Индонезияның Шығыс Кіші Зонд аралдары провинциясына қарасты Шығыс Флорес ауданында орналасқан Левотоби Лаки-Лаки стратожанартауы атқылап, күшті вулкандық күл бұлтын тудырды. Бұл жағдай аймақтағы халықаралық әуе рейстерінің тоқтауына себеп болды, деп жазды Анадолы агенттігі.
Флорес аралындағы Левотоби Лаки-Лаки жанартауы күлді 10 шақырым биіктікке дейін лақтырды.
Angkasa Pura Indonesia мемлекеттік басқарушы компаниясы таратқан мәлімдемеге сәйкес, жанартау белсенділігінің күшеюіне байланысты Бали аралындағы Нгурах-Рай халықаралық әуежайында, сондай-ақ аймақтағы бірқатар басқа әуежайларда рейстер ұшпай қалды.
Тоқтатылған рейстердің қатарында Аустралиялық Jetstar мен Virgin Australia, Үндістандық Air India, Жаңа Зеландиялық Air New Zealand, Сингапурлық Singapore Airlines және Қытайлық Juneyao Airlines компанияларының ұшақтары бар.
Индонезиялық AirAsia әуе компаниясы да көптеген ішкі рейстерін тоқтатты.
Левотоби жанартауының атқылауы
Левотоби Лаки-Лаки — Левотоби деп аталатын қос жанартаудың бір шыңы. Ол күлді 10 шақырымға дейін аспанға лақтырды. Қалыптасқан саңырауқұлақ тәріздес күл бұлты жанартаудан шамамен 150 шақырым қашықтағы елді мекендерден де көрінді.
Апат аймағында төтенше жағдай жарияланып, жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары эвакуацияланып жатыр. Күлдің таралуы тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіріп отыр.
Индонезия Тынық мұхитындағы "Отты шеңберде", яғни сейсмикалық және жанартау белсенділігі жоғары аймақта орналасқан. Ел аумағында 130 белсенді жанартау бар.
Айта кетейік, 2024 жылғы қарашада Левотоби Лаки-Лаки жанартауы атқылаған кезде 9 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған болатын.