Оймаздақ: сапалы мультфильмге жүйелілік керек

Жаңалықтар

Мультфильм – балаларды қызықтырып уақытын өткізетін және танымдық тұрғыда жетілдіретін тәрбиелік құрал ғана емес, нарыққа шығатын көркем тауар. Елімізде авторлық және фольклорлық туындылардың желісі бойынша жасалған анимациялық фильмдер бүгінде едәуір баршылық. Дегенмен қазіргі балалар отандық мультфильмдерге қызыға ма? Жалпы, жарыққа шығып жатқан мультфильмдердің сапасы сын көтере ме? Қандай түйткілді мәселе бар? Көкейге түскен осы бір сауалдардың төңірегінде сала мамандарымен ой қозғаған едік.

– Әлемдік киноөндірісте анима­циялық фильмдерге жүздеген мил­­лион доллар жұмсалады. Бұл шығын қысқа мерзімде әлденеше есе артығымен таза табыс болып құйы­лады. Біздегі жағдай қалай?

ро

Жәнібек ОРАЗАЛЫ,

Қазақстан анимациялық киностудиялар қауымдастығының басшысы:

– Шынымен де, әлемдік киноөндіріс анимациялық жобаларға жүздеген миллион доллар жұмсайды. Бір ғана толықметражды мультфильмді жасауға үш-төрт жыл уақыт кетеді. Мұндай сапалы туындылар өз шығынын еселеп қайтарып, миллиардтаған табыс әкеледі. Ал елімізде бұл сала енді дамып келе жатыр. Бізде бір толықметражды мульт­фильмге бар болғаны біржарым-екі жыл уақыт пен шектеулі ғана қаржы бөлінеді. Осыған қарамастан, отандық мамандар бар күш-жігерін салып, сапалы дүние жасауға тырысып жүр. Бірақ тұрақты әрі жүйелі қолдау болмаса, бұл сала өз мүм­кіндігін толықтай көрсете алмауы мүмкін.

п

Тілек ТӨЛЕУҒАЗЫ,

режиссёр-аниматор:

– Басқа мемлекеттерде өнерге, әсіресе шығармашылыққа деген көзқарас мүлде бөлек. Олар өнер адамдарының еңбегін бағалап, шығармашылық өнімнің мәнін, маңызын жақсы түсінеді. Мысалы, «Disney» мен «Pixar» студиялары өз өнімдеріне аса жауапкершілікпен қарап, ұзақ уақыт бойы сапалы дүние жасауға тырысады. Бір фильмнің өзіне 500-ден 1000 адамға дейін жұмыс істейді. Мәселен, «Батыл жүрек» атты фильмге 185 миллион доллар қаржы жұмсалған. Ал бізде фильм түсіру уақыты тым қысқа. Көбіне бюджет тез игерілуі керек болған соң, шығармашылыққа уақыт аз бөлінеді. Балалар мен жас­өспірімдерге арналған контентке деген салғырттық пен түсініспеушілік отан­дық анимацияның дамуын тежеп отыр. Ал шетелдік компаниялар өз саласында білікті мамандармен бірлесіп, ұзақ зерттеп, талдап барып, сапалы туынды жасайды. Соның арқасында жұмсалған қаражат бірнеше есе пайда болып қайтады. Негізі, бізде де талантты жас­тар көп. Мұндай жетістікке жету үшін елімізде де тиісті жүйені өзгертіп, нақты қолдау тетігін енгізу қажет.

пр

Тұрдыбек МАЙДАН,

режиссёр-аниматор:

– Әрине, «Walt Disney», «DreamWorks Animation», Жапонияда анимация жақсы дамыған. «Walt Disney»-дің жылдық айналымы – 60 млрд дол­лар. Біріншіден, «Walt Disney» әлемдік деңгейде болғаннан кейін, әлемдегі барлық мықты мамандарды өздеріне жұмысқа алады. Екіншіден, шетел­дік анимацияда фильм­ге байланыс­ты, фильмнің сюжетіне байланыс­ты бағдарламалар ойластырылады. Одан кейін фильмге жарнама жасау жұмысы жүргізіледі. Жарнама жасау көп қаржыны талап етеді. Ал біздің елде бұл сала шетелден салыстырмалы түрде қарағанда қалыс қалып жатыр. Анимацияға қолдау жоқ емес, қолдау бар, бірақ жүйелі емес. Оны белгілі бір деңгейде жүйелеу керек.

– Қазір балалар қазақша мульт­фильм көре ме?

Жәнібек ОРАЗАЛЫ:

– Иә, көрермен бар. Қазақтілді ани­мацияға деген сұраныс күн санап артып келеді. Мұны YouTube платформасындағы көрсеткіштер айқын дәлелдейді. Мәселен, «Бесік жыры» мультфильмі 80 миллионнан астам қаралым жинаса, «Мұзбалақ» туындысы 10 миллионнан асып түскен. Балалар бұл мультфильмдерге пікір қал­дырып, өз әсерлерімен белсенді түрде бөлісіп жатыр. Демек қазақ тілін­дегі контент – аса сұранысқа ие. Бұл сұраныс ескерілмесе, оның орнын сыртқы, өзге тілдегі өнімдер басады. Ал «Балапан» телеарнасының бүгінгі күнге дейін үздіксіз жұмыс істеуі – қазақша кон­тенттің өміршеңдігінің нақты дәлелі. Егер көрермен болмағанда, бұл арна баяғыда жабылып қалатын еді. Енді осы сұранысты ескеріп, жүйелі қолдау мен сапалы өнім арқылы отандық ани­мация­ны дамыту – уақыт талабы.

Тілек ТӨЛЕУҒАЗЫ:

– Иә, қазіргі таңда балалар қазақ тілінде мультфильмдер көреді. Бірақ қазақ тіліндегі анимациялық контенттің саны өте аз. Мәселен, бір Мәжіліс депутаты баласының «Балапан» телеарнасынан қазақша мультфильмдер көріп, тілі қазақша шыққанын айтып еді. Жақында тұсауы кесілген «Алтын адам» мультфильмін тамашалауға келген балдырғандар үлкен қызығушы­лық танытты. Кейіпкерлермен бірге күйзеліп, шын ниетпен соңына дейін қарап шықты. Дегенмен балалар көп уақыт өткізетін әлеуметтік желі­лерде қазақша контент жетіспейді. Әйтпесе, балалардың ана тіліне деген қызығушылығы бар. Мұндағы басты рөл ата-аналарға тиесілі. Егер олар балаларына қазақша мультфильм көріп, ана тілінде сөйлеуге мүмкіндік жасап отырса, бұл балалардың тілдік ортада өсіп-жетілуіне үлкен сеп болады.

л

– Мультфильмдерді тәр­биелік-танымдық әрі на­рыққа бейімдеп шығару үшін не істеу қажет?

Жәнібек ОРАЗАЛЫ:

– Тәрбиелік мәні бар, та­нымдық мазмұнды мульт­фильмдер жасау – бүгінгі күннің басты талабы. Алайда оны нарыққа бейімдемей жасау мүмкін емес. Ол үшін бірнеше не­гізгі шарт орындалуға тиіс. Бірін­шіден, кәсіби ма­ман­дар қажет. Ани­ма­ция – күрделі шы­ғар­­­машылық пен техно­ло­гия­ның қосындысы. Қоз­ғал­ған­ның бәрі мульт­­фильм бола бер­мейді. Екін­шіден, мем­лекеттік қолдау жүйелі түрде жүр­гізілуі керек. Қар­жы­ландыру бір жол­­ғы емес, ұзақмерзімді бағ­дарлама негізінде жүзеге асуы шарт. Үшіншіден, қазіргі балалар неге қызығады, қандай кейіпкерлерге елік­тейді – осы сұранысты нақ­ты зерттеу қажет. Со­нымен қа­тар заманауи тех­нологияны меңгеру – басты талап. 3D сияқты анимациялық әдістерді игеру үшін инфра­құрылым ғана емес, ма­мандықты үйрететін ұстаздар мен курс­тар қа­жет. Егер осы тетіктер іске қо­сыл­са, қазақ мультфильмдері тәрбие мен табыс­ты қатар алып жүре алады.

Тұрдыбек МАЙДАН:

– Кез келген көркем фильм болсын, мультфильм болсын, ең бастысы, туын­дының өзегі мен идеясы. Сол арқылы бала­ға не айтқың келеді, көрерменге не айт­қың келеді деген дүние өте маңызды. Бізде көтеретін идея өте көп. Мысалы, танымдық деңгейде тәрбиелік идеологияны насихаттайтын әрі нарықтық деңгейде бейімдеу үшін, біріншіден, тәжірибелі маман болуы қажет. Тәжірибелі сценарист, тәжірибелі команда жұмыс жасау керек. Көлемді техника мен ауқымды есеп­­­терге байланысты режиссёрдің идея­сын­да үлкен сахналарды шығару үшін сырт­тан мамандар тарта алатын дең­гейде мүмкіндік болса, әрине, нарыққа бейім­­деліп, үлкен шығар­машылықта да сапа болады. Қазақ балаларының оған са­насы да, мүмкін­дігі де жетеді. Осы орайда Токио фести­ва­лінен жүлде алған «Ша­ңы­рақ­тың иесі кім?» деген мульт­фильмді айтамыз. Демек бұл қазақ режис­серлерінің қолы­нан сапалы мульт­фильм жасау келеді деген сөз. Енді тек жүйе­лі жұмыс болса, біз де әлем­дік на­рыққа шығатын туындылар жасай аламыз.

Тілек ТӨЛЕУҒАЗЫ:

– Ең алдымен, мультфильм жасайтын адам балалардың қызығушылығын, көзқарасын және талғамын ескеруі қажет. Сонымен қатар әлемдік ірі студиялардың шығармашылық тәжі­рибесін зерттеп, одан тың идеялар алу керек. Мультфильм жасау – үлкен еңбек пен білімді қажет ететін сала. Бұл жұмысты өз ісінің шебері, білікті маман атқара алады. Егер мемлекет тарапынан қолдау болып, маман да кәсіби тұрғыда мықты болса, онда сапалы әрі нарықта сұранысқа ие өнім шығару әбден мүмкін. Демек табысты мульт­фильм жасау үшін екі негізгі нәрсе керек: білімді маман және тұрақты қолдау.

– Анимациялық фильмнің сапасы сын көтеруі үшін қандай талаптарға жауап беру керек?

Жәнібек ОРАЗАЛЫ:

– Анимациялық фильмнің сапалы шығуы үшін бірнеше маңызды талап орындалуы керек. Біріншіден, бұл – уақыт пен қаржының жеткілікті бөлінуі. Ең алдымен, уақыт керек. Бір қысқаметражды мульт­фильмге кемінде 9-12 ай, ал толықметражды мульт­фильмге 2-3 жыл уақыт қажет. Асы­ғыс жасалған жұмыс – сапасыз өнімнің бастауы. Мемлекеттік қолдау бір жыл беріліп, келесі жылы тоқтап қалмауы керек. Мысалы, «Ал­тын адам» мульт­фильмі бес жылдан аса уақыт жасалды, бірақ соның тек бір жылы ғана тиімді жұ­мысқа жұмсалды. Бұл жүйесіздік пен тұрақсыз қаржы­ландырудың салдары. Келесі талап – қаржы. Қаржы тұрақты әрі жеткілікті болғаны жөн. Мысалы, әлемге танымал «Маша мен аю» мультфильмінің 15 минуттық бір серия­сын жасауға жұмса­латын қаржы көлемі – «Бала­пан» арнасының бір­жыл­дық бюд­жетінен асып түседі. Осы деректің өзі біз­дің жағдайдың қан­дай екенін көрсе­теді. Сондай-ақ кәсіби шы­ғармашылық топ, сапалы сценарий, көркемдік редакция және заманауи техникалық база қажет. Егер бұл талаптар сақталса, сапалы өнім шығаруға толық мүмкіндік бар.

Тілек ТӨЛЕУҒАЗЫ:

– Анимациялық фильм­нің сапалы болуы үшін, ең алдымен, техникалық талап толық орындалуы керек. Жұмыс жүйелі түрде жүргізі­ліп, мемлекет тарапынан тұрақты қолдау көрсетілуі маңызды. Арнайы бағдарламаларда сурет салудың өз өлшемі, тәртібі бар. Мысалы, биыл «Балапан» телеарнасына қаржы бөлін­бегендіктен, бірқатар студия мен компания уақытша жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Мұндай жағдай болмауы үшін салада тұрақтылық пен жос­парлы қаржыландыру жүйесі орнауы керек. Сонда ғана анимация өндірісі тоқтаусыз жүреді, сапалы туындылар пайда болады.

Иә, сапа – техниканың мүмкіндік­терінен туатын дүние. Сапа болу үшін компьютерлік база керек. Осыған орай режис­сердің ойы да шектеле береді. Қар­жының жетпеуі, уақыттың жетпеуі, осы ай­тылған техникалық мүмкіндікке байла­нысты. Оның барлығы білім сапасына әсер етеді. Режиссёрдің біліктілігі фильм­нің сапасына ғана емес, сценарий жазудан бас­тап, фильмді аяқтап, монтаж жұмыстары мен музыкасына байланысты болады.

– Қазіргі заманауи қоғамның ­балаларын қызықтыратын кейіпкер қандай болуы керек?

Жәнібек ОРАЗАЛЫ:

– Заманауи баланы қызықтыратын кейіпкер – біріншіден, эмоционалды тұрғыда жақын болуы керек. «Disney»-дің Эльзасы, «Pixar»-дың кейіпкерлері балалардың қиялына, арманына сай жа­салған. Олар тек ерлікпен емес, сұлу­лықпен, нәзіктікпен, өзіндік даралығымен баурап алады. Сондықтан да қазіргі балаларға бір ғана қаһарман образы емес, түрлі мінез, түрлі бейне қажет. Бұған байланысты ізденіс көп.

Тілек ТӨЛЕУҒАЗЫ:

– Мультфильмдегі кейіпкерлер қата­рында қыз бала да, ер бала да болуы шарт. Мәселен, «Disney» студиясының соңғы туындыларында қыз балалардың рөлі басымырақ. Бірақ бізде, әсіресе ұлт­­тық танымымызда, ұл мен қыздың өзін­­дік ерекшелігі бар. Сол қасиеттерді экранда үйлесімді, сәтті бере білсек, әрбір бала өзін сол кейіпкер арқылы таба алады. Шетелдік кейіпкерлерге елік­­­теп жүрген балаларға балама ретін­де өз ертегілеріміздегі батырларды, аңыз кейіп­­­керлерімізді заманауи форматта ұсы­нып көрсетуге болады. Бұл арқылы ұлт­­тық құндылықтарды дәріптеп, адам­гер­­шілік, ізгілік сынды қасиеттерді бала сана­сына сіңіруге жол ашылады. Кейіп­кер заманауи, тартымды бола тұра, ұлт­тық руханият пен тәрбиеге негіз­де­луге тиіс. Сонда ғана балалар оған елік­теп өседі.

– Бүгінгі қазақ анимациясында бәсеке бар ма?

Тұрдыбек МАЙДАН:

– Әрине, бар. Бәсекесіз бұл сала дамымайды. Кейінгі жылдары бірқатар студия құрылды. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында анимациялық командалар көп. Олардың белгіленген жылдық жос­пары бар. Сол арқылы жұмыс істеп, дамып жатыр. Бірақ бәсеке қай деңгейде екенін айту қиын. Бәрі әлемдік деңгейдегі фестивальдарға қатысып, бақ сынап жүр. Алыс-жақын шетелдердің көзқарасында да қазақ анимациясы жақсы көтеріліп келеді.

Жәнібек ОРАЗАЛЫ:

– Иә, қазіргі қазақ анимациясында бәсеке бар. Елімізде 40-тан астам анима­циялық студия жұмыс істейді. Негізгі қаржыландыру көздері – «Балапан» телеарнасы мен Ұлттық киноны қолдау орталығы. Бұл мекемелерге жүздеген өтінім түсіп, жобалар іріктеуден өтеді. Мұндай бәсекелестік сапаның артуына, мазмұны мен стилі әртүрлі анимациялық жобалардың көбеюіне мүмкіндік береді.

Тілек ТӨЛЕУҒАЗЫ:

– Шығармашылық тұрғыдан бәсеке бар. Қазіргі таңда елімізде жұмыс істеп жатқан анимациялық студиялардың көпшілігінде жастар еңбек етеді. Олар жаңа технологияларды, заманауи бағ­дарламаларды жетік меңгерген. Бір-бірінің жұмысын көріп, тәжірибе алмасып, шығармашылық тұрғыда жарысып жүр. Соңғы кездері мемлекет қаржысына тәуелсіз, жеке қаржыландырумен жұмыс істейтін студиялар көбейіп келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Алайда мемлекет тарапынан толық­қанды жүйелі қолдау болмаса, мұндай шығармашылықтың тұрақтылығы төмендеуі мүмкін. Сон­дықтан жас студия­ларға мүмкіндік беріп, қолдау көрсету маңызды.

– Елімізде енді дамып келе жатқан қазақ анимациясында білікті мамандар қаншалықты жеткілікті? Кадр даяр­лау мәселесі қалай шешіліп ­жатыр?

Жәнібек ОРАЗАЛЫ:

– Анимация саласындағы кадр тап­шылығы – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Қазір бұл бағытта Қазақ ұлттық өнер университеті, Т.Жүр­генов атындағы өнер академиясы және Ә.Қастеев атындағы Шымкент қалалық өнер және дизайн колледжі мамандар даярлап келеді. Дегенмен мемлекет бөлетін грант саны аз, ал 3D анимация­ны оқытатын кәсіби мамандар тапшы. Анимация – тек суретші емес, аниматор, сценарист, режиссёр, дыбыс маманы, 3D модельдеуші сияқты көптеген мамандықты біріктіретін күрделі сала. Сондықтан бұл бағытта қысқамерзімді курстар ашу, шетелдік тәжірибелі мамандарды тарту немесе отандық кадр­ларды шетелге оқуға жіберу аса қажет.

Тілек ТӨЛЕУҒАЗЫ:

– Анимация саласында білікті ма­мандар­дың жетіспеушілігі – үлкен мәселе. Егер жылына үш-төрт толық­метраж­ды фильм түсірілсе, кадр тап­шылығы қатты байқалады. Білім жүйесінде әлсіз тұстар көп. Бұрын сабақ берген білікті ұстаздар зейнетке кетіп, орнына келген жастардың ішінде кәсіби мамандар аз. Сондықтан анимация саласында тәжірибесі мол, техниканы меңгерген мамандарды оқу орындарына тарту қажет. Сонымен қатар студенттерді нақты жобаларға қатыстыру, өндірістік тәжірибеден жиі өткізу маңызды. Оқу бағдарламаларын жаңартып, заманауи технологияларды меңгерген білікті ұстаздарды шақыру керек. Оқуға қа­был­данатын студенттерді іріктеуде де талап күшейтіліп, бола­ша­ғынан үміт күт­тіретін талантты жастарды қабылдау қажет.

– Толымды ойларыңызға рахмет.

Дайындаған –

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»