Каспий бұрын-соңды болмаған қарқынмен тартылып барады

Жаршы

Теңіз деңгейі Балтық жүйесі бойынша 29 метрге төмендеген.

Бұл әсіресе су айдынының ең тайыз солтүстік бөлігінде, яғни Қазақстан мен Ресей жағалауларында қатты байқалады. Табиғи құбылыстың себеп-салдарын анықтап, су айдынын сақтау жолдарын іздеу үшін мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты құрылды. Су айдынын құтқару үшін қандай амал керек?

Видеограф Александр Убейкин Каспий толқындарын түсіргенді ерекше ұнатады. Теңіз жылнамасын жасау үшін жыл сайын дрон ұшырады. Өкініштісі, бейнетаспадан бір кезде шалқыған су айдынының орнынан жалаңаштанған тастар мен кебірленген теңіз түбін көруге болады.

Александр Убейкин, видеограф:

- Бұрын су белуардан келетін тұстан қазір теңіз ондаған метрге кетіп қалған. 2018 жылы түсірген таспам бар, сонда демалушылар суға шомылып, жүзіп жүрген жағажайдың орнында состиған тастар тұр. Каспий көз алдымызда тартылып барады.

Теңіз деңгейінің төмендеуінен оның сағасындағы өзен-көлдер тартылып, балықшылар нәпақасынан қағылып отыр. Мұнай тасымалдайтын танкерлер қайраңға тірелетіндіктен, жүгін жартылай артуға мәжбүр. Егінші, малшы қауымды құрғақшылық пен қуаңшылық қинауда. Ал итбалықтардың не себепті мыңдап қырылып жатқанын ғалымдар да түсіндіре алмай отыр. Cу айдынының биоалуандығын сақтау үшін онда табиғи қорық құру туралы шешім қабылданды.

Әділбек Қозыбақов, Ecojer қауымдастығы аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы:

- Бірнеше жыл бұрын бастама білдірілген болатын «Каспий ит балығы» мемлекеттік табиғи резерватын құру жөнінде. Бұл енді қағаз жүзінде шешім шықты резерват құрылды деген. Яғни картада да Каспий теңізінің қай бөлігінде құрылғандығы жөнінде аумағы белгіленді. Бірақ қаржыландырудың жоқтығына байланысты нақты жұмысқа әлі де кіріскен жоқ.

Ғалымдар осылай жалғаса берсе, су деңгейі 5-6 жылда тағы бір метрге төмендейді деп отыр. Жағдайды терең зерттеп, тығырықтан шығу жолдарын табу үшін елде Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты құрылды. Қазір оны қаржыландыру және жарақтандыру мәселелері қаралып жатыр. Институт Ақтауда орналасады.

Армат Жүсіпқалиев, экология департаментінің басшысы:

- Институтқа бұрынғы «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының ғимараты берілді. Қазір Әділет министрлігінде құжаттарды тіркеп, жер телімін рәсімдеп жатыр. Ғылыми ұжымға жоғары білікті мамандар керек. Оларды іріктеу де оңай емес.

Каспийдің тартылуы жаҺандық деңгейдегі проблема. Оның себептерін анықтау үшін эколог, гидролог, климатолог, теңіз биологы сияқты терең білімді сарапшылар керек. Сондықтан институт жұмысына шетелдік ғалымдарды тарту мәселесі талқыланып жатыр. Жоспар бойынша жаңа құрылым жыл соңына дейін жасақталып, келер жылдан бастап ғылыми зерттеу жұмыстарына кірісуі керек.

Тамара Степанова, Саламат Бекбаев