«Халі нашар»: Ақтөбе облысындағы саябақта 10 жасар бала тоққа түсіп қалды

Жаңалықтар

Ақтөбе облысындағы қалалық саябақтардың бірінде 10 жасар баланы тоқ соқты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оқиға Шалқар қаласында орын алды. Кеңес Одағының Батыры Ідіріс Үргенішбаев ескерткішінің жанындағы алаңда бала жарықшамға шыққан. Сол сәтте оны тоқ соққан. Куәгерлер зардап шеккен балаға алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырды.

Алдымен мектеп оқушысы Шалқар қаласындағы аудандық ауруханаға жеткізілді.

Ол түні бойы реанимацияда жатып, бүгін санитариялық авиация арқылы облыс орталығына жеткізілді.

Жарақат алған баланың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.

Айта кету керек, ескерткіштің өзі мен оның маңындағы аумақ жақында абаттандырылған болатын.

Ресми мәлімет бойынша, бұл жұмыстарға биылдың басында 11,2 млн теңге бөлінген.

Абаттандыруға көгалдандыру, шатыр мен тіреу орнату, тротуар төсеу, ескерткішті жөндеу және жарықтандыруды орнату жұмыстары кірген.