Карлос Уриарте Санчес: Қазақстан-2025: экономика, егемендік және сыртқы позиция

Қосшы

Осы мақаламды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тіліндегі «Ana tili» газетіне берген сұхбатын саралай отырып жаздым. Сондай-ақ өткен жылдың елеулі оқиғаларын қамтуды жөн көрдім. Бұл ойлар жаңа Қазақстанның екінші президенті бастаған реформаларды халықаралық сарапшы ретінде зерделеуім мен тұрақты бақылауымның нәтижесінде туындады.

Салалардағы реформалар

Орталық Азиядағы ең ірі және экономикасы дамыған мемлекет Қазақстан 1991 жылдың 16 желтоқсанында тәуел­сіз­дік алды. Елдің қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қос палаталы Парламентке – Сенатқа (жоғарғы палата) және Мәжіліске (төменгі палата) үлкен функция мен өкілеттік беріп, президенттік саяси жүйесі бар мемлекет құрып жатыр. Аумағы жағынан Қазақстан – 17 облыстан және үш ірі қаладан тұратын унитарлы мемлекет. Өңірлерде әкімдерді сайлау үдерісі неғұрлым белсенді және демократиялық түрде іске асырылып жатыр. Президент Тоқаевтың сөзімен айтсақ, Қазақстанда «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» саяси жүйесі қалыптасып келеді.

Елдің барлық аймағында 2024 жылы инженерлік және инженерлік инфра­құрылымды жаңғырту жұмысы жүр­гізілді. 18 млн шаршы метр тұрғын үй, 7 мың шақырым жол салып, жөнделді, Алматы, Қызылорда, Шымкент қалала­рының әуежайларында жаңа жолаушылар терминалдары ашылды. Сондай-ақ мұнай-химия, металлургия, тау-кен өнеркәсібінде ірі жобалар жүзеге асырылды. Өңдеу өнеркәсібі қарыштап, елдің өнеркәсіптік құрылымында өндіруші сектормен бірдей деңгейге жетті. Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенінде технология айтарлықтай жаңартылып, кейінгі 10 жылда 27 млн тоннаға жуық дәнді дақылдан рекордтық өнім алынды. Елде жүйелі экономикалық реформа жүргізілді, бұлар кейбір жағдайда күрделі жүзеге асқанымен, бірақ қазір жемісін беріп келеді.

Әлеуметтік реформалардың ішінен «Ұлттық қор балаларға» жобасын айту­ға болады. Сондай-ақ зейнетақы, жәр­демақы, шәкіртақы, мемлекеттік қыз­меткерлердің жалақысы көтерілді. Рес­публика бойынша жүздеген жаңа мек­теп, балабақша мен спорт кешендері салынып, оннан астам беделді шетелдік университеттің филиалдары ашылды. Бұқаралық спортты дамытып, аза­мат­тардың шығармашылық әлеуетін ны­ғайтуға да баса назар аударылды.

Су кодексі қаралып жатыр

Жалпы, 2024 жыл елге күрделі жыл болды. Көктемде су тасып, облыстардың жартысы зардап шекті. Апат кезінде Үкімет жедел қимылдап, қажетті техника жеткізіліп, тұрғындарға гуманитарлық көмек дер кезінде көрсетілді. Ресми ақпаратқа сәйкес, табиғи апат салдарымен күресуге түрлі министрліктің (қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар) шамамен 63 мыңдық жеке құрамы жұмылдырылған.

Үкімет кейінгі онжылдықтарда қор­ғаныс бөгеттері мен басқа да гидро­техникалық инфрақұрылымдарды салу­ға тиісті көңіл бөлген жағдайда су тас­қынының алдын алуға болатынын мойындай отырып, сынды қабылдай білді. Өткен жылы Испанияда DANA (Depresion Aislada en Niveles Altos) деп аталған қатты нөсерден Валенсия провинциясы зардап шеккен еді, осыдан кейін біздің билік те қорытынды жасайды деген үмітіміз бар.

Қазақстанда 40-тан аса жаңа су қой­масын салу және бұрыннан бар 37 су қоймасын қалпына келтіру, сондай-ақ 14 мың шақырымнан аса суару қон­дырғысын жаңартуды көздейтін Су кодексінің жаңа жобасы, яғни су ресурс­тарын басқарудың кешенді жос­пары парламентте қаралып жатыр. Ғылы­ми-зерттеу жұмысын күшейту және су шаруашылығы мамандарының тап­шылығын шешу мақсатында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті де құрылды. Қазақстанның осы саладағы көшбасшылығының мысалы ретінде Франция мен Қазақстанның төрағалығымен желтоқсан айының басында Сауд Арабиясында өткен «One Water» саммитін айтуға болады. Бұл Орталық Азия мемлекеті үшін су қауіпсіздігі мен климаттың өзгеруі мәселелерінің басымдық екенін көрсетеді.

Ал Ақтау қаласында Әзербайжан әуе ұшағы апатқа ұшырағанда Қазақстан ынтымақтастық, ауызбірлік пен достық­тың адал үлгісін көрсетті. Өткен жыл­дың 25 желтоқсанында Маңғыстау об­лысының Ақтау қаласында 38 жолаушы, оның ішінде алты Қазақстан азаматы қаза тапқан Әзербайжан лайнері апатқа ұшыра­ған еді. Үкімет жедел ко­миссия құрды. ­17 халықаралық сарап­шы шақырылды, оның ішінде ICAO және Мемлекетаралық ­авиация комите­тінің өкілдері бар. Комис­сия тергеуде бей­тараптық пен объективтілікті қам­тамасыз ету мақсатында апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшіктерін әуе кемесі шығарылған ел Бразилияға жіберу туралы шешім қабылдады.

Жастарға басымдық берген ел

Елдің бас қаласы Астанада, сондай-ақ Алматының көшелерімен серуендеп жүргенде бірнеше кішкентай баласы бар көптеген жас отбасын көресің. Осыған қарап, Қазақстан үлкен адам капиталы бар мемлекет деп айтуға болады. Жоғары патриоттық сезімі мен мәдени деңгейі жоғары ұрпақ қалыптасып келеді. Қазір оқып, жұмыс істейтін қазақ жастары көп. Мен өзім Сантьяго-де-Компостела (University of Santiago de Compostela), Сан-Пабло-СЕУ (San Pablo-CEU University) университеттері мен Эмпреса институтында (Instituto de Empresa) оқып жүрген қазақ студенттерін кездестір­дім. Қазақстан жас ғалымдарының шетел­дегі ғылыми орталықтарда тағылым­дама­дан өтуіне жағдай жасап отыр. Сондай-ақ түрлі елдермен студент алмасу бағ­дарламаларымен қатар, Еуропа­лық одақтың Эразмус+ бағдарламасы, «Болашақ» халықаралық стипендиясы арқылы өз жастарын шетелде оқытып отырған әлемдегі санаулы елдің бірі. Бұл – қазақстандық брендті әлемге танытудың бір жолы. Ел үкіметі бұл мамандардың елде жұмыс істеуіне, шетелде қосымша білім алып, елге оралуына жағдай жасап отыр. Сондай-ақ білікті мамандардың өзге елге кетуіне жол бермеуге тырысады. 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды, бұл жерде жастардың жетекші рөл атқаратыны сөзсіз.

Елде мемлекеттік тіл қазақ тілін насихаттау кеңінен жүргізіліп жатыр. Қазақ тілі жер шарындағы ең көп сөйлейтін тілдердің ішінде 79-орында тұр, оның қолдану аясын кеңейту өте маңызды. «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен оны қорғау мен насихаттауға арналған арнайы қор бар. Оны қолданып, жаңа технологиялар енгізуге ерекше назар аударылып отыр (тіпті тілде жасанды интеллект құралы жасалған). Қазақ халқының бірлігін нығайтуда қазақ тілі маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Бұл – кәсіби өсу мен табысқа жетудің іргелі факторы деп санайтын жастар арасындағы трендтегі тіл.

2025 жылға арналған мемлекеттік жобалар

Көлік инфрақұрылымы. 2024 жыл­дың жазында бес жылға, яғни 2029 жылға ­дейін жаңа Ұлттық инфрақұрылым жос­пары бекітілді. Ол 40 млрд теңгеден аса ин­вестицияны құрайтын 200-ден аса жобаны қарастырады. Олардың ішінде «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінің екінші жолының 836 шақырымын, Алматы стансасының айналма жолды аяқтау және вагон паркін жаңарту жұмысын ерекше атап өтуге болады.

Энергетика секторы. Энергетика саласына қатысты жалпы қуаты 600 мегаваттан асатын ірі жобалар әзірленіп жатыр. Қазір күн, су, электр стансаларын салатын шетелдік инвесторлармен келісімдер тоқтап тұр, есесіне жасыл энергия айтарлықтай өседі. Теңіз кен орнын болашақта кеңейту жобасының құрылысы және Ақтау битум зауытының өндірістік қуатын кеңейту де аяқталады. Қазір «Tecnicas Reunidas» Қазақстандағы ең ірі минералды тыңайтқыш өндіруші компаниясы Маңғыстаудағы «Morport Aktau» арнайы экономикалық аймағындағында мұнай-химия зауытының құрылысын бастады. «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбыры, «Жаңаөзен-Ақтау» газ құбы­рының төртінші желісі, Атырау облы­сындағы автоматтандырылған газ тарату стансасы пайдалануға беріледі.

ап

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Автокөлік. Елде машина жасау саласы одан әрі дами бермек. Жетекші әлемдік брендтердің автомобильдерін шығаратын жаңа өндіріс желілері ашылады. Сондай-ақ Қостанайда іштен жанатын қозғалтқыштар мен жетекші ось тетіктеріне арналған темір құймалар өндірісі басталады.

Әлеуметтік сектор. Ауылдық жерлерде медициналық мекемелердің құры­лысын, оқушылардың жақсы білім алуына жағдай жасауға арналған «Ауыл ден­саулығын жаңғырту» ұлттық жобасы­ның маңызы зор. Бүгінде 217 мектеп (оның 105-і аяқталды) құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар 2029 жылға дейін жыл сайын 10 мың жалдамалы тұрғын үй сатылымға шығарылады. Осы мақсатта «Отбасы банк» бір терезе жүйесі арқылы тіркеу мен бөлуді басқаратын даму инс­титутына айналады.

Цифрландыру. БҰҰ рейтингі бо­йынша Қазақстан – әлемде электронды үкіметті дамыту бойынша 24-орын­да. Отандық банктер өздерінің цифрлық экожүйесін құрып жатыр. Елде IT-қыз­меттердің экспорты ұлғайып, «Astana Hub» табысты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ ел Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығын (Alem.AI) ашу арқылы Еуразия кеңістігін­дегі жетекші цифрлық орталықтардың біріне айналуды мақсат етіп отыр. 2024 жылы елдің 15 университетінде «Google» компаниясының AI курстары оқытыл­ды. Ал қазір Парламент депутаттары жасанды интеллект туралы заң жобасын әзірлеуге бастамашы болып отыр.

Кәсіпкерлік. Жақында кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған кәсіпкерлік туралы заң қабылданды. Мем­лекет шағын және орта бизнесті субсидиялау, несиелік кепілдіктер беру және жеңілдікті несиелер арқылы қолдайды. Бұл секторда 4,3 млн-ға жуық адам жұмыс істейді. Мемлекет ірі компаниялардың дамуына да мүдделі. Әлеуметтік салада да мемлекет-жекеменшік әріптестік жақсы жолға қойылған. Шетелдік компаниялар да өз өкілдіктерін ашып жатыр. Жақында БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты аймағына арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы 2024 жылғы ­баяндамасында Қазақстанда былтыр жаңа жобаларға 15,7 млрд доллар тікелей ше­тел­дік инвестиция тартылғанын, яғни 2023 жылмен салыстырғанда 88 пайызға өскенін атап көрсетті. Бұл көрсеткіш тікелей шетелдік инвестициялардың үштен екісі (63 пайыз) Орталық және Солтүстік Қазақстан өңіріне құйылғанын көрсетеді.

Жеңістің 80 жылдығын тойлауға арнал­ған жыл. Екінші дүниежүзілік со­ғыс­та нацизмді жеңген күнін еске алу мем­лекеттік күн тәртібінде маңызды орын алады. Естеріңізге сала кетейік, қазақтар барлық майданда ерлікпен шайқасып, сол кездегі Қазақ КСР-і құрамында болған кеңес одағының әскерін қару-жарақпен, өнеркәсіптік тауарлармен және азық-түлікпен қамтамасыз етіп, фашистерді талқандауға ерекше үлес қосты.

Халықаралық саясатта бәсі биік

Саясатта және халықаралық қаты­нас саласында география маңызды еке­­нін ескер­сек, Қазақстан Орталық Азия­­­ның, Ресей мен Қытайдың орта­сын­да орна­ласқан. Сондықтан бұл ел бұрын-соңды болмаған жаһандық геосаяси шиеленістен тыс қала алмайды. Мұнда АҚШ, Еуропалық Одақ секілді державалардың да мүдделері бар. Түр­киямен терең тарихи мәдени қарым-қатынас байланыстырады. Украинадағы қақтығыс басталғалы бері Ресейдің елдегі ықпалы аз болғанымен, патшалық және кеңестік Ресейдің ықпал еткен жылдары өз уақытында сақталғаны сөзсіз. Осыған қарамастан, Қазақстан күрделі сценарийде көмірсутекке, газға және мұнайға негізделген байлық көздерін бекіте отырып, сонымен қатар экономикасын жоғарыда аталған басқа да маңызды салаларда әртараптандырып, интеллектуал­ды көпвекторлы сыртқы саясатты ұстан­ды. Осы көпвекторлы сыртқы саясат­тың нәтижесінде Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың орта держава мүшесі ретінде ЕҚЫҰ (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы), Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ), НАТО-ның Бейбітшілік үшін әріптестік және Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) мүшесі болды.

Президент Қ.Тоқаев халықаралық қатынастар жүйесі дағдарысқа ұшырап, алпауыт державалар арасында тұрақ­сыздық күшейіп келеді деген пікірін білдіріп жүр. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі іс жүзінде осал болып қалды. Осының барлығы көптеген елдің экономикалық және әлеуметтік дамуы­на әсер етіп, оны тежеп отыр. Демек Қазақстан өсіп келе жатқан орта держава ретінде басқа орта державалармен бірге белсенді рөл атқара алады, геосаяси шиеленістегі полюстердің арасында жаңа берік көпірлер құра алады, осылайша, жаһандық деңгейде орын алған қарама-қайшылық деңгейін төмендетуге ықпал етеді.

Ресеймен қарым-қатынас. Екі елді тарихи экономикалық және мәдени қа­рым-қатынастар байланыстырады. Бұл елдер әлемдегі ең үлкен территория­сымен шектеседі. 2024 жылдың қарашасында Ресей Президенті сауда-экономикалық, көлік-логистика, энергетика, мәдениет және білім салаларындағы екіжақты күн тәртібін талқылау үшін Қазақстанға ресми сапармен келді. Бұл диалогте екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері және халықаралық күн тәртібі бойынша өзара түсіністік нығайтылды. Ал Қазақстан Президенті елдің көпжақты сыртқы сая­сатының Ресеймен стратегиялық серік­тестік пен одақтастыққа сәйкес келетінін айтады. Осы ресми сапар барысында Владимир Путинмен бірге Ресей үкі­метінің жартысына жуығы болды, бұл қа­зіргі жағдайда Қазақстанның қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Сондай-ақ Ресей Президенті Қазақстанға 33 рет келген, ең көп барған елі де – осы мемлекет.

ҚХР-мен қарым-қатынас. 2023 жылы Қазақстан мен Қытай өзара виза­сыз режім туралы келісім жасасып, ынты­мақтастықты одан әрі дамытуға уағда­ласты. Қытай – елдің алғашқы сау­да серіктесі, ел экономикасының ірі инвес­торларының бірі. Екі ел де өз­­ара сауданы еселеуге дайын. Биыл Қазақ­­станда Орталық Азия-Қытай сам­­миті өтеді. Екі елдің серпінді және көпқыр­лы қарым-қатынастары бар, оны мәңгілік стратегиялық серіктестік деп тұжырымдауға болады. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев қытай тілін жетік біледі және бұл оның Си Цзиньпинмен ерекше қарым-қатынасын жеңілдете түсері анық.

АҚШ-пен қарым-қатынас. Прези­дент Қ.Тоқаев 90-жылдардың ортасынан бастап Қазақстан-Америка қарым-қатынастарын орнатуға белсене қатысты. Осы үш онжылдықта екі ел арасындағы сау­да және инвестициялық ынтымақтастық, қауіпсіздік және ядролық қаруды таратпау сияқты басымдықтарға ортақ көзқарас қалыптасты. Бұл сондай-ақ екі ел арасындағы Трамптың жаңа әкім­шілігімен оң қарым-қатынас құруға тірек болары анық. Негізі Қазақстан – АҚШ-тың маңызды стратегиялық серіктесі. Украина қақтығысына қатысты Қазақстан әу бастан бейбітшілікке қол жеткізу үшін келіссөздерді бастауды жақтап келеді және ел халықаралық мәселелерді шешуге әрқашан көмектесуге дайын.

Түркі мемлекеттерімен ынтымақ­тастық. Өткен жылы Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) төрағалық етті. 2024 жылы ұйымға мүше елдер ара­сындағы өзара сауда көлемі 45 млрд доллардан асты. Бұл елдердің Халық­аралық Транс­каспий көлік дәлізін жүзеге асырудағы маңызды рөлін атап өткен жөн. Қазақ­стан төрағалығы кезінде сая­си, экономикалық, сауда-саттық, көлік-логистика, мәдени-гуманитарлық сала­­лар­дағы ынтымақтастық одан әрі дамыды. Түркі қауымдастығы елдері энергетика, өнеркәсіп, цифрлан­дыру және ауыл шаруашылығы сияқты сала­лардағы ынтымақтастықты кеңейту­ді жоспарлап отыр. Астанада 8-13 қыркүйек аралығында V Дүние­жүзілік көшпелілер ойындары өтті.

Еуропалық Одақпен ынтымақтас­тық. Осыдан он жыл бұрын Астанада ЕО мен Қазақстан арасында қарым-қатынас Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісіммен бекі­­тілді. Еуропалық Одақ – Президент Қ.Тоқаев басқарып отырған экономика­лық реформалар мен жаңғырту саясатын қолдайтын Қазақстандағы алғаш­қы сауда және инвестициялық серіктес. ­2024 жылдың 14 қазанында Люксем­бург­те Қазақстан-Еуроодақ ынтымақ­тас­тық кеңесінің 20-отырысы өтті. Онда екі ­тарап ынтымақтастығын кеңейтуге ­және тереңдетуге, Кеңейтілген әріптестік ­пен ынтымақтастық туралы келісімнің ­то­лық әлеуетін талдауға, дамытуға да­йын­ екендерін растады. Жалған ақпарат пен оның қаупі талқыланды. Сондай-ақ Еуропалық Одақ 2022–2024 жылдар ара­лығында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүшелік кезінде Қазақстанмен тамаша ынтымақтастықты атап өтті.

Қазақстан мен ЕО арасындағы кеңей­тілген ынтымақтастық, әсіресе Еуропалық Одақтың Жаһандық шлюз стратегиясы аясындағы Транскаспий көлік дәлізі жобасы арқылы көлік байланысын нығайтуға да ұмтылады. Сол сияқты Қазақстан өткен жылдың 3 қазанында Түрікменстан астанасы Ашхабадта сол кездегі халықаралық әріптестік жөніндегі Еуропалық комиссары Ютта Урпилайненнің қатысуымен өткен жоғары деңгейдегі саяси ұлықтау іс-шарасына белсенді түрде қатысты. Сонымен қатар ЕО мен Қазақстан Ынты­мақтастық кеңесіне параллельді көлденең авиация туралы келісімге қол қойды. Енді екі тарап негізгі және маңызды шикізат саласында ынтымақтасып, жақын арада 2025–2027 жылдарға арналған жаңа жол картасына қол қояды деп күтіліп отыр. Қазақстан 2023 жылы қарашада ЕО Шикізат апталығына қатысып, оның 2024 жылы Минералдық ресурстарды қамтамасыз ету жөніндегі серіктестікке қосылды. ЕО блогі мен Қазақстан да виза режімін жеңілдету туралы келісімге, сондай-ақ реадмиссия келісіміне қатысты келіссөздер жүргізіп жатыр. Қазақстан еуропалық энергетикалық қауіпсіздікте маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар одақ жаңартылатын энергия көздерін дамытуды қолдайды. Қазақстан Эразмус бағдарламасына және Horizon Europe аясындағы Мари Склодовска-Кюри іс-шараларына белсенді түрде қатысады, мұнда қазақстандық зерттеушілердің үлкен әлеует бар.

Қорытындылай келе, 2025 жыл Қазақ­стан үшін экономикасын, егемен­дігін және сыртқы позициясын одан әрі нығайта түсетін жыл болады деп сеніммен айтуымызға негіз бар.

Дайындаған –

Гүлнар ЖОЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»