Жоңғар Алатауында жабайы жануарлар көбейді

Жаршы

«Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрылғанына биыл 15 жыл толды, деп хабарлайды 24KZ. Жетісу Алатауындағы 356 мың гектардан асатын аумақ ерекше қорғауға алынғалы жабайы жануарлардың саны артқан. Арқар, бұғы, тауешкілерді айтпағанда табиғатта сирек кездесетін барыстар мен қоңыр аюлар көбейіп, бейнекамераға жиі ілігетін болды. Алманың түп атасы саналатын Сиверс ағашы мен орман қоры да молайып келеді. Себебі табиғат сақшылары көшет егу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді.

«Жоңғар Алатауы» ұлттық паркінің қызметкерлері 15 жылда 1,5 млн Сиверс алма ағашын еккен. Орман қорын молайту үшін олар жыл бойы еңбек етеді. Мысалы, қазір 14 түрлі тұқымнан өсіп шыққан өскіндердің түбін қопсытып, келесі жылдың көшетін дайындап жатыр.

Тимур Әубәкіров, «Жоңғар Алатауы» МҰТП қызметкері:

- Жыл сайын біз 25-30 мың дана Сиверс алма ағашының көшетін өсіріп, тауға егеміз. Орташа есеппен алғанда олардың 85%-і өсіп шығады. Сол арқылы орман қорының ауқымын ұлғайтып келеміз.

Ұлттық парк аумағында өсімдіктің 2 мыңнан аса түрі өседі. Сүтқоректілердің 50, құстардың 170 түрі мекендейді. Қорықшылар жабайы жануарларды қару асынған қаскөйлерден, ал жасыл желекті өрттен қорғайды.

Айдана Тұрыспекова, «Жоңғар Алатауы» МҰТП қызметкері:

- Орман өртіне қарсы үш көпір салынды. 2025 жылы маусым айынан бастап тағы да үш қосымша көпір салу жоспарланып отыр. Маңыздылығы табиғат қорғау табиғат сақшылары үшін өте зор. Табиғат байлығын сақтап қалу – біздің ортақ міндетіміз.

Парк қызметкерлері табиғатта сирек кездесетін аң-құстар мен жабайы жануарларды есепке алу үшін «ақылды» технологияларды қолданады. Фототұзақтар биік жартастарға, бастау-бұлақтардың жанына орнатылып, бейнежазбалар мәліметтер қорына енгізіледі. Ұзақ жылғы тіркеу, қорғау жұмыстары бүгінде өз нәтижесін берген.

Жанарбек Молдахан, «Жоңғар Алатауы» МҰТП бөлім жетекшісі:

- Парк құрылған жылы парк аумағында барыстың саны санаулы ғана болса, 2024 жылғы және 2025 жылғы көктемдегі санақ бойынша барыстың саны 30-ға жетіп отыр. Сонымен қатар парк құрылған жылы 80 бас Тянь-Шань аюы тіркелген болса, 2024 жылы 305 басқа артып отыр.

Көлемі жағынан елде үшінші орын алатын паркте 200-ден аса адам жұмыс істейді. Олардың көп жылғы еңбегі мен қырағылығының нәтижесінде жан-жануарлар көбейіп, көріктігі көз тартатын тұмса табиғатымыз сақталып келеді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев