Биыл Семей полигонының кіндігі Дегелеңде туып-өскен, бар саналы ғұмырын қазақ әдебиетінің дамуы мен қалыптасуына арнаған ұстаз, ғалым, жазушы Рымғали Нұрғалидің туғанына – 85 жыл.
Рымғали Нұрғалиұлының ғылыми еңбектерінен бөлек көркем әдеби «Қызыл күрең домбыра», «Ай қанатты арғымақ», «Дән», «Полигон әңгімелері» новеллалары, «Атшабыс ертең», «Жартастағы қарағай», «Оқ» секілді повестері, «Айдын», «Дегелең дерті», «Күретамыр» романдары – көпшіліктің көкейінен ойып тұрып орын алған шығармалар.
Рымғали Нұрғалиұлының құрастыруымен, алғы сөз, соңғы сөз және түсініктермен, редакциялауымен Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Мұхтар Әуезов туралы энциклопедиялық сипаттағы мұра, Ілияс Есенберлиннің 10 томдық шығармалар жинағы, Бейсенбай Кенжебаев, Шәкір Әбенов, Қапан Бадыров, Фариза Оңғарсынова, Төлеужан Ысмайылов және тағы басқалардың кітаптары басылып шыққан.
Газетте тілші бола жүріп, очерктер, әңгімелер жазумен, фольклор нұсқаларын жинаумен қатар, қазақ әдебиетінде кенжелеп қалған драма саласын саралап, сараптап алғаш ғылыми айналымға енгізген еңбегі өз алдына бір төбе.
Қазақ театр өнерін қалыптастырушылардың бірі, алғашқы режиссер, көрнекті драматург Жұмат Шанин мұрасын жан-жақты зерттеп, жинақтап «Талант тағдыры» еңбегін дүниеге әкелген, кейінірек «Жұмат Шанин» деректі фильмінің сценариін де жазған.
Ол – ұлы ақын, ойшыл, кемеңгеріміз Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармалары туралы, Абайды танытқан елдесі Мұхтар Омарханұлы Әуезов туралы да тұщымды деректердің авторы. Көпшілігіміз ішін толық оқымасақ та, көзімізбен көрген «Абай» энциклопедиясының бас редакторы да Рымғали Нұрғалиұлы еді.
Энциклопедия демекші, Қазақ Совет Энциклопедиясының бас редакторы болған кезінде қазақ халқы үшін құнды жинақтарды жарыққа шығаруға бастамашы болған. Кезіндегі танымал «Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедиясы», «Ол кім? Бұл не? Шәкірт энциклопедиясы», «Ислам», «Абай», «Философиялық сөздік», «Әлемде талай қызық бар», «Боздақтар. Естеліктер кітабы» сияқты энциклопедиялар мен сериялардың, жобалардың, әдебиет пен өнер, эстетика мен театр мәселелерін сөз ететін көптеген эссе, портрет, шолу, мақалалар циклінің авторы болғанын да біреу білсе, біреу білмейді.
Мәскеуде жарық көрген «Краткая энциклопедия домашнего хозяйства» атты біртомдықты ықшамдап, қазақша материалдармен байытып «Шаңырақ» үй-тұрмысы энциклопедиясын жарыққа шығаруға, «Шаңырақ» деген әр қазақтың «тіліне жеңіл, жүрегіне жылы тиетін» әдемі атты қойған да қазақ үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген академик ағамыз болған.
«Шаңырақ» аты аударма дегенмен, заты белгілі ғалымдар Х.Арғынбаев, А.Сейдімбек, этнографтар Ж.Бабалықұлы, М.Юсупов, т.б. авторлығымен жазылып, ұлттық салт-дәстүр кеңінен насихатталған тың материалдармен толықтырылып, әсем безендірілген төлтума басылым болды. Ел тәуелсіздігінің қарсаңында – 1991 жылы әуелгіде 100 мың тиражбен басылған бұл энциклопедия ата салтын ардақтап, ұлт тұрмысын ұрпақ өміріне серік етуде өзіндік рөл атқарды. Әр шаңырақта кітап сөресінің төрінен орын алған, қазақ тарихында алғаш рет (өкінішке қарай, әзірге соңғысы да) 345 мыңнан астам тиражбен жарық көрген бұл энциклопедияның бар жауапкершілігін көтерген бас редактор, яғни Рымғали Нұрғали болғанын атап өткен жөн.
Энциклопедия гректің «энциклос пайдейа» ғылым-білімге үйретемін деген сөзінен шыққан екен. Шындығында әр томына бірнеше мың мақала енгізіліп, авторлығына бірнеше жүз адам тартылатын бұл басылым кез келген ұлттың үлкені мен кішісін түгелдей ғылым, білімнің қыр-сырына үйрететін басылым.
Академик Рымғали Нұрғали осы мүмкіндікті алғашқы күннен-ақ айқын аңғарып, ұлт жадын қалыптастыру жолында қызмет еткен. Сол үшін 1988 жылы Алаш қайраткерлері ақталудан бір жыл бұрын «Қазақ ССР» қысқаша энциклопедиясының 3-томына энциклопедияны қойып, күнделікті газет-журналдарда аты аталмайтын «Әлімхан Ермеков», «Жақып Ақбаев» сияқты мақалалар енгізген. Ол кезде бұл барлау ғана емес, басты бәйгеге тігумен бірдей еді. Себебі сол Ермеков қайтыс болғанда қарапайым қазанама бергені үшін мүйізі қарағайдай жазушымыз Ә.Әлімжанов 1972 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметінен қуылып, партиялық жаза алса, ал Ақбаев туралы қалам тартқан сол замандағы жас ғалым, кейін академик болған Ғ.Сапарғалиев қуғын-сүргінге ұшыраған еді. Мұның бәрінен хабардар Р.Нұрғалидің әрекеті оның Алаш ардагерлерінің ұлы рухы алдында неден болса да тайынбайтындығын көрсеткен.
Ал келесі 1989 жылдың соңында Шәкәрім бастаған ұлт ұлылары ақталып, халқымен қайта табысты. Басулы тұрған әдебиет пен өнерге арналған төртінші томды қаңтарып қойып, академик Р.Нұрғали оған Шәкәрім, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытұлы бастаған Алаш аяулыларын қосады. Өзі білек сыбанып, авторлар қатарына кіреді. Кейін бұл еңбектері монографиялық зерттеулерге ұласып, жеке жинақтар түрінде басылды.
Қуғын-сүргіннің азабын бастан кешіп, «Степлагта» отырған талантты әдебиетші, ғалым Б.Ысқақовқа «Репрессия», «Реабилитация» атты мақалалар жазғызып, есімдері әлдеқашан ұмыт бола бастаған талай ұлт зияткерлерінің сауабын алды. Бұл ұлт жолында шейіт болған ұлылар аруағының әр қазақтың жүрегіне шапағат шырағын жаққан кез еді. Осы істің де басы-қасында аузына Мағжан түкірген кешегі Кенжебаевтың бел баласы Рымғали Нұрғали жүреді. Мен алты жыл зерделеген Жайық Бектұровты да алғаш сол энциклопедияларға енгізген Рымғали Нұрғалиұлы болды.
Энциклопедиядадағы толағай еңбегінен бөлек ХХ ғасырдың 20–30 жылдарындағы қазақ әдебиеті ұжымдық монографиясының авторы болуы да үлкен жүкті көтерген қабілетін көрсетеді. Алаш сәулесін бала кезінде көзі ашық әкесі Нұрғалидан естіген Рымғали білім қуып Алматыға келгенде Мұхтар Әуезов, Бейсенбай Кенжебаев, Қайыржан Бекхожин, Ісмет Кеңесбаев, Мәулен Балақаевтардың ортасына түсуі, олардың бұлқынған жасты бауырына тартып, болашақ азулы академикті тәрбиелеп жатқанын ол кезде кім білген, – дейді Б.Ердембеков «Алашөзек Рымғали Нұрғали ғұмырнамасы» мақаласында.
Ұлтқа қызмет ету, мансап дәулет үшін сатылмау, бойдағы барды үлкен мақсатқа арнау секілді Алаш қайраткерлері мұрат тұтқан ұлы қасиеттерді берік ұстанған қазақ әдебиетін қалыптастырған ғалымдар көшінің басында тұрған Бейсенбай Кенжебаев алғаш «Алаштану» пәнін өз пәтерінде оқытқанын бүгінгі күні біреу білсе, біреу білмейді. Б.Кенжебаевтан кейін «Алаштану курсын» өз үйінде өткізген Рымғали Нұрғали Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақып шығармаларын бір топ жастың ертерек тануларына себепші болғаны да – үлкен ерлік.
Рымғали Нұрғалиұлы әр жылдары қазақ және орыс тілдерінде жазған 50-ден астам кітап, 700-дей ғылыми еңбек пен мақаланың авторы. Осыдан жарты ғасыр бұрын 1968 жылы жарық көрген «Трагедия табиғаты», орыс тілінде «Трагедии М.Ауезова» деген атпен шықса, 1969 жылы – «Талант тағдыры», 1974 жылы – «Артерия», «Өнер алды қызыл тіл», «Қазақ драматургиясы», 1979 жылы – «Әдебиеттің эстетикалық мәні», 1985 жылы – «Поэтика драмы», 1986 жылы – «Дәстүр мен қазіргі әдеби процесс», «Телағыс», 1987 жылы – «Қазақ революциялық поэзиясы» және «Мұхтар Әуезов – қазақ әдебиетінің классигі», 1989 жылы – «Жаңару ағашы», 1990 жылы – «Ертеңгі бәйге. Роман. Новеллалар», 1991 жылы – «А.Байтұрсынов», ІІ томдық «Арқау», 1993 жылы – «Қазақ энциклопедиясы», 1999 жылы – «Әуезов және Алаш» және «Қазақ әдебиеті. Оқулық», 2000 жылы – «Айғақ», «Көркем сөз», 2002 жылы – «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры», 2003 жылы – «Әдебиет теориясы. Жоғары оқу орындарына арналған оқулық-хрестоматия», 2009 жылы – «Толғауы тоқсан қызыл тіл», 2010 жылы – «Казахская литература: концепции жанры» және тағы басқа еңбектері ұлт әдебиетіндегі әдіс, жанр, стиль, дәстүр мен жалғастық, поэтика мәселелерін, драматургия жанрын көркемдік-теориялық тұрғыдан талдап, әдебиеттанудың сан саласы туралы жазған көптеген монографиялары мен оқу құралдары, сыни кітаптары қазақ әдебиетінің іргесін қатайтқан қарымды қаламгер болғандығына дәлел.
Л.Толстойдың «Әзәзіл» повесін, Н.Погодиннің «Салтанат жыры» пьесасын, Ә.Кешоковтың «Соңғы шақырым» драмасын, П.Брагиннің «17 жайлы хикая» повесін, эстон әңгімелерін, бірнеше көркем фильмдерді қазақ тіліне аударған. Мектептің 11-сыныбына арналған қазақ әдебиеті оқулығының авторларының да бірі – Рымғали Нұрғалиұлы.
Рымғали ағай 28 жасынан яғни, 1968 жылдан Қазақстан жазушылар одағының, 1991 жылдан Қазақстан Пен-клубының, Терминология және ономастика комитетінің, Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің, бірнеше ғылыми-әдеби басылымдардың редколлегия мүшесі болып, кезінде Америка, Англия, Франция, Германия, Үндістан, Мажарстан, Иран, Түркия, Моңғолия, Қытай, Оңтүстік Корея, Чехия, Словакия елдерінде, Қазан, Рига, Душанбе, Бішкек, Тбилиси, Ереван, Баку, Мәскеу, Кишинев қалаларында өткен халықаралық, бүкілодақтық, аймақтық ғылыми-теориялық конференцияларға, түрлі жиынға қатысып, ғылыми баяндамалар жасаған, сөз сөйлеген ғалым.
* * *
Университетке келіп, аспирантураға құжаттарымды өткіздім. Алдымен тақырып бекіту керек, деп қазақ әдебиеті кафедрасына жолдама берді. Келсем, кафедра меңгерушісі кабинетінде екен. Ол кезде Рымғали ағайды танымаймын. Аққұба өңді, шашын ақ қырау шалған, асықпай сөйлейтін адам. Жобамен біздің жақта туған Жайық Бектұров, аспирантура деп бірдеңе айттым.
«Иә, Жәкеңді білеміз. Ол нағыз шежіре адам ғой, оның да артында іздеушісі болса, аруағы риза болар деді. Қолымдағы қағазға сөзге келмей «Жайық Бектұровтың әдеби мұрасы» деп жазып, қол қойып берді. «Жетекшің мен боламын», қазір жұмыс істеп отырмын, кейін кел, асықпай сөйлесеміз», деді. Рахметімді айтып шығып кеттім. Сонымен диссертация тақырыбы – «Жайық Бектұровтың әдеби мұрасы», жетекші – филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Рымғали Нұрғали болып бекітілді. Айналдыратыным – айықтың жазғандары. Жайықтың əдеби мұрасы дегеннің шегі көрінбей кетті. Жазғандарым ғалымдардың талқысында әбден иленді. Талай талқыдан өтті. Аттестациялық комитет талабына сәйкес мақалаларым жарияланды. Алты жылда қағаздарымды құшақтап, ағайдың алдына талай келдім.
Халықта «жақсымен өткізген бір күнің мың күнге татиды» деген сөз бар ғой. Жайықты жырлаймын деп жүріп, Рымғали Нұрғалиұлының алдында өткізген санаулы уақытта «үлкен тұрғанда кішінің сөйлегені, үлкен тұрғанда кішінің отырғаны әбестік» екенін, «үлкеннің сөзін қалтқысыз тыңдауды» үйрендім, «адам білімді болған сайын даладай кеңпейілді болатынын» ұқтым, «көре алмаушылық, іштарлық таяз адамдарға тән қасиет» екенін, «кең адам келешекті ойлайды» дегендерді де ағайдан естідім.
Солайша еліміздің шығысында туып, саналы ғұмырында оңтүстік, солтүстікте еңбек етіп, Алматының топырағын мәңгілік мекен еткен, әдебиетіміздің асқар таудай тұлғаларының бірі Рымғали Нұрғалиұлының шәкірті болу арқылы Жайық Бектұровтың әдеби мұрасын толық жинақтап, ғылым деген үлкен айдынға өзімнің тамшыдай үлесімді қостым десем болады.
Рымғали Нұрғалиұлының ғылымға адалдығы, тарихи деректерге ыждағаттылығы, Алаш ардагерлерiн пiр тұтуы, ұлттық құндылықтарды қорғай бiлуi, халқын сүюi, намысшылдығы – үлгi тұтар қасиеттері болды. Ол замандастары мен соңынан ерген шәкірттерінің шыққан тауының биік болғанын қалайтын арда қасиеті бар нар тұлға еді. 14 ғылым докторын, 40-тан астам ғылым кандидатын даярлап, қазақ әдебиетінің ғылыми айналымын толықтыруға ерекше үлес қосқан академиктің жетекшілігімен кандидаттық диссертацияны қатарлас қорғағандардан танымал айтыскер ақындар, филология ғылымдарының кандидаты Балғынбек Имашев, қазір ЕҰУ филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы, ЕҰУ Практикалық қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Қуандық Құлманов және басқалар бар.
Жұпар Кенжетайқызы,
«Тұран-Астана» университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты