"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы өзінің ресми Telegram-арнасында қазақстандықтардың жеке деректері таралып кетті деген ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Компания мемлекетттік корпорацияның Басқарма төрағасының жеке деректері таралып кетті деген ақпаратқа және осы жағдайды ұйым қызметімен байланыстыру әрекеттеріне орай түсініктеме беруді ұйғарғанын мәлімдеді.
Мемлекеттік корпорация электрондық үкімет порталының қызметін реттемейтінін, сондай-ақ мемлекеттік корпорация құзырындағы ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-ларда мемлекеттік қызметтер ХҚКО-ның интеграциялық ақпараттық жүйесі негізінде көрсетілетінін алға тартты.
"Бұл 50-ден астам мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерімен біріктірілген "бір терезе". Осыған орай, мына маңызды жайттарды атап өтейік:
- ХҚКО ИАЖ-да азаматтардың жеке деректерін сақтайтын арнайы мәліметтер базасы жоқ;
- ХҚКО қызметкерлері бұл жүйелердегі жеке деректерге тікелей қол жеткізе алмайды;
- Сервистерге кез келген қосылу тек қызмет алушының келісімімен, биометрия немесе қолжетімділікті басқару жүйесі арқылы расталғаннан кейін ғана жүзеге асады.
ХҚКО ИАЖ мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік желісінің қорғалған арнасы арқылы жұмыс істейді және интернет-байланыстың жария арналарына қол жеткізе алмайды", — делінген хабарламада.
Корпорация өкілдері ХҚКО ИАЖ — мемлекеттік қызметтерге өтінім беретін интерфейс екенін еске салды. Барлық ақпарат тиісті реестрлерге ие болатын құзырлы мемлекеттік органдарға тікелей жолданады.
"БАҚ өкілдерін және қоғамды жеке деректер мен мемлекеттік ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігіне қатысты мәселелер бойынша ақпаратты тарату кезінде жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Шындыққа жанаспайтын кез келген ақпарат нақты тұлғалардың абыройына нұқсан келтіріп қана қоймай, азаматтардың жалпы мемлекеттік институттарға деген сеніміне де кері әсерін тигізеді", — деп ескертті корпорация өкілдері.
Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желілерде азаматтардың жеке деректері тарады деген ақпаратқа байланысты Цифрлық даму министрлігі тиісті жұмыстар жүргізіп жатқанын мәлімдеген еді.