Елімізде алғашқы АЭС-ті салуға ресейлік «Росатом» таңдалыпты

Жобалар

Елімізде алғашқы АЭС-ті салуға ресейлік «Росатом» таңдалыпты. Ведомствоаралық комиссия осы компанияның ұсынысын ең оңтайлы деп таныған.

Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметінің хабарламасында әлеуетті вендорлардың қысқа тізіміне Ресей, Қытай, Франция және Оңтүстік Корея компаниялары енгенін тағы бір қайталапты. 4 мемлекеттің компаниялары АЭС салу бойынша техникалық және коммерциялық ұсыныстардан тұратын материалдардың кешенді пакетін ұсынған. Құрылыстың құны, жобаны жүзеге асыру мерзімі, қалай қаржы тартатыны, жабдықтар, құрылыстың өзі деген сияқты.

«Осы талдаудың нәтижелері атом саласын дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынылды және Қазақстанда АЭС салу бойынша ең оңтайлы әрі тиімді ұсыныстар ресейлік «Росатом» компаниясынан түскені анықталды. Екінші орынды қытай компаниясы, үшінші орынды француз және кореялық компаниялар иеленді» деп хабарлап отыр.

Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметі «Росатом» ұсынған ұсыныстар негізінде «Ресей тарапынан мемлекеттік экспорттық қаржыландыру тарту пысықталып жатқанын» да айтады. Сондай-ақ елімізде алғашқы атом электр станциясын салу жөніндегі халықаралық консорциумды жасақтау бойынша шетелдік әріптестермен жұмыс жалғасады дейді.

АЭС салу туралы жалпыхалықтық референдум былтыр 6 қазанда өтті.

Орталық референдум комиссиясының мәліметінше дауыс берген азаматтардың 71 пайызы қолдапты. Ал Президент Қ.Тоқаев АЭС-ті салу үшін халықаралық консорциум жасақталуы керек деп мәлімдеген еді.