Иранның Израильге шабуылы: қазіргі уақытта бізге не белгілі

Жаршы

Кеше Иран Израильге жауапты соққы жасады — Иранның мемлекеттік агенттігі жүздеген баллистикалық зымыран ұшырылғанын мәлімдеді. Зардап шеккендер бары әрі ғимараттардың қирағаны туралы хабарланды.

РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, Иран Израильдегі 150-ден астам нысанаға, соның ішінде Неватим авиабазасына шабуыл жасады, ондаған ирандық зымыран діттеген нысанасына жеткен. Бұл туралы КСИР қолбасшысы мәлімдеді.

Пентагонның журналистерген берген ақпаратына сәйкес, АҚШ Израильге Иранның зымыранмен жасаған шабуылына тойтарыс беруге көмектескен. Patriot пен THAAD зымыранға қарсы қорғаныс жүйелері қолданылғаны хабарланды.

Иранның зымыранмен жасаған шабуылынан Израильде 40-тан астам адам зардап шекті, деп хабарлайды жергілікті БАҚ.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Иран кеше түнде төрт рет зымыранмен соққы жасаған.

Басылымның жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлауынша, шабуыл салдарынан бір адам қаза тауып, 63-і жараланған.

Сондай-ақ Иран тарабы зымырандардың Тель-Авивтегі Израиль қорғаныс министрлігінің ғимаратына екі рет тигенін хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен түнде Израиль әскері Иранға соққы жасады.

Иранның ядролық бағдарламасының ең маңызды нысаны орналасқан Натанз қаласына жасалған шабуылдан кейін елде бірнеше жарылыс дыбысы естілді.

Бүған қатысты Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік басшысы түсінік беріп, Иранның ядролық нысанына соққы жасалғанын растады.

Ал Израильде төтенше жағдай жарияланды. Елдің қорғаныс министрі Кац жақын арада жауап ретінде Израиль мен оның бейбіт тұрғындарына соққы жасалуы мүмкін екенін ескертті.

Кейін ЦАХАЛ бригада генералы Эффи Дефрин Иран соңғы бірнеше сағат ішінде Израильге 100-ден астам ұшқышсыз ұшатын аппарат ұшырғанын айтты.

Қазақстанның Израильдегі елшілігі Таяу Шығыстағы жағдайдың ұшығуына байланысты сол елде жүрген отандастарымызға үндеу жасады.

Таяу Шығыстағы қақтығысқа қатысты еліміздің сыртқы істер министрлігі ресми мәлімдеме жасады.

"Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс өңіріндегі қауіпті әскери шиеленіске байланысты өз алаңдаушылығын білдіреді және қақтығысты БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына сәйкес тек саяси-дипломатиялық жолмен тез арада реттеуді құптайды. Қатысушы тараптарды барынша ұстамды болуға шақырамыз", - делінген Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.