Қазақстан Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағынан өз азаматтарын эвакуациялады. 109 адам елге оралды, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, Таяу Шығыстағы жағдай шиеленіскен тұста Қазақстан өз азаматтарын Иран Ислам Республикасының аумағынан эвакуациялауды жедел ұйымдастырған.
"Үйлесімді жұмыс пен ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейінің арқасында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі, құзыретті мемлекеттік органдары мен шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері 109 отандасымызды елге қайтарды.
Эвакуация өңірдің достас мемлекеттерінің аумақтары арқылы транзитпен жүзеге асырылды, атап айтқанда 89 адам Ираннан Түрікменстан арқылы және 20 адам Әзербайжан арқылы өтті. Барлық азаматқа консулдық-құқықтық көмек көрсетілді және Отанға оралу үшін қажетті жағдай жасалды.
Сыртқы істер министрлігі Иран, Түрікменстан және Әзербайжан билігіне қазақстандықтардың бүкіл бағыты бойынша қауіпсіз және уақтылы өтуін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарған көмек пен нәтижелі өзара іс-қимыл көрсеткені үшін ризашылығын білдіреді", — делінген хабарламада.