Ел іші – өнер кеніші. Оралдық қолөнер шеберлері тері мен былғарыдан жасалған сәндік бұйымдар мен паннолар арқылы ұлттық өнерді дәріптеп келеді.
Олардың шығармашылығы өнер сыншылары тарапынан әрдайым жоғары бағаланады. Жуырда ұлттық өнер галереясының туындылары Мәскеуде өткен халықаралық фестивальде бірінші орын иеленіп, қазақ қолөнерінің мәртебесін тағы бір мәрте асқақтатты.
Оралдағы ұлттық өнер галереясының негізі осыдан 25 жыл бұрын қаланған. Сол кезде суретші-дизайнерлер Марина Ермекқалиева, Раиса Алексеева және Наталья Брикс арт-студия құрып, ұлттық дәстүрді, мәдени ерекшеліктерді және қазақтың өзіндік ою-өрнектерін өнер кеңістігінде танытуды мақсат етті. Бүгінде олардың шығармашылық ұжымы осы мақсатқа жеткендей. Әр паннодан қазақтың болмысы айқын көрінеді.
Марина Ермекқалиева, суретші-дизайнер:
- Мәселен мынау Қазақстан аумағынан өткен керуен жолы. Киіз үй – қонақжайлығымыздың белгісі. Бұл біздің дәстүріміз. Тарих уақыт өзені десек, толқындар жағаға фрагменттерді шығарып жатыр. Біз әлі ізденістеміз. Өнердің жаңа түріне негіз қаладық. Өйткені біз тері-былғарымен де, киізбен де, акварельмен де жұмыс жасап, өз еңбектерімізде осы технологияларды бір арнаға тоғыстырдық.
Шығармашыл топтың құрамында 10 адам бар. Әр туындының эскизін ұжым мүшелері бірлесе сызады. Идея өнер туындысына айналғанша бірнеше ай өтеді. Жуырда оралдық шеберлер Мәскеуде өткен халықаралық фестивальде коллаж жанрында бірінші орынды иемденіпті.
Ләззат Дүйсенғалиева, қолөнер шебері:
- Бізде былғарымен қиындық болады. Қазақстанда көп былғары жасамайды. Басқа елден аламыз. Түстері сәйкес келуі керек. Сосын былғарының өзі жақсы болуы қажет. Жұп-жұқа етіп рельеф жасаймыз. Былғарымен үстін қаптаймыз. Менің «Моя музыка» дейтін жұмысым Мәскеуде өткен фестивальде бірінші орында болды.
Сандуғаш Аюпова, Арт-студия директоры:
- Бәрі авторлық жұмыс. Яғни бірінші біз идеяны ұсынамыз. Сосын оны қағазға басып шығарамыз. Кейін технологтар қалай жасау керектігін ойластырады. Әрі қарай осылай әдемі жұмыс шығарамыз. 25 жылдан бері 4-5 мың туынды жасадық.
Бүгінде бұл паннолар әлемнің 50 еліндегі жеке коллекцияларда сақтаулы. 2012 жылы АҚШ Президенті Барак Обамаға сыйланған тұмар да оралдық шеберлердің қолынан шыққанын атап өткен жөн. Шығармашылық ұжым өндірісті кеңейту мақсатында мемлекеттік грантқа өтінім берген.