Уақыт ілгерілеп, заман ауысқан сайын құдіретті поэзияның көші де сан түрлі тарауға түсті. Ал бүгінде «әркімнің таласы бар» өлең өлкесінде әр ақын өзінше жортып келеді. Бір тобы кешегі ұлылар із қалдырған қазақы қара өлеңнің жотасында тұр. Енді біреулері – «ақ өлең жазамыз » деген топтың өкілі. Демек қазіргі өлең өлкесінде ақ пен қара да қоса жүр. Бұл – өз алдына бөлек тақырып. Ал біздің айтпағымыз, қазақ поэзиясының қара өлең көшіндегі талантты ақынның бірі – Ербол Алшынбайдың поэзиясы хақында.
Сіз әуелі оның «Жылқы – менің жалғандағы серігім» деген топтамасын оқыңыз. «Теңіздің дәмі тамшыдан» екеніне көзіңіз жетеді. Алғашқы «Аттан түсу өлеңіндегі» өзгеше ойлау мен тың тіркестер, тармақтар алғаусыз көңіл күйіңізді бір сәт алға қарай жетелейді. Көз алдыңызға жал-құйрығы таралған, күн түбіне қарай шауып бара жатқан ыңғай қылқұйрықтар елестейді. Жай ғана елестеп қоймайды, автордың сөзімен айтсақ, «уақыт дауылы мүжіп көнерген молалардан» басын көтеріп қарап тұрады.
«Сары дала тыңдайтын тек бізді,
Шулайтын сырғалы орманым.
Бәріне тұлпардың тұяғы жеткізді,
Сонан соң мен оны қорғадым».
Біздің айтпағымызды ақын жалғыз ғана тармақпен жеткізе салды. Бұл шеберлік пе, шешендік пе, қалай ойласақ та жарасады. Әрине, әр ақын көзі көрген құбылысты әртүрлі сезінеді, алуан оймен жазады. Ал Ерболдың жылқылар туралы түсінігі басқа, көзқарасы бөлек. Жеті атасынан бері жеті қат аспан мен жердің арасында жылқылармен бірге өскен, бірге өмір сүрген халықтың ақыны жылқы туралы жалынды жырлар жазбай қайтсін?
АҚШ-тың Нью-Джерси қаласында тұратын Америка жазушысы Джудит Линбергке ақын Ербол Алшынбайдың «Жылқы – менің жалғандағы серігім» атты топтама өлеңдерін ағылшын тіліне жолма-жол аударып жібердім. Мұндағы себеп, Америка жазушысы бір сөзінде өзіне көшпелілер мәдениеті ұнайтынын, соны зерттеп жүргенін, соған қатысты өлеңдер болса оқуға асық екенін айтқан еді. Ақынның аталған топтамасында көшпелі қазақтың жылқының сыр-сипаты, халқымыздың оны қалай бағалайтыны жақсы берілген. Былайша атйқанда, бұл топтамада тұтас Тұран даласын дүбірлеткен тұлпарлардың ізі айқын білінеді. Сонау Нью-Джерсиде жазушы Джудит Линберг жырдан алған әсерін төмендегіше бөлісті:
«Маған осы бір ерекше топтама өлеңдерді жібергеніңізге рахмет. Әр бөлімінен дала тынысын, оның қуатын сезіне алдым. Далада өскен асау пырақтар мен оны жырлаған ақынның қарым-қатынасы маған жеке байланыс қана емес, сонымен қатар көшпелі өмір салты мен ұмыт болған дәстүрлердің метафорасы ретінде көрінді. Өлеңде Берелдегі жылқы қорымдарының бейнесі мен «Дауыл мен уақыт мүжіп тастаған ежелгі молалар, ұмыт болған зираттар топыраққа айналып барады» деген жолдар бұл дәстүрлердің өткен шақта терең көміліп қалғанын көрсетеді. Алайда өлеңнің соңғы бөлігінде ақын оны жеке естелік ретінде бейнелейді – жастайынан жылқылардың ортасында өскен жас бала (көз алдымда кіл сандал арғымақ...) өзінің бәсіресі қара тай болғанын еске алады. Тіпті ақын онымен ерекше байланыста болған десек те болады. Бірақ ақыры заман талабына сай білім алу үшін қалаға кетуге мәжбүр болып, сол сүйікті дәстүрін артта қалдырады. Бұл сәтті «Құлыннан өскен қара тай, жол жоғын артта білдің бе?» деп суреттейді. Бұл жеке естелік бала санасына терең сіңіп қалғандай, әрі бүкіл ел мен мәдениет үшін де ұмытылмас белгі іспеттес. Біз бәріміз заманауи әлемде өмір сүруге бейімделуге мәжбүр болсақ та, өткеннің рухы әлі де бізбен бірге ілесіп келеді.
Шындығында, бұл жырлардың өн бойында сол бір қара тайдың сонау алыс балалық шақта қалуы ғана емес. Менің ойымша, «Жылқының қу басы туралы жыр» деп аталатын бөлім өткен дәстүрлердің жоғалуы мен үзілуін бейнелеп тұр. Бұл өлең автор әкесінің асына сойылған жылқы туралы ғана емес. Өткенге деген сағыныш пен қайғы соңғы бөлімге дейін қуатты түрде жалғасады. Ақын жырында бейнелеген «Жылқының оралуы» маған барлық қасірет пен күйреуге қарамастан, көк аспан (сонымен бірге бұл дәстүрлі Тәңір ұғымына да сілтеме болар) қайта оралады дегенді білдіретіндей пайым мен түсінік пайда болды. Жылқылар – көшпелі өмірдің, терең тамырлы дәстүрлердің рухы – қайта оралып, өлеңнің соңғы жолында айтылғандай («Төңкерілер түннен бері тұлпарлар»), «жер астынан қазылып алынатын» қымбат қазынаға айналады.
Бұл – шынымен де ғажайып өлең топтамасы. Алыс Америкада, сонау Нью-Джерсиде осы жырлардың жолма-жол аудармасын оқып, өз әсерімді бөлістім. Мені тәнті еткен бұл өлеңдердің түпнұсқа тілінде одан да әсерлі екенін елестетіп отырмын».
«Санамды сең соққан балықтай қылады,
Ежелгі ырымшыл ғұрыптар сұлбасы.
Қара ағаш басында ілулі тұр әлі,
Әкемнің асына сойылған жылқының қу басы».
Адамның санасын отқа орап, жан дүниесін езіп жіберетін сөздің құдіреті осы шумақта тұр деп біліңіз. Иә, солай. Ақынның алай-дүлей ішкі дүниесі сонау балалық кездегі зар мен запыранды қара өлең жолдарымен осылай сыртқа шығарып, онсыз да ішқұса қоғамның алдына жайып салады. Несі бар, ақын солай жаратылған.
«Жылқының оралуы» атты соңғы жырда автор бәрін айтқысы келеді. Тұлпарының дүбірі маң даланы сайран қылған сонау дәуірдің келмеске кеткенін емірене еске алады. Алуан түрлі саясат пен сұрлы соғыстардың, ашкөздік пен алмағайып заманның қазақ үшін қиянат пен қияметке тең болғанын да осы жырда айтады.
«Замананың демі боран үскіріп,
Ерлеріме қанды көбік құстырып.
Терістіктің бет қаратпас бораны,
Көп жылқымды кеткен сонда ықтырып».
Осы жолдарда тарих жатыр. Ақынның жылқымды ықтырды дегені – рухымның жоғалғаны деуі екені шындық. Тұтас даланың төсінен ұлт пен ұлыстың қамын ойлаған ерлердің күресі де осы жырдың өн-бойында жатыр.
«Тау көлбесе төбе көрмей қарғыған,
Алдырмаған көп бөріге аңдыған.
Шық жүгіріп, сылдырлатып жүгенді,
Түннен келген тұлпарлардың алдынан».
Топтама осылай аяқталады. Ақынның аңсар үміті жылқыларды өз даласына оралтқысы келеді, ал сол қылқұйрықтармен бірге Тұран даласының рухы мен мінезі, қадірі мен қасиеті де бірге оралары сөзсіз.
Қош. Құба жондарда жотасын күн сүйіп, шашасына шаң қонбаған асау да мінезді арғымақтарға жыр арнау үшін де ақынның шабытында Шалқұйрықтың шабысы, Қубас аттың төзімі болуы керек шығар. Біз бұл жазбамызда ақын Ербол Алшынбайдың күн түбіне жортқан жырларын оқып, түйсінгенімізді қағаз бетіне жаздық. Ал ендігі басты сарапшы – ақ адал оқырман.