Атырау облысындағы ортағасырлық Сарайшық қаласының орнынан табылған жәдігерлерде көне түркі әлемінің Селжұқ дәуіріндегі мәдениет пен сәулет өнерінің ізі бар. Ол Ұлы Жібек жолы бойындағы сыртқы экономикалық байланыстың жаңа қырын ашқалы отыр. Сарайшықта өткен ғылыми басқосуда түрік ғалымы Мухаррем Чекен осылай деп мәлімдеді. 2022-24 жылдары Сарайшық маңайындағы «Ащысай», «Қарағайлы қазбаларынан қыпшақ даласында жасалған керамикалық бұйымдар мен Қытай фарфорының табылуы Алтын орда дәуірінде Сарайшықтың ірі экономикалық орталық болғанын дәлелдейді», – дейді ғалымдар.
1243 жылғы монғол шапқыншылығының алдында Анадолы елінде Кубабад деген ірі сауда орталығы болғанын, Қытай мен Парсы елдерінен және Қыпшақ даласынан керуен тартылғанын түрік ғалымдары 1950 жылдардың аяғында дәлелдеген болатын. Бүгінде белгілі түрік ғалымы Мухаррем Чекен Ұлы Жібек жолы бойындағы өркениет пен өзара сауда байланысы туралы қызықты деректер келтірді. Түрік ғалымдары бұған дейін түркі әлеміндегі Селжұқ мәдениетін дербес қарастырып келген. «Енді қазіргі Сарайшықтан табылған жәдіргерлерге қарап, қазақ даласындағы ортағасырлық сәулет өнері мен өркениеттің куәсі болдық», – дейді шетелдік ғалым.
Мухаррем Чекен, Анкара универсиетінің ғалымы:
- Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың өзара байланысы мен сәулет өнеріндегі ұқсастық көп. Біздегі Селжұқ сарайлары орта ғасырдың өзінде ауыз су мен кәріз жүйесіне қыш құбырлар қолданғаны дәлелденді. Енді осындай құбыр сынықтары Сарайшықтан да табылып отыр.
Ресейлік археолог Вячеслав Плахов ортағасырлық Сарайшықтың Ұлы Жібек жолындағы рөлі өте жоғары болғанын айтады. «Оған соңғы 2 жылғы қазбалардың нәтижелері дәлел», – дейді археолог.
Вячеслав Плахов, археолог, сарайшықтанушы:
- Сарайшық географиялық жағынан өте қолайлы орналасқан. Мысалы, былтыр «Қарағайлыдан» табылған артифактілердің ішінде қытай форфоры, басқа да әйнек бұйымдар, түрлі аң-құстардың бейнесі басылған керамикалық дүниелер шықты. Ол Алтын Орда дәуірінде Сарайшықтың аса ірі сауда орталығы болғанын айқындайды.
Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының археологтары соңғы жылдары 4 жерде қазба жұмыстарын жүргізген. Бүгін шетелдік ғалымдар сол табылған жәдігерлер туралы ойларын ортаға салды.
Әбілсейіт Мұхтар, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының директоры:
- Атырау жеріндегі «алтынордалық» ескерткіштерден табылған керамикалар Хорезммен байланысын, Қытаймен байланысын, Иранмен байланысын Анадолымен байланысын, Визаниямен байланысын, тіпті Еділ бойындағы Сарай қалаларымен де байланысын дәлелдейді. Бір сөзбен айтқанда, Сарайшықтың сол орта ғасырда-ақ Еуропа мен Азияны байланыстырған алтын көпір болғандығын дәлелдейді.
Осы тұжырымдама негізінде ғалымдар шетелдік баспасөз беттеріне материалдар шығаруға ниетті. Сондай-ақ биыл Сарайшыққа Анкара университенің археолог-ғалымдары мен студенттері келеді деп күтіліп отыр. Бұл халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтып, ортағасырлық тарихи мұраларды зерттеуге бағытталған маңызды қадам болмақ.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин