Бүгін қазақ музыкасында өлшеусіз із қалдырған дара тұлға – Нұрғиса Тілендиевтің туған күні.
Тура бір ғасыр бұрын өмірге келген ұлы композитордың мерейтойын атап өту халықаралық деңгейде жыл басында басталып кетті. Мысалы 2025 жыл – ТҮРКСОЙ ұйымы аясында Нұрғиса Тілендиевті еске алу жылы болып жарияланды. Бүгін Астана мен Алматы қаласында бірқатар мәдени іс-шаралар өтеді.
Атақты композитор Нұрғиса Тілендиевтің күй өнеріндегі орны бір төбе. Оның он саусағынан төгілген «Аққу», «Әлқисса», «Ата толғауы», «Арман», «Ақсақ құлан» және «Махамбет» күйлерінің қай қайсысы болсын тыңдарманның жүрек түбінен орын тапты. Біртуар тұлға күйден бөлек, ән, романс, поэмалардың да авторы. Драмалық қойылымдар мен мультфильмдерге музыка жазғанын өнерсүйер қауым жақсы біледі. Нұрғиса Атабайұлының музыкалары талай көркем фильмнің де шырайын келтірді.
Мұрат Әбуғазы, ҚР Мәдениет қайраткері, күйші:
- Бір «Қыз Жібек» фильмін алайықшы, соның ішіндегі музыкасының өзі мынау киноның, былайша айтқанда, 50% дүниесін, жүгін көтеріп тұр деп айтуға болады. Музыканың әсерлеуімен, музыканың көркемдеуімен қазақтың руханиятын музыка арқылы жеткізуі Нұрағаңның бір асқан шеберлігі, бірегей талантының арқасы деп білемін.
Нұрғиса Тілендиев бірнеше жыл Құрманғазы оркестрінде дирижер болды. Кейін 1980 жылы филармония жанынан «Отырар сазы» оркестрін құрды. Ұжым үш ішекті домбыралар, қобыз, сыбызғы, саз-сырнай, жетіген, шаң қобыз, асатаяқ секілді ертеден белгілі музыкалық аспаптармен ерекшеленді. Артынан оған нар қобыз, жез қобыз, мес қобыз, сазген, аса, шертер, даңғыра және тағы басқа аспаптар қосылды. Шәкірт тәрбиелеп, «Отырар сазы» орекстрін халықаралық деңгейге көтерді.
Ермұрат Үсенов, Нұрғиса Тілендиевтің шәкірті:
- Нұрғиса Тілендиев жұмыс істегенде әрбір шығарманы, басқа біреу алып келсін, біреу түсіріп келген шығарманы өте тыңғылықты істейтін, бір шығарманы 4-5 күн, кейбір шығарманы бір жеті жаңағы тазалайтын, сөйтіп, тазалап барып, терлеп-тепшіп, жаңағы жұмыс істеп, халыққа жаңағы контрапункттардың бәрін дұрыстап жеткізетін, кез-келген жаңағы тыңдарманға сол оркестрлік шығарма түсінікті болатындай ғып жасайтын.
Нұрғиса Тілендиевтің дирижерлік қырын оркестрде ойнаған өнерпаздар жақсы біледі. «Әр аспаптың мінсіз орындалуын байқап, естіп тұратын», — дейді ол.
Халық қаһарманы Нұрғиса Атабайұлы Алматы облысы бұрынғы Шилікемер, қазіргі Нұрғиса Тілендиев ауылында 1925 жылдың 1 сәуірінде өмірге келген. Ол шығармашылығында бір ғана өңірдің өнер мектебін арқалаған жоқ. Жетісудың күйшілік мектебінен бөлек Алтайдың, Арқаның, Сырдың, Маңғыстау мен Батыс күй өнері өкілдерінің шығармаларын шебер орындап, ұлттық өнерімізді бүкіл әлемге танытты. Ғасырлар қойнауынан келе жатқан қазақ халқының асыл мұрасын бүгінгі жастарға жеткізді.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев