Иран мен Израиль арасындағы әуе соғысы алтыншы күнге ұласты . Соңғы сағаттарда екі жақ бір-біріне соққы берді, мыңдаған адам қауіпсіз жерге қашып жатыр. Ал «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, қазір АҚШ Таяу Шығысқа қосымша әскери ұшақтар жөнелтіп жатыр
Иран мен Израиль арасындағы әуе соғысы алтыншы күнге ұласты. Өткен түні Израильдің 50 әскери ұшағы Ислам Республикасының 20 шақты объектісіне соққы берген. Снарядтар уран өңдеуші центрифугалар шығаратын екі нысанға тиді. Жалпы алғанда, Израильдің шабуылдарынан жұмадан бері Иранда 224 адам мерт болған.
Эффи Дефрин, Израиль армиясының баспасөз хатшысы:
Біз Иранның ядролық, баллистикалық және командалық мүмкіндіктеріне ойсырата соққы бердік. Иран режимі ядролық қаруға жақындауға бірнеше жыл жұмсады, ракеталық бағдарламасын құруға миллиардтаған қаржы шығындады. Міндетіміз – сол қауіпті жою.
Қарсы жақ қарап қалған жоқ. Соңғы тәулікте Иран армиясы еврей мемлекетінің аумағына тағы да дрондар мен ракеталар жіберді. Гипердыбыстық ракеталардың кейбірі Тель-Авивке қарай ұшырылған. Қаза тапқандар мен жараланғандар жоқ.
Аймақтағы шиеленіске байланысты бүгін Түркия президенті мәлімдеме жасады. Оның пікірінше, Нетаньяхудың қатыгездігі Гитлердікінен кем емес.
Реджеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
Нетаньяху қатыгездік жағынан Гитлерді баяғыда артқа тастаған. Иранның израилдік бандиттерден, мемлекеттік террористерден қорғануы дау тудырмайтын және заңды әрекет дер едім.
Израиль Иранды ядролық қару жасауға жақындады деп бомбалай бастады. Ал Иран өзінің атомдық бағдарламасының бейбіт мақсатты көздейтінін жылдар бойы мәлімдеп келеді. Тағы бір айта кететін жайт, қазір Тегеран мен өзге ірі қалалардан мыңдаған адам қашып жатыр.
Осындай шақта президент Дональд Трамп АҚШ әскерін Израильге көмекке жұмылдыру мәселесін ойластырып жатқаны мәлім болды. Кейбір сарапшылардың ойынша, мұндай идея әлем экономикасы үшін өте қауіпті.
Элайджа Манье, саяси сарапшы:
Бұл – Таяу Шығыс үшін шынында да аса қауіпті уақыт. Себебі Құрама Штаттар әскери жанжалға тікелей киліккен жағдайда, Иран Ормұз бұғазын жабады. Одан мұнай құны шарықтап, жаһан экономикасы қатты зардап шегеді. Бәрі тоқтайды, адамдар арасында байбалам басталады. Содан кейін дүниежүзілік экономикалық дағдарысқа жол ашылуы мүмкін.
Трамп Иранға сөзсіз тізе бүгу туралы талап қойып, Иранның рухани жетекшісі Аятолла Хаменейдің қайда жасырынғанын анық білетінін ескертті. Хаменей ультиматумды қабылдамады. Ал «Рейтер» агенттігі америкалық үш ресми өкілге сүйеніп хабарлағандай, қазір АҚШ Таяу Шығысқа қосымша әскери ұшақтар жөнелтіп жатыр.
Арыстан Рысбек