Елімізде легионерлерді бюджеттен қаржыландыруға тыйым салынады , деп хабарлайды 24kz.
Бүгін Сенат тиісті заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Елде ала доп қуған футболшылардың жартысына жуығы шеттен келген. Бірақ отандық футбол премьер-лигасында ойнайтын шетелдік спортшылардан еш нәтиже болмаған. Сондықтан енді қаржы Олимпиада, Паралимпиада, Азия ойындарында жеңіске жеткен жергілікті спортшыларды қолдауға жұмсалады. Сенат мақұлдаған заң Президентке қол қоюға жолданды.
Айнұр Қуатқызы, тілші:
- Қымбат легионерлердің дәурені өтті. Қазақстаннан атақ, абырой, ақша іздеп келгендерге тықыр таянды. Енді шетелдік спортшыларды жалдайтын футбол, баскетбол, хоккей сынды клубтар олардың жалақысын өздері төлейді. Не болмаса, демеуші іздеуіне тура келеді. Себебі, мемлекет бюджетінен «көк тиын» төленбейді.
Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:
- Осы легионерлерге бөлініп жатқан қаражат үнемдеу және оның оптимизация ретінде, әрине, балалар жасөспірімдер спортына жіберілетін болады. Ол тапсырма алдыңғы жылда да, биылғы жылда да Жолдауда Қасым Жомарт Кемелұлы біздің салада осындай міндет қойған болатын. Сондықтан біз барлығы өңделген қаражатты балалар және жасөспірімдер футбол болсын, басқа да спорт түрлері болсын соларға жіберетін боламыз.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, соңғы 24 жылда отандық футбол премьер-лигасының құрамында 150-ге жуық шетелдік футболшы ойнаған. Яғни, жалпы құрамының тең жартысы легионер. Қазақстандық футболдың «добын өрге домалатамыз» деп келіп, миллиондап айлық алғанымен, әлемдік аренаға шығара алмады. Үмітті ақтамады. Сондықтан бұдан былай заң бойынша бюджеттің әр тиыны есептеп жұмсалады. Ел абыройын асқақтатып жүрген чемпиондарымыз бен бапкерлерге көмек көрсетіледі.
Мәулен Әшімбаев, ҚР парламенті Сенатының төрағасы:
- Соңғы жылдарда елімізде спорт саласын дамытуға баса мән беріліп келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында спортты дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Бүгін қаралған заң – спорт саласын басқаруды жетілдіру бағытында іске асырылып жатқан маңызды қадамдардың бірі. Заңда спорт саласына бөлінетін бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін ережелер қамтылды.
Сондай-ақ мемлекет тарапынан қаржыландырылатын бағыттар айқындалып, 11 ұлттық спорт түріне басымдық беріледі.
Әсем Рахметова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бүгінгі таңда қоғамда көп талқыланып жүрген, мемлекет тарапынан қаржыландыратын спорт түрлерін қысқаруына байланысты мәселе көтерілді. Бүгінгі таңда шамамен 60 спорт түрдері қарастырылады, соның ішінде мына Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада және Азия ойындарының ойындары ұлттық құрамалар командаларының өнер көрсету нәтижелері бойынша қалыптасады деген ұғым, яғни, бүгінгі таңда қоғамда көп талқыланады. Сонымен қатар кейбір пікірлер қалыптасып жатыр. Жалпы біздің еліміздегі спорт саласын қолдауға бағытталған шаралардың бірі деп ойлаймын.
Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің жаттықтырушыларын қолдау үшін аптасына 18 сағат жүктеме нормативі белгіленеді. Нәтиже көрсетпеген мемлекеттік спорт ұйымдарының басшылары жұмыстан кетеді. Себебі елде бір орында 28 жыл тапжылмай отырғанымен межелі міндетті орындамаған басшылар бар болып шықты.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Нұрсұлу Өмірхан, Мәдияр Қынбыдаев