Елімізде сүт өнімдерін дайындайтын компаниялар өнімнің жүздеген түрін шығарып, ішкі нарықтағы үлесін арттыра бастады. Солардың бірі – сүт ірімшігін шығаратын «Камертон» компаниясы.
Бір күндік әлеует – 5 тонна
Отандық нарықтағы жұмысын 2005 жылы бастаған компания – бүгінде Украина, Қырғызстан, Ресей және Еуропа өндірушілерінің ресми дистрибьюторы.
Шикізатты сатып алған сәттен бастап өнімді дайындауға дейінгі үдеріс толық өндірістік ансамбльге ұқсайды. Сапалы ірімшік дайындауға жарайтын сүт ішкі нарықта тапшы. Компанияның бас директоры Лев Кимнің айтуынша, өндірістің әлеуеті бір күнде 60 тонна сүтті қайта өңдеп, 5 тонна ірімшік дайындап шығаруға жетеді. Өндіріске қажетті сүт өнімдері Алматы облысының Кеген, Нарынқол аудандарындағы ірілендірілген шаруашылықтардан әкелінеді. Өзгесі – импорт, Ресейден келеді.
«Бірінші кезекте отандық өнімге басымдық береміз. Бірақ олар қажетімізді түгел өтей алмайды. Себебі сапалы ірімшік дайындау үшін сүт құрамы белокқа бай болу керек. Еліміздегі қара малдың 90 пайызы жекенің қорасында. Олардың ұсынған өнімдері санитария талаптарына сай келмейді», дейді Лев Ким.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, ірімшік өндіруге жұмсалатын сүттің 80 пайызы қалдық болып қалатын. Одан әрі өңдеуге қажетті жабдығы болмаған соң шикізат пайдаланылмайтын. Ал ірімшік астындағы сарысу – өте құнды шикізат, оның әр тамшысы алтынмен тең. Құрамында сарысу белоктары, альбумин және глобулин, сүт, қант, витамин, минералды тұз және басқа да компоненттер бар. Сондықтан зауытта осы шикізатты пайдалану туралы шешім қабылданып, қайта өңдеудің толық циклін жолға қойдық дейді Лев Ким.
Жаңа өндірісті іске қосу, өндіріс көлемін ұлғайту үшін «Даму» қорының және екінші деңгейлі банктердің бизнесті несиелеуге арналған бағдарламаларын қолданған. Несие қаражатына қатты және жұмсақ ірімшік, альбумин, сүзбе өнімдері мен сарысу сусындары өндірісіне арналған жабдықтар сатып алыныпты.
Шикізат тапшылығы – дамуға тұсау
Л.Кимнің айтуынша, әлемдік нарықтағы ірімшік сегменті бір-бірін толықтырып тұрады. Мысалы, голланд ірімшігіндегі жарты ғасырлық сақталу мерзімін біз бере алмаймыз. Әлемдік сыр өндірушілер бір-бірін толықтырып тұратын мүмкіндігімен құнды.
«Біздің ірімшіктердің дәмін өзге бірде-бір ел бере алмайды. Қазақтың оңтүстігі мен солтүстігінде өскен шөп құрамы бір-біріне ұқсамайды. «Камертон» өнімдері шамамен отандық және таяу шетел нарықтарына, көбіне Ресейге бірдей мөлшерде жеткізіледі. Қырғызстанға жеткізу жолға қойылған. Өзбекстан мен Тәжікстаннан да сұраныс келіп жатыр. Қытай нарығына шығу туралы келісімшарттар жүріп жатыр», дейді Лев Ким.
Оның сөзінше, сапалы өнім өндіру және оны сатып алушыға жеткізу үшін күш-жігер қажет. Сату да оңай емес. Ішкі нарық сапасымен болмаса да бағасының арзандығымен ерекшеленетін импорт өнімдерге толып тұр.
«Бізге балаларға арналған сүт өнімдерін дайындауға болатыны айтылып жатады. Бірақ біз бір бағытқа, ірімшік өнімдері бағытына маманданғымыз келеді. Голландияға барсақ, ірімшіктің кемі 500 түрін ұсынады. Біз әзірге 100 шақты түрін шығарамыз. Егер елдің барлық аймағынан сүт қабылдайтын, сақтайтын фермалар ашылса, әрбір жеке шаруашылық сүтті барлық талапқа сай дайындайтын мүмкіндікке ие болса, әр өңірден зауыт ашуға мүмкіндік бар. Өнім сапасын сауда желілерінің сұранысы анықтайды. Қазір компания өнімдері нарық сеніміне ие болды. Дүкен сөрелерінде отандық өнім толып тұр. Тіпті еуропалық брендтермен иық тіресіп қалды. Біздің өнім қымбат емес. Бағаға логистика шығынын, кедендік бажды қоспаймыз. Бірақ шикізат өте қымбат. Өнімдеріміз тұтынушыға қолжетімді болуы үшін, өзіндік құнды төмендету үшін үнемі жұмыс істейміз», дейді Л.Ким.
Біз 30 күн ғана сақтай аламыз
«Камертон» компаниясының алғашқы өнімі «Моцарелла» болды. Идея Италияға жұмыс сапары кезінде айтылған. Қазір айына 60 тоннадай «Моцарелла» шығарып отыр. Мамыр айындағы меже – 80 тонна. Компанияның бас технологі Ирина Зяблицкая бұл өнімдерді өзімізде дайындауға ойластырылған тәсіл, дұрыс маркетинг, команданың үйлесімді жұмысы және өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілік ықпал еткенін айтады.
Айтпақшы, Иринаны тек компания ғана емес, елдегі өзге әріптестері де «ірімшік ханшайымы» деп атайды екен. Саладағы тәжірибесі 1979 жылдан басталған. Ресейдің ірімшік дайындайтын зауыттарында мол тәжірибе жинапты. Сапалы ірімшік дайындауға жарамды сүтті дәмінен ғана емес, түсінен де ажырата алатын деңгейге жеткен.
«Ірімшік пен шарап өнімдерінің сапасы туралы талап бірдей. Мысалы, Италия мен Голландия жарты ғасыр бұрын дайындалған шарабымен ғана емес, 30 жыл бұрын дайындалған ірімшігімен де мақтанады. Шарап өнімдері сияқты ірімшіктің сақталу мерзімі артқан сайын оның сапасы да жақсара береді. Батыс елдерінде ірімшікті 30 жыл сақтауға мүмкіндік беретін технология бар, қоймалары да соған бейімделген. 30 жыл сақталған ірімшіктің құны қымбатқа бағаланады. Ал біздің көрсеткішіміз – 30 күн. Арнаулы қоймада 30 күн сақталған өнімдер бірден сауда нүктелеріне жіберіледі», дейді бас технолог.
Сыйымдылығы жүздеген тонна қазандықтарға құйылған, бірнеше тәулік қайнатылған 60 тонна сүт Болгария мен Норвегиядан алдырылған ашытқымен араластырылып, бірнеше күн суытуға жіберіледі. Содан кейін өнімнің дәні деп аталатын ірімшік сүзбесі арнайы технология көмегімен сығымдалып, үлкен тұзды бассейнде бірнеше күн бойы сақталады. Ірімшік сапасы тек сүт құрамындағы белоктарға ғана емес, оның ашытқысына да байланысты. Әлемде ірімшік ашытқысын дайындауда Болгарияның алдына түскен бірде-бір ел жоқ.
Ирина Зяблицкая айтып өткендей, компанияда нарықтағы жағдайды зерделеп отыратын жұмыс тобы бар. Бірер жылдан бері қаладағы дәмханалармен келісіп, пицца, бургерлерге арналған ірімшік дайындала бастады. Әуелгі кезде ондай ірімшік цехтың бір бұрышында әзірленсе, қазір бұл бағытқа арналған жеке цех жұмыс істейді. Күндік сұраныс – жарты тонна.
«Алматының қоғамдық тамақтандыру сегменті дамыған сайын біздің өнім түрлері де әртараптандырыла түседі», дейді компания өкілі.
АЛМАТЫ