Сәуірдің 3-і мен 4-і аралығында Самарқандта Орталық Азия+Еуропалық Одақтың тұңғыш саммиті өтеді, деп хабарлайды 24kz.
Кеңеске Орталық Азия басшылары мен Еуропалық Одақ кеңесінің президенті Антониу Кошта, Еуропалық комиссияның жетекшісі Урсула фон дер Ляйен келеді деп жоспарланып отыр. Жиында Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақтың саяси экономикалық байланысын арттыру, Транскаспий халықаралық дәлізінің мүмкіндігін кеңейту мәселелері талқыланбақ.
Дулат Нуркин, тілші:
- Транскаспий халықаралық көлік жолы Қытайдың Тынық мұхиты жағалауынан басталады. Қазақстан – Еуразиядағы маңызды транзиттік хаб. Біз үшін орта дәліздің стратегиялық маңызы зор. Көпшілік мұны Қытай мен Батысты байланыстырған Ұлы Жібек жолының баламасы санайды. Ал Еуропалық Одақ қазіргі геосаяси ахуалға байланысты бұл бағытты дамытуға мүдделі.
Равшан Назаров, саясаттанушы:
- Бұл рете жоспарланып отырған кездесудің форматы өзгеше. Еуроодақтың нақты жоспары бар. Атап айтқанда, Еуроаймақ елдері Орталық Азияның көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға, тиісінше, оған қосылуға мүдделі. Оның ішінде Еуропа Орта дәліздің әлеуетіне қызығушылық білдіріп отыр.
Кәрі құрлыққа жаңа ресурс көздері қажет. Ал Орталық Азия елдерінде керектің бәрі бар. Инвесторларға қолайлы бизнес климат жасалған. Самарқандтағы саммитте энергетика, мұнай-газ, су үнемдеу, цифрлық ақпарат алмасу сияқты салалар күн тәртібіне шығарылады.
Саидмұхтар Саидқасымов, Орталық Азия халықаралық институты басшысының кеңесшісі:
- Әлемдік геосаясатта Орталық Азия елдерінің беделі өскенін байқап отырмыз. Екіншіден, біздің сыртқы саясаттағы экономикалық, сауда саттықтағы көкжиегімізді кеңейтіп, мүмкіндіктерімізді арттыруға жақсы себеп. Меніңше мұндай форматтағы саммиттер Орталық Азия аймағы үшін өте қажет.
Орталық Азия елдерінде трансшекаралық өзен суларын ортақ пайдалану мәселесі әлі де өзекті. Ал Еуропада 10 мемлекетті басып өтетін Дунай бойынша келісім бар. Құжатта: «өзендерге зиян келтірмеу, суды бірлесіп қолдану, зақым келтірген тарап оны тазалауға қаражат бөледі» деген секілді принциптер жазылған. Олар «суды қалай бөлу деген сұрақтан асып, Дунайдың тазалығын қалай қамтамасыз етеміз» деген мәселеге келген. Сарапшылар бұл бағытта Кәрі құрлық елдерінің тәжірибесін пайдаланудың маңызды екенін айтады.
Авторы: Дулат Нуркин