Мультфильмнің тілі табиғи болуы шарт – Асхат Аймағамбетов

Жаңалықтар

Кейбір мультфильмдерде кейіпкерлер канцеляризммен, жасанды тілмен сөйлейді , деді депутат.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Telegram арнасында биыл мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитеті қазақ тіліндегі мультфильмдерге республикалық бюджетті қарау кезінде 300 млн теңге бөлінуіне ұсыныс жасап, қол жеткізгенін айтты.

"Бұл – маңызды қадам. Бірақ ендігі мәселе – олардың мазмұны, сапасы және қолжетімділігі", – деген депутат қазіргі мультфильмдердегі тіл мәселесіне ерекше тоқталды.

"Мультфильмдегі тіл – табиғи болуы шарт Кейбір мультфильмдерде кейіпкерлер канцеляризммен, жасанды тілмен сөйлейді. Бұл – баланың құлағына түсініксіз, қызықсыз, жат естіледі. Сондықтан, қарапайым, шынайы, тірі қазақ тілі қолданылуы тиіс және бала оны тыңдап, өз тілімен байланыс орнатуы керек", – деді Асхат Аймағамбетов.


Оқи отырыңыз:

  • Президент: Жеке қаржыға түсірілген фильмдерді сүзгіден өткізу керек
  • Аймағамбетов: Балалар "Маша и Медведь" пен "Синий трактормен" шектелмей, қазақша мультфильмдер көруі тиіс

Мәжіліс депутатының сөзінше, бұл ретте YouTube желісінде қазақ тіліндегі мультфильмдердің үлесін арттыру керек. Өйткені, ол балалардың негізгі алаңына айналып отыр.

"Бүгінде балалардың көбі телевизор емес, YouTube көреді. Бірақ онда қазақ тіліндегі қызықты, заманауи мультфильмдер өте аз. Сондықтан, қазақ тіліндегі сапалы, балаларға тартымды мультфильмдер YouTube-та қолжетімді болуы қажет және балалардың жас ерекшеліктеріне сай плейлисттер мен сериялар құрылуы керек", – деді ол.