Қазақстанның уран өнеркәсібі: жаһандық нарықтағы рөлі

Жаңалықтар

Қазақстан уран өндірісінде әлемдік көшбасшы бола отырып, атом энергетикасының болашағын айқындауда маңызды рөл атқарады. 2024 жылы еліміз уран өндіру көлемін арттырып, жаңа стратегиялық мақсаттар мен ғылыми жетістіктерді жүзеге асыру арқылы әлемдік нарықтағы позициясын одан әрі нығайтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2024 жылы өнеркәсіптің қаржылық және операциялық нәтижелері

2024 жылы «Қазатомөнеркәсіп» уран өндіру көлемін 23 мың тоннадан асырып, сату көлемі 16,5 мың тоннаға жетті. 2023 жылмен салыстырғанда компанияның кірісі 26%-ға өсіп, рекордтық деңгейге – 1,8 трлн теңгеге жетті. Қазақстанның бюджетін толықтыруға 723 млрд теңгеден астам салық төленіп, оның ішінде 31 млрд теңге өңірлік бюджеттерге аударылды.

Атом энергетикасының даму тенденциялары

Әлемде атом энергетикасына қызығушылықтың артуы өз кезегінде компанияның өндірістік және нарықтық позициясын нығайтуға ықпал етуде. Алдағы он жылдық даму стратегиясы аясында компания уран өндіруге баса назар аударып, ядролық отын циклін дамыту жоспарларын жүзеге асыруда. Сонымен қатар сирек жер металдары мен ғылыми зерттеулерді одан әрі дамытуды мақсат етіп отыр.

Ресурстық базаны кеңейту

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өнеркәсіп ресурстық базаны кеңейту жұмыстарын жалғастыруда. 2024 жылы Түркістан облысында 170 мың тонна болжамды әлеуеті бар уранды барлау үшін жаңа лицензия алынды. Сонымен қатар «Инкай» кен орнының №3 учаскесінде уранды тәжірибелік өндіру бойынша келісімшарт жасалды.

Ядролық отын циклін дамыту

Компания ядролық отын циклін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Үлбі металлургия зауытында отын таблеткалары, ал «Үлбі-ТВС» зауытында жылу бөлетін құрамалар өндіріледі. Былтыр «Үлбі-ТВС» зауыты толық жобалық қуатқа шығып, жылына 200 тонна төмен байытылған уран өндірілетін болды. Бұл Қазақстанды Орталық Азиядағы ядролық отын өндіру саласында алдыңғы қатарлы елге айналдырды.

Сирек металдар және ғылыми зерттеулер

Сирек металдар мен минералды-шикізат базасын кеңейту жұмыстары жалғасуда. 2024 жылы Ақтөбе, Абай және Ұлытау облыстарында кен орындарын барлауға лицензиялар алынды. Сондай-ақ тантал, ниобий, бериллий сияқты сирек металдар бойынша зерттеулер жүргізіліп, оларды өндірістік процестерде тиімді пайдалану мүмкіндіктері қарастырылуда.

Халықаралық Ынтымақтастықты күшейту

«Қазатомөнеркәсіп» халықаралық нарықтарда өз позициясын нығайтуда. Былтыр компания 8 елде 19 түрлі клиентке өнім жеткізді, оның ішінде Біріккен Араб Әмірліктері мен Канадаға алғаш рет жеткізілімдер жасалды. Сонымен қатар швейцариялық энергетикалық компаниямен алғашқы келісімшартқа қол қойылды.

Өндірістік қауіпсіздік және әлеуметтік жауапкершілік

Компанияның ең басты басымдығы — өндірістік қауіпсіздік. 2024 жылдың қорытындысы бойынша компания «Самұрық-Қазына» қорынан үздік көрсеткіштермен бірінші орынды иеленді. Қауіпсіздік пен еңбек қорғау бағдарламаларына 13 млрд теңге бөлінді. Сонымен бірге экология мәселелері де назардан тыс қалмады: қоршаған ортаны қорғауға 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

Ғылыми жобалар және инновациялар

Өнеркәсіп ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыруда. Былтыр бірнеше маңызды технология әзірленді, олардың ішінде өндірістік процестерді автоматтандыруға арналған робототехникалық кешендер мен аммиакты қайтару технологиялары бар. Бұдан өзге компания сирек компоненттерді, мысалы, скандий мен ванадийді уран өндіру процесінде алу мүмкіндіктерін зерттеуде.

Компания 2024 жылы өзінің өндірістік және қаржылық нәтижелерін едәуір жақсартып, әлемдік деңгейде атом энергетикасы саласындағы Қазақстанның беделін нығайтуға айтарлықтай үлес қосты. Компанияның стратегиясы экономикалық тиімділікті арттыруға, экологияны қорғауға және әлеуметтік жауапкершілікті жүзеге асыруға бағытталған.