Мексикада пойыз апатқа ұшырап, 13 адам қаза тапты

Жаңалықтар


Сондай-ақ, тағы 100-ге жуық адам жарақат алды.


Оқиға Мексиканың Оахака штатындағы Нисанда елді мекені маңында болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл туралы ел президенті Клаудия Шейнбаум өзінің Х-тегі парақшасында мәлімдеді.

"Әскери-теңіз күштері министрлігі маған мемлекетаралық пойыздың апаты салдарынан, өкінішке қарай, 13 адамның қаза тапқанын хабарлады. 98 адам жарақат алды, олардың бесеуінің жағдайы ауыр", – деп жазды Шейнбаум X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Оның айтуынша, зардап шеккендер Матиас-Ромеро мен Салина-Крус қалаларындағы Әлеуметтік сақтандыру институтының медициналық мекемелеріне, сондай-ақ Хучитан және Икстепек қалаларының ауруханаларына жеткізілген. Сонымен қатар Шейнбаум Әскери-теңіз күштері министрі Раймундо Педро Моралес Анхелестің оқиға орнына жіберілгенін атап өтті.

Пойызда тоғыз экипаж мүшесі және 241 жолаушы болған. Құрам екі локомотивтен және төрт жолаушылар вагонынан тұрған.