдер отбасылы болса, қызметін ысырып қойып, үй мен жұмыстың арасында жүреді деп ойлайды. Сол себепті олар аналарға екінші деңгейдегі адам ретінде қарайды.

Израильде ЭКҰ әйелдерге тегін жасалады

Бұл әдісті сәтті жүзеге асырып отырған тағы бір ел – Израиль. Жыл сайын израильдік мамандар әйелдерге 30 мыңнан астам ұрық енгізеді. Оның шамемен 70%-і сәтті шығып, әйелдер сәбиін өмірге алып келеді. Аталған процедура мемлекеттік емдеу мекемелері тарапынан ақысыз жүзеге асырылады. Бұл отбасылы әйелдерге ғана қатысты. Ал бойдақ қыздар процедура Ұлттық банк арқылы қаржыландырылады. Онда қызмет алушының аты-жөнін жасыру заңмен бекітілген. Бірақ 45 жасқа дейін ғана ЭКҰ-дан өтуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ мемлекеттің қолдауымен бұл әдіс арқылы тек екі бала тууға рұқсат етілген. Ал шетел азаматтары үшін технологияға көмекке жүгіну 11 мың АҚШ доллары шамалас. Бұл біздің теңгеге шаққанда – 5,5 млн.