Астанадағы автобус апаты: аяғынан айырылған қыз ауруханадан шығарылды

Жаңалықтар

Астанада автобус апаты салдарынан аяғынан айырылған қыз стационардан шығарылды, оны одан әрі оңалтуға дайындап жатыр. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов мәлімдеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовтың айтуынша, бүгін бала ауруханадан шығарылған.

"Зардап шеккендердің барлығына, соның ішінде жеті жасар балаға да уақытылы шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Ол стационардан шығарылды", — деді шенеунік ОКҚ брифингінде.

Оның айтуынша, дәрігерлер қызға толық көмек көрсеткен. Бала Ақмола облысы Егіндікөл ауданындағы медициналық мекемеде одан әрі ем алады, себебі осы жаққа тіркелген. Тимур Мұратовтың сөзінше, жергілікті емхана жеке оңалту бағдарламасын әзірлеумен айналысып жатыр.

"Өкінішке қарай, аяғын кесу керек болғанын бәрі біледі. Мұның бәрі өмірін құтқару үшін жасалды. Отадан кейінгі жаралары емделгеннен кейін баланы оңалтумен айналысамыз", — деді ол.

Еске салайық, 2 маусымда Астанада автобус жол бойындағы бағанаға соғылды. Жол апаты Республика даңғылында болды. Оқиға салдарынан 10 адам зардап шеккені хабарланды. Кейін олар елорданың түрлі стационарларына жеткізілді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget