Театр туралы тұлғалар түйген ой

Жаңалықтар

27 наурыз әлемде дүниежүзілік театр күні аталып өтіледі. Өмірдің өзі сахнада жанды сурет болып өрілетін театр — өнердің биік шыңы, деп жазады Egemen.kz.

Қазақ даласындағы кәсіби ұлт театрының есігі сол кезеңде ел астанасы болып тұрған Қызылордада 1926 жылы ашылды. Театр ұжымы көрерменмен алғаш рет Қошке Кемеңгердің «Алтын сақа» қойылымы арқылы қауышты.

1928 жылы астана Алматыға ауысуымен театрда Алатау баурайына қоныс аударып, 1937 жылдан бастап академиялық театр атағын алды, ал 1961 жылдан бастап М.Әуезовтің есемін иеленді.

Міне, содан бергі жүз жылға жуық уақытта қазақ даласында театр түлеп, театр мәдениеті өркен жайды. Бүгінде мемлекеттік театрлармен қатар тәуелсіз театрлардың туып, жаңа ізденіс, жаңа шешім, тың қойылымдарымен өнерсүйер қауымды қуантып жатқаны байқалады. Кейінгі жылдардағы көптің көңілінің театр толғамдарын ерекше талғаммен ұғып, іздеп тұратындардың қатарының қалыңдап жатқанын Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Президен Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанда театр өнеріне қызығушылық артып келеді. Зал көрерменге толы, қойылымдардың премьерасына билеттер екі-үш апта бұрын сатылып кетеді. Сахна өнеріне құштар жандардың арасында жастардың көп болуы көңілге ерекше қуаныш ұялатады», деп атап өткен болатын.

Жалпы тарлан өнер туралы көкірек көзі ояу дарын иелері дара ой орамдарын дестелеген. Солардың бір парасын назарыңызға ұсынбақпыз:

Театр — сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі. М.Әуезов

Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер. Ғ.Мүсірепов

Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын. Ш.Айманов

Театр — күрделі интеллектуальдық гармониядан тұратын, үш жақтан бірдей қиыннан қиысқан сахналық өнер. С. Әшімбаев

Театр — менің қасиетті қағбам. Т.Жаманқұлов

Мәдениет майданындағы сүбелі ісіміздің бірі — театр. Театр көрінгеннің ермегі емес, еңбек. Еңбектің көркемі. Театр — көңіл көтерудің ғана орны емес, мәдени ошақ. Өнер орны, еңбекшілер үстемдігінің мәдениет майданындағы қармаулы орынның бірі.

І. Жансүгіров

Театр дайын драматургияны қойып беру емес, ондағы оқиғалардың неге олай болғаны жайында ойлану. Т. Судзуки

Театр – өмірлік сұрақтарға шешім табатын жоғарғы интенция. А. Герцен