Жайылымға арналған жердің тозуы да әлі өзекті болып тұр.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен республикалық жер комиссиясының отырысында хабарланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті соңғы 3 жылда мемлекеттік меншікке қайтарылған 12,2 млн гектар жердің 5,3 млн гектары қайта бөлінгенін мәлімдеп отыр. Оның 2 млн гектары бірінші кезекте ортақ пайдалануға, қоғамдық жайылымдарға, жергілікті халыққа мал жаю үшін берілген.
Бұған дейін берілген нұсқамалар бойынша биылдың өзінде 64,4 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін игеру басталды, 64,8 мың гектар жерді мәжбүрлеп қайтарып алу бойынша сот процестері жүріп жатыр. Жалпы, жыл басынан бері қайтарып алу жоспарланған ауыл шаруашылығына арналған 2 млн гектар жердің 460,6 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылған.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың сөзінше, ауыл шаруашылығы алқаптарының шамамен 14%-ы, яғни 29,9 млн гектары эрозияға ұшыраған. Топырақтың тұздануы да – ауыл шаруашылығы жерлерінің тозуына әкелетін факторлардың бірі.
– Бұл процестер бір-бірімен тығыз байланысты және жүйелі шешімді талап етеді. Негізгі бағыт – топырақтың құнарын арттыру және агротехнологияларды тұрақты түрде енгізу, – деді ол.
Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық өндіріс саласындағы озық тұрақты технологияларды, соның арасында көміртекті (карбондық) егіншілікті зерттеп, осы тәжірибені елімізде қолдануды жоспарлаған. Бұл – ауыл шаруашылығы жерлерінің тозуымен күресудің тиімді құралы. Қазіргі уақытта Министрлікке ауыл шаруашылығы жерлеріндегі парникті газдардың шығарылуы мен сіңірілуін реттеу жөніндегі өкілеттіктерді бекіту үшін заңнамаға өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, жер комиссиясының отырысында жерді пайдаланушыларды бағалау критерийлерін айқындау бойынша ұсыныстар әзірлеу мәселесі талқыланып отыр.
Отырыстың қорытындысында вице-премьер Ауыл шаруашылығы министрлігіне жайылымдық жерлерге мал азығын қайта егу жоспарын жедел түрде әзірлеп, қарауға ұсынуды, ал өңірлерге пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу жөніндегі тапсырмаларды қатаң орындауды міндеттеді.
Еске салайық, Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен республикалық жер комиссиясының отырысында жердің қайтарылуы мен игерілуін бақылау, қолданыстағы жерді пайдаланушылардың құқығын қорғау және топырақтың тозуына қарсы күресу шаралары негізгі тақырып болды.